Массагеттік достарды бір жылдығымен құттықтаймын!
Мен, Айнара Байжан, "Массагет" ұжымында қызмет еткен және қызмет еткенімен мақтанып жүрген алғашқы мүшелердің бірімін. 2011 жылдың жазында мен үшінші курсты тәмамдаған едім.Тенгриньюс ақпараттық порталында еңбек ете жүріп, Он.кз әлеуметтік желісі жаңа ұлттық порталға айналады деген жаңалықты естідім. Күндердің күнінде жаңадан құрылғалы жатқан порталдың басшысы Тамара апай кабинетіне кіріп кетуімді өтінді... Бастықтардың алдына барғанда жүрексінетінім бар еді, жүрегім жиі соғып, кабинетке кірдім. Біраз әңгімелесуден соң ол маған жаңа порталда жұмыс істеуге ынтамды сұрады. Бірден келісе кеттім...
Сөйтіп, 2011 жылдың шілде айында Он.кз және Массагет порталдарының әкімшілігіне қабылдандым. Мен келгенде ұжымда Қуаныш, Анара, Мейіргүл және Ғазиза бар еді. Мен бесінші болып келдім.
Жаңа рубрикалар ойластыра бастадық. Мен тарих факультетінің студенті ретінде, "тарих" рубрикасына жауапкершілікті мойныма алдым. Сайтқа саламыз деп, қазақ тарихының хронологиялық кестесін жаза бастадым. (кейін мемлекеттік емтиханда бұл кестелер маған шпор болды)
Қыздар бөлімін ашу туралы идеяны ортаға тастап едім. Бастапқы кезде ол жәй ғана "Арулар" деп аталды. Оның ішінде Сән, Сымбат, Денсаулық, Аспаздық қана болатын. Кейін Ғазиза "Бастаңғы" деген әдемі атауды ұсынды. (Ғазиза, рақмет саған!) Осылай жұмысты бастап кеттік. Кейін "Бастаңғыға" материал жазу үшін қасыма Нұргүл Алдабергенова келді. Нұргүл тек әріптес емес, туған әпкемдей болып кетті. Қазір де сырласым! Кейін қатарымызға нағыз аспаз Сания келді.
Массагетпен тығыз байланыста болған жарты жыл ішінде мен көп нәрсені үйрендім. Топта жұмыс істеуді, блог жазуды, тәтті тағам әзірлеуді (қазір менің қандай аспазға айналғанымды білсеңіз ғой?)... Корейше сериалдар көретін болдым...:) Мейіргүл жазудың қыр-сырын меңгертті. Жаңа достар таптым. Олардың бәрімен әлі күнге дейін араласамын.
Массагетті сағынам! Ең күшті сәттерім осы жерде жүрген кездермен байланысты.Туған күніме жасалған ерекше сыйды ешқашан ұмытпаймын. Түскі ас кезінде айтылатын әңгімелер, бәріміз жиналып баратын концерттер, мафия ойыны, кездесу, караоке – бәрі-бәрі әдемі естеліктер болып қалды.
16 желтоқсанда сайттың іске қосылғанына түнгі сағат 00.00-де бәріміз куә болдық. Жаңа 2012 жылдың келуін осы ұжыммен қарсы алып, "Өнеге" журналына біржола кеттім.(бұған дейін журналда "дистанционно" жұмыс істеп жүргенмін). Қызмет ауыстыруды мансап жолында бір сатыға жоғары көтерілу деп түсіндім... Және бұл жерде нәтижелі еңбек етуім Массагетте алған тәжірибемнің арқасы деп ойлаймын.
Айтпақшы, Массагет журналдың бір санына шыққан:
Бір жылымен құттықтап, ұжым ісіне сәттіліктер тілеймін!!! Ең бастысы ауызбіршілік болсын!
Massaget.kz бірнеше жылда Mail.ru секілді үлкен порталға айналады деп сенемін!