Массагеттіктердің күтпеген кездесуі : )
блог
Сәәәлееем, менің сүйікті МАССАГЕТІМ және де сайт оқырмандары! Сіздермен қайта қауышқаныма қуаныштымын:)))
Көп созбай, бірден бастауды жөн көріп отырмын.
Мен осы жолы күтпеген тосын сыйға жолықтым, әрі бұл менің порталдағы "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!" атты байқауға қатысқалы бергі арманым еді. Ол не арман деп ойлайсыз? Әрине, массагеттік Қазақстанның түпкір-түпкірінде тұратын достарымды көру болатын.
Мен өткен аптада Алматы облысындағы оқушылар арасындағы пәндік олимпиадаға қатысқан едім. Олимпиаданың соңғы күнінде менің үш ұйықтасам түсіме кірмеген жағдай болды.
Олимпиадаға берілген екі кезең ойдағыдай өтті. Облыстан жан-жақтан келген балалармен танысып-білістік. Ертен марапаттау болады деген түні, кешке қарай Көкшетаулық Назым құрбым хабарласты. Оның айтуынша мен байқаудың биылғы жылғы қатысушысы Ақмарал Каналмен бір аудиторияда, отырыппын. Бүні естігендегі менің реакциямды көрсеңіздер. "Қалай ғана мен массагеттік Ақмаралмен бір аудиторияда екі күн отыра тұра, бір-бірімізді көрмедік" деп аң-таң болдым. Сөйтсем, ол 11-сыныптардың қатарында, мен 10-сынып оқушыларының қатарында отырыппын. Бәлкім, көрсекте бір-бірімізді танымадық-ау деген ой болды. Ол біздің қалаға облыстық олимпиадаға Есік қаласының атынан келіпті. Бұлай қаламызға келген қонақпен жүздеспегенім ұят болады, әрі массаеттік доспен кездесемін деген оймен, Назымнан Ақмаралдың нөмірін алып, Ақмаралмен тілдесіп, ертен марапаттаудан соң жолығамыз деп шештік.
Ал, енді түні бойы Ақеркеде ұйқы жоқ. Біресе ертенгі марапаттауда жүлделі орынға ие болсам екен деп, біресе ертен өмірімде алғаш массагеттік доспен кездесетінімді ойлап, толқумен болдым.
Таң атты. Марапаттауға бардым. Басында Ақмаралмен кездесуге мүмкіндік болмады.Облыстың түпкір-түпкірінен бала көп келгені соншалық, Мәдениет үйінің іші лық толы болды.
Марапаттау басталды. Мүмкін ішінен Ақмаралды көріп қалармын деп ойладым. Бір уақытта жүргізуші "Канал Ақмарал марапатталады" дегенде бұрыннан араласып жүрген адамымды көргендей қуандым.
Концерттік бағдарлама бітті. Барлығы ойымдағыдай болды. Бір уақытта Ақмаралға хабарластым. Қайда екенің іздеп, жан-жағыма қарап тұрғанымда, залдың дәл ортасынан менің Ақмаралымды көзім шалып қалды. Өмірде бірде-бір рет көрмеген адам болса да, ішіп жылып сала берді. Құдды бір көптен бері көрмеген құрбымды жолықтырғандай сезім болды. Қуанғанымнан қатты құшақтап алыппын. Біраз әңгіме дүкен құрып, қаламызды аралатамын деген жоспар болған. Әттең, уақыт тығыз болды. Естелікке суретке түсіп, жақынырақ таныстық. Ақмарал - көңілді, ашық мінезді, инабатты, бойында тұнып тұрған қарапайымдылығы бар, сұлу, бір сөзбен айтқанда керемет жан екен. Әрине, интернетте әлеуметтік желіде сөйлесіп, Қазақстанның әр жерінде достарың болғаны жақсы-ақ, тек өмірде бір рет болсын жүздесуге ештене жетпейді екен:)
Міне, менің массагеттік доспен күтпеген кездесуім осылай болды. Мүмкін мен өз реакциямды сөзбен жеткізе алмаған шығармын, бірақ бұл мен үшін есте ерекше қаларлық оқиғалардың бірі болып қалмақ. Ақмаралдың да есінде Талдықорған ыстық олып қалды деп үміттенемін. Бұйырса болашақта өзге де массагеттік достарымды жолықтырамын деген үлкееен арманым бар:)
Айтпақшы, бізді құттықтап қоюларыңызға болады. Ақмарал облыстық қазақ тілі пәні бойынша олимпиададан бірінші орынмен Республикалық олимпиадаға жолдама алса, мен жүлделі үшінші орынға ие болдым:)
P.S. Егер кейбір жерлерде қателіктер болса айып етпеңіздер. Блог жазбағалы біраз болыпты))