Медитация...

Медитация...
жеке
блог

Сәлем, массагет! Өткен жолы ішкі дисциплина жөнінде блог жазған едім. Шыны керек, соңғы кездері сол ішкі дисциплинамда құлдыраулар байқалады. Ештеңеге зауқым болмай жүр. Және осындай қиын сәттерде маған көмек берген бір құрал - медитация. Қазір медитацияны қайта күнделікті етуді жоспарлаудамын. Тақырыптан ауытқымай, уәделенген медитация жайлы блог жөнінде сөз қозғасақ.

Медитация
Медитация біздің қоғамда мистикалық, үрейлі және ғылымға сай емес деген пікір қалыптасқан. Алайда көптеген ғылыми тәжірибелер біздің ойымызды керіге балайды. Медитацияның бірқатар пайдаларын атап өтсем. Мидағы бета-толқындарды тежейді, ми тынығып, қайта қалпына келеді. Ақпаратты қабылдау, оны есте сақтау қабілеті артады. Медитацияның сегіз апталық курсынан өткен адамдардың стрессті, неше түрлі алкогольдік ішімдіктер мен есірткіге тәуелділікті жеңуі оңайға соққан. Сонымен қатар, медитация 48%-ға жүрек талмасына ұшыраудың алдын алады. Және сегіз апта курстан өтсеңіз, мұның әсері жарты жылға жуық уақыт өз әсерін сақтап қалады.

Міне керемет! Медитацияның шынайы келбеті осы. Ол ешқандайда мистикалық немесе діни рәсім емес. Бұл жәй ғана намаз секілді. Жан тыныштығын орнататын дүние. Оның қиын түгі де жоқ.
Медитацияны күніне екі мезгіл - таңда және кешке 15-20 минуттан жасаған дұрыс. Таңертеңгі медитация сізді жаңа күнге деген шабытыңызды оятып, серпін берсе, кешкі медитация күні бойы бойыңызға жиналған қажетсіз энергиядан арылуға көмектеседі. Ал оны қалай орындайды. Өзімнің жеке тәсілімді ұсынғым келіп отыр.

Медитация
Алдымен, сіз өзіңізге ыңғайлы орын таңдағаныңыз дұрыс. Әрине, үйден артық қолайлы орын жоқ болар. Бірақ, таза ауада жасалған медитацияның жемісі орасан болады. 

Осыдан кейін, өзіңіздің позаңызға, яғни отыруыңызға мән беріңіз. Ең бастысы арқа тік болу керек. Себебі, артқа алға немесе артқа қарай шегінсе, өкпеге дем жіберу және дем алу қиынға соғады. Көзіңізді жұмып, денеңізді бос ұстауға тырысуыңыз керек. Бұл ең маңызды факторлардың бірі.

Назарыңызды тек қана демді алып, шығарғаныңызға салыңыз. Медитация кезінде адам артық ойдан арыла білу керек. Егер қандай да бір ой сіздің басыңыздан кетпей қойса, өз назарыңызды демге салыңыз. Мұндай кезде бар ойыңыз демде болғандықтан басқа ойлар өздігінен кетіп қалады. Ал, егер бұл да болмай жатса өзіңізге ренжудің қажеті жоқ. Себебі, бәрі де өз уақытымен орын алады.

Дем алған кезде, алдымен демді өкпемен емес ішіңізбен алыңыз. Алғашында қиынға соғуы мүмкін, бірақ кейін бұл да ешқандай қиындық тудырмайды. Дәл осылай екі секунд дем алып, кейін жинаған деміңіз барынша ұстап тұрыңыз. Кейін шыдай алмай жатсаңыз оны шығарып жіберіңіз. Және осылай қайталай беріңіз. Бары осы ғана.

Медитация
Және тағы да айтарым - нәтиже бірден пайда болмайды. Медитация ұзақ мерзімді талап ететін процесс. Бір апта медитацияның өзі ағзаны қалыпқа келтіруге аздық етеді. Сондықтан да, нәтиже болғанын қаласаңыз оны үзбей жасап тұру қажет. Оқығаныңызға рақмет!