Массагеттіктеріме...
блог
Массагет шаңырағына келгеніме бір жылдан да асыпты. Уақытты зымырап өтті деп айта алмаймын. :) Бұл жыл ішінде талай қызықтар болды. Ол кезде мен ҚазҰУ-дың 4 курс студенті едім. Күнде жұмыс пен оқу арасында шауып жүрдік. Жарты жыл диплом, практикамен де жүріп қалдық. Енді, міне, оқу аяқталғалы құлағымыз тынышталып, кеңседе отырып, жұмыс істейміз.
Осы жерге келіп жазуды, ойымды нақты, дұрыс жеткізуді үйрендім. Ұжымда жұмыс істеп, адамдармен қалай тіл табысу керектігін де көрдім. Жұлдыздармен сұхбаттасып, дұрыс сұрақ қоюды үйрендім. Қиын жағдайда қорқып, отырып қалмай, бар жігер-қайратты жинап, қиындыққа қарсы шыға алатынымды түсіндім. Енді дәл осы тәжірибе алдағы өмірімде маған берік, адал көмекші болса екен деп тілеймін.
Еркебұлан мен Мейіргүл, Шерхан дұрыс жазуға үйретсе, Өмірбек, Ақтоты, Қарлыға, Жолдас, Нұрбол, Жасұлан, Әсел, Ернар, Бауыржан, Ербол, Ерболат сияқты әріптестерім туған бауырларымдай болып кетті. Өзге ұжымда "қасқырдай" болу керек болса, бұл ұжымда өзіңді үйдегідей сезінесің.
Жолдас, Еркебұлан, Мейіргүл, Ақтоты, мен, Әселжан, Нұрбол, Өмірбек, Ернар, Бауыржан мен Жасұлан :)
Таңертеңгі 9.00-де болатын "шай" отырысының орны бөлек. Ернар бір плитка шоколад пен печенье алып келеді, Әсел, Ақтоты үшеуміз кезекпен шай құямыз. Ерке көзін сипап, үстелге жайғасады. Ал, енді әңгіменің бәрі осы жерден басталып "батыстан" аяқталады :)
Осында мені жақсы түсінетін құрбыларымды таптым. Ападай болып кеткен Микаға өз алдына үлкен рақмет. Ағамдай болып кеткен Еркеге алғысым шексіз. Жан құрбым болып кеткен қыздарымды, ойнап-күліп жүретін Массагеттің жігіттерін және ең бастысы, ОҚЫРМАНДАР, сіздерді қимаймын.
Әрине мен мұнда бар болғаны бір-ақ жыл жұмыс істедім. Тұрақты оқырманым да жоқ шығар. Бірақ мақалаларымның, видео дәрістерімнің біреуге пайдасы, көмегі тисе шексіз бақыттымын!
Оқырмандар, әрқайсыңызға "сіз бақытты болуға лайықсыз!" дегім келеді. Әркім өз бақытына жетуге тұрарлық. Ешқашан мойымаңыз. Еңсеңізді түсірмеңіз. Кім екеніңізді ұмытпаңыз. Адамның өз арманын орындауға осы әлеммен теңдей күш-қуаты бар. Бар болғаны соған сеніп, алға қарай ұмтыла беріңіз.
Ал мен өз "вебинар", онлайн дәрістерімді ары қарай да жалғастыра беремін. Психология, отбасы қарым-қатынасы, өзін өзі тану сынды тақырыптар біздің тілімізде өте сирек қозғалады. Сол себепті мен бұл бастамамды "қалдырмаймын".
Қымбатты әріптестерім! Сүйікті оқырмандарым! Сіздерге үлкен рақмет! Бұл жұмыс - мен үшін үлкен мектеп болды. Бақытты болыңыздар!
P.S. Суретті түсірген Мақпалжанға да рақмет!