Массагеттіктер "Жаужүрек Мың балаға" бардық

Массагеттіктер "Жаужүрек Мың балаға" бардық
жеке
блог

Аттандап қазақтар керемет кино жасапты дегенді естіп, бөркімді аспанға атуын атып алсам да, кинотеатр табалдырығын кішкене күдікпен аттағанымды бүгіп қалмайын. «Ойдағыдай болмай шықса ше?»

"Фильмге барғалы жатырмыз. Бізбен жүріңдер" деп аяқ астынан ұсыныс айтқан "Алаш айнасы" кәзитінің массагеттіктеріне рақмет. "Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма" деген сөзді қазақ бекер айтқан ба? Ғани мен Қайрдың шұғыл шаруалары шығып қалып, фильмге тек Ерке екеуміз баратын болдық. Асығып-аптығып, етегімізге сүріне кірсек, залда  Сәкен, Арман және Арманның жұбайы үшеуі отыр екен. Ботик пен Назерке соңынан келді. Екеуі кеше көріп алған фильмді. Екінші рет келу себептері... Ар жағын өздерің айтыңдар ) 

Өз көзіме өзім сенбедім. Осы фильмді расымен де көрейін деп жатырмын ба? Осынша зарыға күткен фильм... Жоқ, мен көріп отырмын.

Фильм басталып та кетті...

Қорлау, қорлану, жеңіс, жеңіліс, махаббат, жеккөрініш, адалдық, сатқындық ... Ақтаңдақ тарихтың бір ақиқаты. Мүмкін, қолдан жасалған ақиқат... 

Басты рөлдердегі образдарға кәсібилік сәл-пәл жетіспегенімен, сондай жарасымды. Әсіресе, Зере аққұбаның сүйкімдісі екен.

«Қыз Жібек» жырында Қыз Жібек былай суреттеледі ғой:

«Қыз Жібектің ақтығы

Наурыздың ақша қарындай....»

Қазақ қызы міне, осындай сұлу болса керек...

Ал жігіт нәзіктеу демесең, жанарынан өжеттік оты лаулап тұрды. Шынайы өмірде де хас батыр-ау деп қалдым...

Қатпарлы қалың қазақ тарихын шемішкедей шағатын ағамыздың қолтаңбасы айқын көрініп тұр. Актерлардың киімдері өте сауатты таңдалған екен.

Тарихи фильмдерді көп көремін. Неге екенін, бір-бірін өкіртіп өлтіріп, тірілей бауыздап жатқан фильмнің талайын көріп, етім өлген. Бірақ мына фильмнің сондай тұстарына келгенде, жүрегім шымыр етіп, көзіме жас тамшысы еріксіз іркіліп қалды.

Сол киноға Айдос деген филфактың баласы түскен. Сан сезімнің иірімінде отырып, кенеттен таныс бейнені көрген кезде, көзім жарқ етті. Не дегенім есімде жоқ, бірақ қатты айғайлап жіберген сияқтымын. Сөйтіп отырғанда, "группаласым ғой" деп қасымдағы серіктеріме шындығы араласқан өтірікті ұрып жіберіппін. Сөзімді естігендерден иіліп тұрып кешірім сұраймын) Айдос группаласым емес, однокурснигім. "Да какая разница?!" деп орысшалатар еді осындайда Ботик. )

Салмағы ауыр фильм бір демде өте шықты сөйтіп. Тоймай қалдым. Сүйікті кейіпкерлеріме айналып үлгерген Сартайлар жоңғарларды таптай түссе екен дедім. «Ұр, бәлем, аяма, аяма»...

Жүректерімізге үлкен әсер түйіп, кинотеатр есігін сыртынан жаптық. Ұсақ кемшіліктерге көз жұмып, бір ауыздан ұнады дестік.