Маймыл тас
блог
Маймыл тас
Шығыс Түркістан, Алтай аймағы, Көктоғай қаласына
қарасты Құжырты ауылында, мен дүниеге келген жерде
маймыл бейнелі тас бар.
Кезінде тас, бүгін сағынышқа айналды.
Автор
«Маймыл тас» деп атаушы едік оны біз,
Түйісетін үйге барар жолымыз.
« Осы тасты бояп қою керек»-деп,
Әкем айтқан бір тигенде қолымыз.
Содан бері он жыл өтті арада,
«Маймыл таста» жалғыз қалды далада.
Әкеме еріп мен сияқты сол тастың,
Жанына ойнап бармайды екен балада.
Уақыт кезек, жылдар жылжып ауысты,
«Маймылтаспен» қанша көктем қауышты...
Таудан аққан селдің тілі тастың да,
Топырағын жалай-жалай тауысты.
Көрмеген соң ішімдегі жыр азық,
Әкем сөзін растай алмай жүр азып.
Келген жұрттан еститінім: «Маймылтас,
Әлі жалғыз тұр екен» дейд, құлазып.
Тағдырымның кермек дәмін татқаны-ай,
Артта қалған, «Маймыл тасым», Көктоғай.
Қара тастың үгітілген ұнтағын,
Ағыз бері, Қара Ертісім тоқтамай!
Тау баласы, тауда өссе тау құнды,
Жүрек іздеп сағыншын алқынды.
Қара тастың қиыршығы жетеді,
Тек бір басып алайыншы мауқымды.
Өткеніме қалды осындай естелік,
Ал мен кеткем «Отан» дейтін көшке еріп.
Әке сенің немереңді жетектеп,
Бояп кетем қара тасты кеш келіп...
02.07.2014 ж