Майк Тайсон туралы
блог
Тайсон да талай таяқ жеген
Майк ТАЙСОН
Туған жылы: 30. 06. 1966
Туған жері: АҚШ-тың Нью-Йорк қаласы.
Салмағы: 102 келі
Бойы: 180 см.
Атақ-дәрежелері: WBC жүйесi бойынша кәсіпқой бокстан ең ауыр
салмақтағы әлем чемпионы (1986-90, 1996 жылдар),
WBA жүйесi бойынша ең ауыр салмақтағы әлем чемпионы (1986-90, 1996 жылдар) және WBF жүйесi бойынша ең ауыр салмақтағы әлем чемпионы (1987-90 жылдар).
Кәсіпқой рингтегі ұрыстары: 50 жеңiс (44-i нокаутпен), 5 жеңiлiс.
Осы бір ұлы боксшы, алапат қара күш иесі Майк Тайсонды күллі әлем танығанымен, оның осы күнге қалай жеткендігін, қандай қиындықтарды басынан өткергендігін және балалық шағы қалай өткендігі туралы көпшілік біле бермейді.
1966 жылдың 30 маусымында АҚШ-тың әлемге әйгілі қаласы Нью-Йорктың Бруклин шағынауданындағы Кьюмберленд перзентханасында 36 жасар Лорна Смит салмағы 3 келі 600 грамм шекесі торсықтай ұлды дүниеге әкеледі.
– Мынау майк қой (ағылшынша «жігіт»)! – деп дауыстап жібереді жарық дүниеге жаңа көрінген сәбидің өгей әкесі Джимми Крикпатрик. (Майктың туған әкесі отбасын, яғни зайыбына қоса екі перзентін болашақ бокс жұлдызы жарық дүниеге көрінбей тұрып тастап кеткен болатын.) Қуаныш үстінде айтылған әлгі сөз кейін бүкіл дүние жүзіне мәшһүр болған боксшының «Майкл Джерард Тайсон» деген аты-жөнді иемденуіне себеп болады. Ұлы боксшының тегі өз әкесі Песела Тайсоннан қалған. Сонымен қатар, оның Родней атты ағасы және Денис есімді әпкесі бар.
Қазақтың абыз ақыны Қадыр Мырза Әлі «Шырғалаң» кітабында:
Күйінер кезде күйіндік,
Сүйінер кезде сүйіндік.
Мені адам қылған жоқшылық,
Мені ақын қылған қиындық, –
деп жырлайды. Иә, адамзат тарихына көз жүгіртсек, үлкен жеңіс пен жетістіктерге жеткен көптеген тұлғалардың өмір жолы қайғы-қасірет пен жоқшылыққа толы болған. Бәлкім, оларды құрыштай қылып шынықтырып-шыңдаған сол қиындықтар шығар. Майк Тайсон да өз басынан тар жол, тайғақ кешуді аз өткермеген, тағдыр тәлкегін аз көрмеген. Әсіресе, балалық шағында.
М. Тайсонның балалық шағы өткен Нью-Йорктың Браунсвилл ауданында ол кездері адам өлтіру, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық сықылды ауыр қылмыстардың өзі көз үйренген күнделікті көріністер көрінеді. Әрине, бала Майк осының бәрін көріп өскен. Сондай-ақ, тротуарсыз, канализациясыз, лас көшелерін қайыршылық пен күл-қоқыс жайлаған, 15 мың отбасы тұратын Браунсвилде бір ғана қоғамдық душ болыпты.
Бүгіндері Тайсонның рингтегі шайқастарын көргендер оны тума талант деп қабылдайтыны анық. Бірақ, олар қателеседі. Егер біреу ұрынса, Майктың бала кездегі бірден-бір ұстанымы тек қана қашу болған. Өзінің құрдастарына қарағанда әлдеқайда бәкене бойлы, біреу ызаландырып, ренжітсе болды, көздері мөлтілдеп жасқа толатын Майктың бала кезінде сөйлегенде даусы да момын, жуас қыздар секілді бәсең шығады екен. Міне, осындай нәзік жанды Майкты көрген бұзық балалар оның «құрбандық» екенін бірден бағамдаған. Болашақ чемпионды ұлдар тұрмақ, тіпті қыздар да мазақ қылып, ұрып-соғыпты. Өзін-өзі қорғай алмайтын әлжуаз Майк оқта-текте анасы балмұздақ немесе сағыз сатып алуға берген тиын-тебенін көшенің тентек-телісі тартып алғанда да, көзінен сорғалаған жасы бетін жуып, қашуды ғана біліпті. Көше түгілі, Майктың үйіндегі жағдайы да мәз болмаған. Ағасы Родней анасы үйде жоқ кезде, Майкты ұрып-соғады екен. Ал Майк тоңазытқыштың артындағы қуысты паналап, кейде сол жерде тамақтаныпты. Өйткені, Роднейдің денесі ірі, ол жерге сыймайды. Бірақ тоңазытқышты орнынан жылжытуға күші жетпеген.
Өмірге өкпелі Майк анасының тізесіне басын қойып, өксігін басып, жұбанады екен. Кейде сағаттар бойы аспанға қарап тұрып, ойға шоматын көрінеді. Майк балақай көгершіндерді өте қатты жақсы көріпті. Шамасы, көгершіндердің қанат қағысынан еркіндікті сезсе керек. Бірақ еркіндік тек көкте ғана...
Болашақ чемпион көгершіндерді өте қатты жақсы көргенімен, оның кептер сатып алатын ақшасы қайдан болсын?! Енді не істеу керек? Әрине, ұрлайды. Сондай бір ұрлық үстінде үй иелері байқап қалып, бозөкпе ұрылар қолға түседі. Қожайындар полицияға хабарламай-ақ, өздері үкім шығарып, балаларды дарға аспақ болады! Арқан жалғыз болғандықтан, бірінші Майктың досының мойнына арқан салады. Жан-дүниесі кіршіксіз тап-таза баланың көз алдында досы аяғы тыпырлап, қатты қиналып, жан тәсілім қылады... Ал Тайсонның өзі өлімнен әлгі жағдайды көрші-көлем байқап қалғандықтан ғана аман қалады. «Сол кездегі зәремнің ұшқаны менің өмір бойы жадымда» дейтін көрінеді бүгіндері Майк Тайсон.
Майк өзінің көгершіндерін иесіз үйлердің шатырында асыраған. Үйдегі елестер мен егеуқұйрықтар құстарды ұры-қарыдан қорғайды деп сенген. Көгершіндері ауырған немесе жұмыртқа басқан кезде Майк олардың қасында шатырда түнеген. Ал қыс түсіп, күн суытқанда, құстарын үйіне әкелген. Кептер асырауға Майкке әпкесі Денис көмектесіпті.
– Жасым үлкен болса да, біз үнемі бірге жүретінбіз. Алғашында ұнатпағанмен, неге екенін білмеймін, уақыт өте келе көгершіндерді мен де жақсы көріп кеттім. Бұл құстарды Майктың қатты жақсы көргені соншалық тіпті бір сөзінде «Мен бұрынғы өмірімде көгершін болдым» дегені бар деп еске алады бүгіндері чемпионның әпкесі.
Бірде бала Майктың көңіліне қаяу түсірген бір оқиға болады. Тайсондар үйінде ньюфаундленд тұқымынан Киллер атты үлкен төбет болған. Қыс түсіп, күн суытқасын Майк көгершіндерін үйіне алып келеді. Бір күні Киллер өзінің дәу тұмсығымен торды ашып, 25 көгершінді тұншықтырып өлтіреді де, құдды бір жауды жапырып келген батырдай ұйқыға бас қояды. Төбет көгершіндерді аш болғандықтан емес, күші жеткендіктен, әлі келгендіктен ғана өлтіреді. Осы оқиғадан кейін Майк төбетті жек көріп кетеді. Ол «Күштілер неге әлсіздерге қиянат жасайды?» деп ашынады. Бейүнә бала әлгіндей қатігездіктің не қажеті бар екенінін түсінбей дал болады.
Арада бірнеше күн өтеді. Сүйікті құстарынан айрылған сәби көңілдің жарасы әлі де жазыла қоймаған. Майк ауласында қалған көгершіндерімен ойнап жүреді. Бір уақытта өзінен бес жас үлкен бір жасөспірім келеді де, бір көгершінді Майктың қолынан жұлып алып, жұлқылай бастайды. Өйткені, жаңағы жүгермек Майктың қарсыласуға қыз құрлы қауқары жоқ екенін білетін. Сөйтіп әлгі бала құстың мойнын үзіп, басын жұлып алады. Ызаға булығып, жарылып кете жаздаған Майк жаңағы жасөспірімнің бет-аузын қан-жоса қылып ұрып тастайды. Содан соң бойы жеңілдеп, «Өзімді басынғанның сазайын беру менің де қолымнан екен ғой!» деп келешек чемпион біраз уақыт өзін-өзі разы қалыпта жүреді. Міне, бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпай жатып, әлгіндей қатігездіктен көз ашпаған Майк жаңағы оқиғадан кейін нағыз бұзақыға айналады. Ешкімді аямайды. Біреудің тиіскенін күтпей-ақ, өзі барып килігеді. Бұл кезде ол небәрі 11 жаста-ақ болатын!
Бірте-бірте Майктың қылмыс әлеміне аты жайылады. Енді оны көшенің ең бұзық жігіттерінің өзі кішкентай Майк немесе үлкен Майк емес, Майк Тайсон деп толық аты-жөнімен атай бастайды. Өзге ауданның жігіттері оның үйіне келіп: «Миссис Тайсон, айып етпесеңіз, Майк Тайсонды болады ма?» деп сұрауға көшеді. Ал анасы болса, үнемі ұлы біреуді өлтіріп қоя ма немесе оны біреу өлтіріп кете ме деген үреймен күн кешеді. Сол 11-12 жасында Майк ішімдікке салынып, біраз жыл шылым да шегеді. Нью-Йорктың әртүрлі қылмысты аудандарындағы ересек әрі тәжірибелі «ұстаздарының» арқасында ол ұрлықтың да қыр-сырын шебер меңгеріп, нағыз баукеспеге айналады.
– Інім Браунсвил түгілі, бүкіл әлемдегі ең мықты қалта ұрысы болатын. «Жеке заттарыңа мұқият бол, айрылып қалма!» деп ескерткен күннің өзінде де қалтаңыздағы ақшаңызды да, қолыңыздағы сағатыңызды да, тіпті, саусағыңыздағы жүзігіңізді де жымқырып кететін. Ол нағыз кәсіпқой ұры еді! – дейді әпкесі Денис.
Ол ол ма, көшедегі достарынан ұрлық өнерін жетік меңгерген Майк кез-келген кілтпен кез-келген есікті ашып, бөтен үйлерге еркін кіріп-шығып жүріпті. Ол есік құлыптарының 90 пайызын аша алған, тек ең күрделілеріне ғана шамасы жетпеген. Кей кездері қожайыны болмаған үйлерде Майк жүгермек қараңғылықтан да, жалғыздықтан да, егеуқұйрықтардан да қорықпай жалғыз түнеп жүрген. Бірақ оның қылмыс әлеміндегі тәжірибесі мен қабілеті артқан сайын қолға түсуі де жиілей түседі. Майктың көп қолға түскендігі соншалық, ол қазір өзінің бірінші рет қашан, қайда және не үшін ұсталғандығын да есіне түсіре алмайтын көрінеді. Денис пен Родней түннің бір уағында полиция қызметкерлерінің талай рет келіп, анасын оятып, Майкты бөлімшеден алып кетуін хабарлағанын ешқашан ұмытпақ емес. Ал болашақ чемпион ол кезде бар болғаны 11-12 жасар ойын баласы-тын. Бірақ ол осы жасына қарамастан сол кездің өзінде жас қылмыскерлерге арналған түрмеде бірнеше рет отырып шығады.
1979 жылы 13 жасында Майк бір шағын дүкеннің иесі – әлдебір жас жігітпен төбелесіп, оған револьвер кезенгені үшін жасөспірімдерге арналған Нью-Йорктегі «Прайен Реформ» деп аталатын түзету колониясына түседі.
– Кейін мен мұның тағдыр екенін түсіндім, – дейді Тайсон көп жылдардан соң. Өйткені, нақ сол түрмеде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, бұрынғы кәсіпқой боксшы Боб Стюарт жасөспірім-көкөрім бұзақаның бойындағы буырқанған бұла қабілетті байқап, Майкты боксқа баули бастайды. Осылайша Майк боксқа біржола бет бұрады. Оның боксқа жан-тәнімен берілгендігі соншалық, таңғы сағат 3-4-терде тұрып жаттығады екен. Бертін келе берген бір сұхбатында Боб Стюарт 13 жасар Майктың 100 килограмдық штанганы көтере алғандығын айтқан. Міне, алғашқы бапкерін осындай ерекше қарымқабілетімен әрі еңбекқорлығымен таңқалдырған Майкты Боб Стюарт тәжірибелі сақа бапкер Кус д Аматоның назарына ұсынады. Ол шыққан тегі италияндық америкалық болатын.
Кус д Амато бұған дейін де түзету колонияларынан талай бұзақы баланы жақсы боксшы, ең бастысы, жақсы Адам қылып тәрбиелеп шығарған еді. Мәселен, ол 1950 жылы түзету колониясынан Флойд Паттерсон атты бір бозөкпе қылмыскерді шығарып алып, өз бас-көз болып, бокстың қыр-сырына баулиды. Көп ұзамай сол Флойд 1952 жылы Хельсинкиде өткен Олимпиада ойындарында қарсылас шақ келтірмей чемпиондық тұғырға көтеріледі. Ал 1956 жылы Кустың еңбегі жанып, Паттерсон кәсіпқой бокстың тарихындағы ауыр салмақ дәрежесі бойынша ең жас чемпион атанады.
Жаңа шәкіртінің спорттық тұрғыдан күннен-күнге тез жетіліп келе жатқанын аңғарған К. Амато бар ынта-ықыласын енді Майкқа аударып, оны бар пейілімен жаттықтыра бастайды. Сол кезде жасы 70-тен асып кеткен Кус Майкты бағып-қағып, тәрбиелеу үшін Лорна Тайсоннан рұқсат сұрайды. Аурушаң ана «Ұлым түзу жолға түсіп, адам болып кетсін» деген нитепен бапкердің ұсынысына бірден келіседі. Майктың тәрбиесіне 40 жыл бойы Кустың жұбайы болған, аққұба украин әйелі 70 жасар Камилла Эвард та атсалысады. Ал күні кешегі көшенің тентегінің жаңа баспанасы – ағылшын мәнерімен салынған үш қабатты, ескі сәндегі үй-ді. Сол үйде жеті бөлме болыпты. Болашақ чемпионның жаңа тұрағы Гудзон өзеніне жақын орналасқан екен. Жаңа баспанадан бұрын түзету колонияларының бірінен соң біріне «көшіп-қонып», «кіріп-шығып» өмір сүрген Майктың тұрмыстық жағдайын күрт өзгертеді.
– Енді бұл сенің үйің. Сондықтан сен оны күтіп ұстауың керек және қажет жағдайда қорғауға тиіссің, – дейді Кус Майкқа. Камилла Майкты тәрбиелеу, жөнге салу, оның мінез-құлқы мен көзқарасын өзгерту орасан зор ерік-жігер мен шыдам-төзімді, сабырды талап ететіндігін жете түсінеді. Оның үстіне отағасының «Егер шындап кіріссе, шындап ден қойса, шындап тырысса, адам барлық нәрсені істей алады» деген қағиданы ұстанатындығы зайыбына жақсы мәлім-ді.
1981 жылы келешек даңқты боксшының туған анасы Лорна қайтыс болады да, 73 жастағы Кус д Амато 15 жасар Майкты заңды түрде асырап алады. Анасының өлімі Майкқа өте ауыр тиеді. Ол анасының алдындағы бар айыбын түсініп, бар кінәсән сезініп, өзегі өртене өкінеді. Еденді тырналап, ашына айқайлап, қатты қайғырады. Басқа оның қолынан тап сол сәт не келсін?! Бар болғаны ендігі жерде өзінің өкіл ата-анасына айналған Кус пен Камилланың үмітін ақтап, болашақта үлкен жеңістер мен жетістіктерге жету керек екендігін біржола түсінеді. Сондықтан Майк Тайсон жаттығудың азабынан қашпай, тынбай еңбектенуге кіріседі. Бокс әлеміндегі шырқау биіктерді бағындыру үшін күн сайын таңғы сағат бесте тұрып, 6-7 миль жүгіреді. Талай күндерін, талай кештерін спортзалда өткізіп, бар күшімен жаттығу қаптарын ұрғылап, скакалкамен секіріп, гимнастикамен айналысады. «Ғасырымыздың ұлы шайқастары» атты телебағдарламаның жүргізушілері, М. Тайсонның ұстазы Кустың достары Билли Кейтон мен Джимми Джекобста 26 мың бейнежазбадан тұратын керемет коллекция болған екен. Майк сол бейнежазбаларды көріп қиялға шомады, өзінің ұлы, атақты боксшы болуын армандайды. Бөлменің қабырғасына жабыстырылған сол кездегі мықты боксшылардың суреттеріне қараудан жалықпай, ескі газеттерде жарияланған боксшылар туралы мақалалар мен сұхбаттарды тауып алып, құныға оқиды. Сонымен қатар күн сайын түнде ұйықтар алдында «Мен ержеткен соң міндетті түрде қарсылас шақ келтірмейтін теңдессіз чемпион боламын!» деген арман-дұғасын күбірлейді екен. Алайда Кус Майктың алдымен мықты боксшы емес, мықты Адам болғанын қалайды. Сол себепті көшенің жабайы түсінігімен өмір сүріп келген Майктың ойлау өрісін, білімін дамытуға күш салады.
– Бокс – бұл өзіңді-өзің басқара білуді талап ететін спорт түрі, – дейді Кус Майкқа. – Сен өзіңнің қорқынышыңды басқарып, санаңды билеген үрейді жеңуге тиіссің. Ал ол үшін қорқыныштың табиғатын, қорқыныш дегеннің не екенін білгенің жөн. Қорқыныш деген – бір өрт. Егер сол өртті өзіңнің пайдаң үшін жұмыс істете алсаң, ол саған қараңғыда жарық, суықта жылу болады. Ал егер қолыңнан келмесе, ол өзіңді өртеп жібереді. Қорқыныш – ерекше туған адамдардың досы.
Майкты Адам қылу Кустың ең басты мақсаты болғандығы туралы жоғарыда жазылды. Сондықтан ол Майктың мектеп бітіріп, тым болмаса орта білім алып шыққанын қалайды. Ұлының мектеп бітірген күніне арнап, үлкен салтанатты кеш өткізуді жоспарлайды. Бірақ ақыры ол күнге жете алмайды. Өйткені, дене шынықтыру пәнінен ғана үлгерімі жақсы болған Майк жалпы сабақ үлгерімі мен тәртібіне байланысты көп ұзамай мектептен шығарылады...
Міне, аты күллі әлемге әйгілі ұлы боксшы Майк Тайсонның балалығы мен жасөспірім шағы осылай өткен. 1985 жылдың 4 қарашасында Нью-Йорк ауруханаларының бірінде 77 жастағы Кус д Амато көз жұмады. Өмірінің соңғы минуттары өтіп жатқан әкесіндей болған ұстазына Майк тізерлеп тұрып:
– Мен 21 жасқа толмай тұрып әлем чемпионы боламын, әке! Мен Флойдтан да асып түсемін. Және мен чемпион болып қана қоймаймын, ең бастысы, Адам боламын! – деп уәде береді.
Елден ерек туған Майк сөзінде тұрып, 20 жасында-ақ кәсіпқой бокстан әлем чемпионы атанды. Ол дүниежүзілік бокстың арғы-бергі тарихындағы ең жас әлем чемпионы! Оның бұл рекордын әлі күнге дейін ешкім жаңарта алмай келеді. Бәрінен бұрын ең бастысы Майк Тайсон Адам болды! Ол 2009 жылы қасиетті Ислам дінін қабылдап, мұсылман ретінде Мәлік Абдол Әзиз атанып, имандылыққа біржола бет бұрды...
В. Штейнбахтың «Последний раунд» кітабынан тәржімалаған: Алпамыс ФАЙЗОЛЛА