Массагеттіктерге «ұзынсары»

Жатақхана - оқу оқыған, жоғарғы білім алған, тіпті отбасылы жандарға қашаннан бері тұрақ. Өзімнің 20 жылдық өмірімнің 4 жылы интернатта, 3 жылы  міне, жатақханада өтіп жатыр. Қарап отырсам күнделікті қайталанып жатқан бір өмір. Бірақ, ара-арасында орын алатын қызықтар да аз емес. Үйден келетін тамақтың да орны ерекше. Ата-анамыз алыстағы баламыз аш жүрмесін деп тамақтың көп мөлшерін 1-ші курс оқып жүргенде жібереді. Кейінірек 2-ші курста оның мөлшері сәл де болса азаяды. Алғашқы «балмұздақ» кезде жас болдық па, кез келген бөлмені аралап, ән салып, одан қалса қыздардың көңілін тауып, «азқазанның» жағдайын жасайтын едік. Екіншіге келгенде біздің артымыздан ерген «балмұздақтар» келді. Ол кезде де қарын тоқ болды. Себеп біреу: «втараштық» абыройдың арқасы. Міне қазір «алтын орталыққа» (золотая середина) келген жағдаймыз бар. Бұл кез студент үшін тоқырау кезеңі десем қателеспеймін... Қарының ашып жүргені енді сезіліп жүр. 1-ші курстағыдай үйден келетін тамақ жоқ. 2-ші курстағыдай абырой да жоқ. Ол кезеңдегідей қыздар да шақырып шәй беруді қойған. Бірі газетте, тірі телеарнада, бірі радиода, бірі «Qnet»те, бірі қарауылдық қызметте... Әйтеуір барлығы кішігірім жұлдыз. (Кей біреулері жатақханадан тамақ ішуді қойған. 3 мезгіл «Қағанат». Жағдайы барлар пәтерге шығып кеткен...) Айтайын дегенім мынау. Қысқы демалыста үйге барып келдік. Үйдегі соғымнан қалған еттен ата-анамыз барынша салып жіберді. Қазір алғашқы кездегідей үйден келген етті бірден асып жеуді қойғанбыз. Оны бүлдіріп алмау үшін тоңазытқыш іздейміз. (1 курста қандай «пакетпен» келеді, сонымен бірге «балконда» тұратын)

Бүгін жатақханаға сырттан кеш келдім. Қателеспесем түнгі үштер шамасы. Бөлмеде тірі жан жоқ. (Жанымда тұратын Амангелді де) Содан не керек бауырым Нұрдаулеттің бөлмесіне барсам, іздеген адамым сол бөлмеде отыр екен.(Жеңіс Нұрдаулет - массагеттің блогері, Алматы телеарнасында қызмет жасайды, бұл да жоғарыдағы кішігірім жұлдыздар қатарында) Үшеуіміз азды-көпті әңгіме қылып, өткен кездерді еске алып, біраз отырдық. Таң да қылаң беріп қалған екен. Содан не керек, басқа «ет асу» идеясы сап ете қалды. «Балкондағы» бар байлығымызды жинап қазанға салдық. Мен ертенгі күнгі жұмысымның көптігін сылтауратып ұйқыға кеттім. (Ет піскенде оятарсыңдар деп...)

Екі сағаттан соң жатақханадағы таңғы сағат 7де қойылатын әнұранның даусынан ояндым. Артынша Нұрекең ет піскенін қуанышпен жеткізді. Үшеуіміз отырып «ұзынсарыны» асқазанға қарай ұзаттық. (Ұзынсары - наурыз айында күннің ұзаруы. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер тұсымен дөп келетін осы кезеңді қазақ тұтасымен «ұзынсары» деп атаған. Халық арасында жылдың бұл мезгілін көкөзек шақ немесе ұзынсары деп те атайды. Ел арасында ұзынсарыға байланысты қызықтар да жеткілікті. Осындай қызықтардан аң­ыз болып қал­ған­дарының бірі мынау: бірде енесі жаңа түс­кен жас келініне «етті ша­малап пайдалан, кейінгіге қал­дыр, ұзын­са­рыға қалдыр, ертең ұзын­сары келгенде жейміз» деп айта беретін кө­рінеді. Күндердің бірінде сол үйге ұзын бойлы, сары әлпетті кісі келген екен. Келген қонаққа келіні үйіндегі cақ­таған бар етін асып, ас­ты-үстіне тү­сіп, бар тәттісін келген қонақ­тың алдына ұсынып, біраз әбі­герге тү­сіп­ті. Кейін келіні­нің әлгі кісіні соншама құрметтеп баққанын байқаған енесі «Қар­ғам, мұның не, етті түгел асып тастағаның не?» деп сұраса, келіні «апа, өзі­ңіз емес пе ұзынсары кел­генде асасыз деген» депті мүдірмей. Міне, осындай ауыздан-ауызға тара­ған аң­ыз­дар бар.)

Сонымен бүгінгі күн өте сәтті басталды! Нұрдаулет алып-ұшып киініп сабаққа кетті. Амангелді сағат 10да оят деген өтінішпен «ұйқы» ауылына. Мен «ұзынсарыны» сіздерге ұзатпақ ниетпен «Массагетке» келдім. Ендеше ұзынсарыдан қабыл алыңыздар! (Айтайын деген бір ойым, осы көктем уақыты сондай керемет кезең. Қыстан қалған жақсы ойларыңыз, ұсыныс-пікірлеріңіз болса Массагетке жазып тұрыңыздар. «Ұзынсары» уақыты адамдардың қарыны ашып ашыққаны сияқты, «милары» да ашып, рухани ашығуға ұшырайтын кезең. Сіздер қазір жақсы ой, құнды пікір айта алсаңыздар, жастардың оны бойына сіңіруі де тез. Олай болса құрметті Массагеттіктер: сіздерден осы ай бойы «ұзынсары» күтетін боламын... Бір студенттің «қарынын» тойдыра алсаңыз, оның өзі үлкен сауап екенін ұмытпаңыздар!)

Аллаға мың да бір шүкір, сансыз рахмет! Одан соң баламыз деп, барын аузымызға тосатын ата-аналарымызға рахмет!  

Сурет google.kz алынды.



Бөлісу: