МАССАГЕТТІҢ ЕРКЕСІ - Назерке!

«Сырлы сұхбат алаңында» қонақта - ҚАЗАҚТЫҢ ЕРКЕСІ - Назерке Смағұл!

Мектеп кездегі бір қызықты оқиғаңыз?

Көп болды ғой қызықты сәттер. Бастауыш сыныпта Меруерт әпкиіміз (бізде «апайды»  «әпки» дейді) қатал болған. Оған куәлік ететін кісілер де бар. Әпки үй тапсырмасын орындамағандарды үйіне апарып оқытатын. Үйіне барсаң, ертесіне жұрттың аузында жүресің қысқасы. Сыныпта әпкидің үйіне күнде-күнде баратын о0ушылар  болған. 3-ші сыныпта көбейту  кестесін жаттауға берген. Ойынның қызығына беріліп ертесіне жаттамай барыппын. Содан сыныпта бір-бір параққа кестені жазғызды  ештеңеге қаратпай. Сосын ойыма мына нәрсе түсті: екі жердегі бес – он, ол деген бес қосу бес . Ал келіп, қосып-қосып, бір кезде шатасып кеттім. Мына жерден бастап шатасқам: 5*5=25, 5*6= 25 + 5 емес, 25+6! Одан 5*7 дегенім 31+7... Осылай қара басты мені.  Есебім қате. Алда әпкиімнің үйі күтіп тұр. Бардым, кестені жаттап-жаттап айтып бердім және бұл менің әпкидің үйіне ең алғашқы және ең соңғы барған кезім болатын... Айттым ғой қатал деп. Меруерт  әпки біз бастауыш бітірген жылдан кейін  3 жыл жұмыс істеп, қалаға көшіп кетті.  Былтыр біз  бітірген жылы келгенде қуаныштан жылап алдық. Өте тамаша жан!

Сөмкеңізде жүретін үш нәрсе?

Ооо, ең бірінші әшкиім ғо ))) Сосын студенттік билеттің сырты, ішінде студенттік билетім, универге кіретін пропуск, сосын жатақханаға кіретін жасыл пропуск бар. Үшіншісі –  «Йа-син» сүресі.

 

Ата-анаңыз қандай жандар? 

Ата-анам мен үшін тамаша жандар! Аллаға шүкір! 4 қыз, бір ұлды тәрбиелеп жұмаққа баратын жандар! Екеуі де интеллигентті отбасыдан шыққан десем... )))  Әкем  қазір сызу-сурет пәнінің мұғалімі. Бұрын ансамбльде ән айтқан. Мұқасан Шахзадаевті өнерге баулыған. Ән жазады, «Нұр-Мұқасанның» репертуарындағы «Туған жерге сағыныш», «Алматының арулары» әндерінің авторы. Дееееп, мақтанып қалайын да бір! Аллаға шүкір, елуден асса да футболды керемет ойнайды.  Қысқасы, сегіз қырлы, бір сырлы. Анам ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Кейде қалжыңдап, кейде өзін қатал ұстайды.   Өте уайымшыл, әлде бүкіл аналар сондай ма екен?.. Түу көзіме жас тұрып қалды ғой. Осы жерден тоқтайын.

 

Кенеттен байып кетсеңіз ақшаны қайда жұмсар едіңіз?

Ымммм... Мәәә, шынымен сондай болса ғой. Ең алдымен білімімді шетелде жетілдіріп, Қазақстанға пайдалы іспен айналыссам, жақындарыма көмектессем... көп қой. Бизнес ашып алсам, ауылдастарым көмек сұрап келеді, мен  оларға  көмектесем. Мектепке жаңа технология жабдықтарын, ауылға керек анау-мынау апарып деген сияқты...

 

Өзіңіз ұнатын өлең жолдары

Менің ең үлкен кемшілігім де осы – өлең оқи алмаймын. Бірақ мына жолдар мені қанаттандырады:

«Өкпелеме, өкінбе өміріңе,

Өмір, өмір! Өмір ме өкінерге?!

Мәңгі сені жазбаған сүрінуге

Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге!» М.Мақатаев

 

Неше тіл білесіз?

Қазақ тілі ғой. Орыс тілдің өзін қатырып сөйлей алмаймын. Мен білмейтін қазақтың қаншама асыл сөзі бар?!  Мамандығым – екі шет тілі болғандықтан, ағылшын тілі маманы боламыз болашақта. Келер жылы француз тілін екінші шет тілі ретінде таңдадым. Содан кейін қанша тіл үйренетінімізді уақыт көрсетер...

 

Бақытты болу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

Қиын сұрақ. Бұл сұраққа анық та толыққанды жауап беретіндей көп жасаған да жоқпын ғой. Дәл қазір мен үшін бақыт – ата-анамның, бауырларымның, таныстарымның амандығы, денімнің саулығы, қазақ болып туғандығым, алаңсыз білім алуым және ең бастысы – аспанда сенер Жаратушым – бір Алланың бар екендігі. Одан кейін, күнде таңертең ас дайындап, қолына портфелін ұстаған асыл жарыңды жұмысына шығарып салып, бір-бірінің ойыншығына таласқан балаларыңды сабағына жіберіп, мейірімді жүзбен өзіңнің балаларыңдай бүлдіршіндерге өмірдің сырларын, білгеніңді үйретіп, сұрақтарына жауап беріп, тамаша мамандық иесі болу шығар бақыт деген. Ал ол үшін ешқандай қиындықтарға берілмей тек қана алға жылжу керек деп ойлаймын.

 

Махаббат пен достық арасында таңдау болса қайсысын таңдар едіңіз?

Махаббат пен достықтың арасындағы таңдау бұған дейін бірнеше рет болған менде. Және барлық кезде де достықты таңдадым. Себебі, бәрі де менің жүрегімде достық деген түкпірден орын алған. Егер алдыма тағы да сондай таңдау түсіп жатса, жүректің еркіне берермін шешім жасауды.

 

Әр адамның бармақ тістеп қалатын кездері болатыны хақ. Сіздің өкінген сәттеріңіз болды ма?

Бармақ тістеген сәттер көп болды ғой. ҰБТ-да жауап парағына шатасып белгілеп жібермегенімде «Алтын белгі» алар ма едім? «ХХІ-ғасыр көшбасшысында» жауапты айтам деп тұрып, «Келесі» демегенімде келесі турына өтер ме едім? К-селл коннекттің орнына Билайнның модемін алғанда жүйкем аз да болса жұқармас па еді? Ең қатты өкінетінім: әжемнің жағдайы ауырлап жатқанда мамам барып қасында отырыңдар деді. ( Әжем ағамның үйінде болатын.) Барған соң қатты ауырып жатқан әжемді көруге жүрегім шыдамай, жылап үйге жүгіріп кеткенмін. Бірақ сол күні әжемді ең соңғы рет көруім екенін білген жоқпын ғой, білгенде, қолынан ұстап, кішкене болса да дем беріп отырар едім ғой...  Негізі, әр өкініштен соң адам өзіне сабақ алу керек .

 

Шет елден жоғары оқу орнына түсу туралы ұсыныс келсе, баратын ба едіңіз?

Шет елден ұсыныс?  Мәселе қай мемлекет екенінде ғой, біріншіден.  Саяси тұрақты мемлекет болса, қуана-қуана барар едім. Себебі, өзім де соны қалаймын. Шет елде оқығанның еш кемшілігі жоқ деп ойлаймын, білім беруде тәжірибе жинап қайтасың, ел көресің, жер көресің, түрлі халықтың мәдениетімен танысасың. Сосын елге оралып, жинаған тәжірибеңмен бөлісесің, түрлі-түрлі естеліктер қалады.  Ең бірінші ата-анамның рұқсаты керек қой. Маған рұқсат берген.  Алла қаласа, жоғарғы курста оқығым келеді.

 

Өз еліңізді  қаншалықты бағалайсыз? Көбінесе өз ортаңызда, отбасыңда қай тілде сөйлесесіз?

Өз елімнің патриотымын деп айта салу оңай, мәселе оны өз ісіңмен көрсетуде. Бастауыштан бері «Кім болам?» деген тақырыпта шығарма жаза қалсақ, ең бірінші «Еліме пайдам тиер азамат боламын» деп жазатынмын. Ол үшін не істеу керек? Ең бастысы Ана тілді құрметтеу деп ойлаймын.  Үйде дастарқан басында орысша сөйлей қалсақ, әкем қазақшасын сұрайтын, сол үшін де келесіде орысша сөйлемеуге тырысатынбыз. «Жаңағы, анау» деген сияқты сөздерді айтқызбайтын. Содан болар, өз ортамда қазақша сөйлеймін. Өзім орысша қатырып та сөйлей алмаймын.

 

Студентсіз ғой, атына заты сай емес, яғни ұстаз деген атқа мүлдем лайық емес мұғалімдерді кезіктірдіңіз бе? Ондай жандарға көзқарасыңыз қандай?

Университетте әлі кездестіре қойған жоқпын. Ал мектеп кезіндегіні айтсам, жоқ, айтпай-ақ қояйыншы. Әркімнің өз санасы білсін...

 

Болашақта жарыңыз Сізге: «Отбасымызды қамтамасыз ете алам, ал Сен отбасы ошақ қасында отыр!» десе, қалай қабылдар едіңіз?

Бұл сұраққа жәл қазір жауап бере алмайтын сияқтымын.  Егер дәл сондай жағдай болатын болса, сол кезде ойлана жатармын.  Сонда да менің жұмыс істегім келеді.

 

Сіз үшін бақытқа бастайтын жол қайсы?

Прямо по Абая десең я ). Егер дұрыс жол таңдасаң, сонымен тіке кете беру керек деп ойлаймын.

 

Қай кездерде өзіңізді керемет бақытты сезінесіз?

Стипендия түскенде ең бақытты адам болып кетеміз ғой. Үйге сағынып барғанда, ата-анамның, бауырларымның құшағында сағынышымды басқанда керемет бақытты сезінемін өзімді. Мені жақсы көретін адамдар бар екенін ойлаған сәтте де күшті бақытты сезінем.

 

Сіздің фобияңыз?

Алдында форумда жазғанымдай, қараңғыдан қорқамын. Көрші Ілен атаның ақ итінен қорқатынмын, бірақ қазір қорықпаймын.

 

Қазіргі таңда көкейіңізде жауабын таба алмай жүрген сауал бар ма?

Дәл қазір жоқ. Егер сондай сауал болса, сіздерден сұрап көрермін.

 

Бетіңізе қарап «Сен жамансың» десе, не дер едіңіз?

Мен осы ше  маған  ұрсып жатса да күлііііп қарап тұра берем. Білмеймін, өзіне ұрсу деген жоқ, бәле іздегім  келмейді.

Ойланып қалдым. Мәселе қандай адам айтып тұрғанында сияқты. Мына сұрақтан  кейін енді бүгіннен бастап  ондай сөз естімейтіндей болуға тырысамын...



Бөлісу: