Массагетпен «заң жүзінде» 1 жыл

Массагетпен «заң жүзінде» 1 жыл
жеке
блог

Бүгін, 28 шілде Massaget.kz танымдық, ойын-сауық порталына қызметке орналасып, келісімшартқа қол қойғаныма тура бір жыл болды.

– Бақыттың бұрышына қол жеткізген жетістігім қалай келді?
– Массагет ашылғалы оқимын, іздеген ақпаратымды осы сайттан табамын. 2 жылдық, 3 жылдық кездесуіне келіп, тілшілерімен танысып, әрбірінің жазу стилін де ажырата алатын болдым. Сол кісілермен бірге жұмыс істегім келеді, бірақ менің өрем жетер ме деген күдігім көп. 2014 жылы күзде нар тәуекел деп, түйіндемемді жібердім, жауап болмады. 2015 жылы көктем келгенде Массагетке қызметкер керек деген жаңалық естідім. Түйіндемемен бірге, «Маған бұл жұмыс не үшін қажет?» деген эссе жазып жолдадым.

1 сәуір күні алдын ала әңгімелесуге (собеседование) шақырды. Менен бақытты жан жоқ. Екі сағат бұрын келіп алдым. «Интернет газеттің орнын баса ала ма?» тақырыбына 10 минутта эссе жазуды тапсырды. Бастықпен сұқбаттастым. «Келесі турға өттің, екі аптадан соң хабарласамыз», – деді.

Құмсағаттың құмындай уақыт сырғып жатыр. Хабар жоқ. Аяқ астынан қаржылық мәселелер туып, қызметкер қабылдамайтын болыпты. Оқуда өндірістік тәжірибеден өту кезеңі жақындады. Ендеше, тәжірибеден «Массагеттен» өтемін дедім. Келісімшарт бойынша менің қауіпсіздігім үшін толықтай жауапкершілікті Массагет мойнына алуы керек. Заңгерлер қарап, келісе алмайтынын айтты. Келісімшартқа басқа жерден қол қойғызып, тәжірибені Массагетте өтей берсем қайтеді дедім. Келісті...

Бір ай мерзім өте шықты. Бауыр басып қалған «Массагеттіктеріме» қош айтып, қимастықпен ауылға қайттым. Бірнеше күн өткенде еңбек демалысынан келген бастық мені жұмысқа қабылдағысы келетінін, бір орын босағанын айтыпты. Бірақ ұсынған жалақысы аса көп емес еді. Үйдегілермен ақылдасқанда айтқаны: «Алатын ақшаң өмір сүруіңе жетпейді, қазір барғанда тұратын жерің жоқ. Күзде оқу басталғанда барасың». Ал мен: «Маған жалақысы маңызды емес, шәкіртақым жетеді. Егер ол кезде жұмысқа басқа адам қабылдап қойса, барған соң басқа жұмыс ізде деп айтпаңдар. Массагеттен басқа жерде жұмыс істемеймін»,– дедім.

2 шілде күні Массагеттен тағы хабарласып, жұмысқа тұрғым келсе, шілде аяқталғанша Алматыға келіп үлгеруім керек екенін айтты. Ата-әжеме бәрін түсіндіріп, қазір ата-анам қарсы болса, сендер мені қолдаңдар, «Барсын» деп айтыңдаршы дедім. Ораза аяқталды, бір ай бұрын барсам да, жататын жер табылар деп ата-анамды оңай көндірдім. Сол күні Алматыға билет алдым. 27 күні келіп, жұмысқа кірісіп кеттім.

– Неге тек Массагетті қаладым?
– Көз ашқалы сүйіп оқитын сайтым (одан басқаларына мүлдем кірмейтінмін). Арнайы тапсырма берілмейді, шығармашылық адамдарына ерік беріп, жаныңа жақын тақырыпты таңдап, еркін стильде жаза аласың. Ең бастысы – тату ұжым. Бұл туралы кейінірек, тәттісі соңына қалсын.

– Массагетке не бердім?
– Оны тұрақты оқырмандарым біледі, бағасын өздері берер. Халықтың кітап оқуға деген құлшынысын арттырып, бала тәрбиесіне мән беруге жағдай жасаймын деген мақсатымды ақырындап орындап келе жатқандаймын.

– Немді алды?
– Жүрегім мен махаббатымды алды. Бар уақытым мен өмірімді арнадым. Өмірім сүйікті ісіммен өтіп жатса, несі жаман. Жүрген жерімнен тақырып іздедім, отырған жерімнен әңгіме болған мәселені «О, осыны Массагетке материал етіп жазып жіберейін» деп, достарымның миына Массагетті мүйізгек (мазоль) қылдым.

– Ол маған не берді?
– Білімімді молайттым. Біреуге бір материал беру үшін өзің мың кітап ақтарып, он сайтты ашып, миллион ақпаратпен танысасың.

Редакторлық қабілетімді арттырдым. Өткен кезеңдерде редакторлар қандай қателіктермен күресті екен деп, еңбек жолына зер салып, тәжірибесін өз бойыңа сіңіресің.

Тәлімгерлік тәжірибемді тізгіндедім. «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» байқауы ұстаз болсам деген арманымды жақындатты. «Кемеңгер» тобына тоғыз шәкірт жинап, білгеніммен бөлісіп, балалар психологиясын терең түсініңкіреп жүрмін.

– Алтын әріптестерімнен не үйрендім?
– Өмірбек Сансызбай – жедел журналист, намысқой, бойында нағыз ер адамға тән ірілік бар.

Бауыржан Жақсымбет – ештеңеге бас қатырмайды, не болса да күліп, күлдіріп жүреді.

Ербол Молдажанов – нағыз көшбасшы. «Ешқашан істемеймін» деген ісіңді қазір орындауға қайтсе де көндіреді. Кез келген кісінің тілін табады. 20-шы жылдары «Ол – президент, мен – білім министрі».

Гүлжанар Жарқынбек – өмірге өзгеше көзбен қарауға әсер етеді. Мұражайға, көрмеге, галереяға – барлық жерге бірге барамыз.

Ақтоты Жапатова – кемеңгер келіншек. Отбасының берекесін кіргізетін әйел адам қай жағдайда қалай әрекет етуі керек екенін айтады. Әр әңгімесі – ең жақсы кітаппен тең.

Ернар Алмабек – ақыл мен идеяның қайнар көзі. Кез келген сұрағыңа жеріне жеткізіп түсіндіріп, жауап береді. Ешкімнің сөзін бөлмейді. «Ернар?» – деген кезіңде біреумен сөйлесіп отырса, біраз уақыт өтіп кетсе де, бағана не айтайын деп едің? – дейді...

*Олар бір жерге жиналып, шай ішкенде бірі болмай қалса, "кек алу үшін" өзгесімен бірге шай ішеді.
*Олар біреуі прикол ұстаса, бір-бірін іліп әкетіп, біраз жерге апарады.
*Олар кез келген идеяңды қолдап, ойыңа ой қосады.
*Олар ЗП түскенде Румиге, караокеге, табиғат аясына шығамыз деп, жоспарлап қояды да...
*Олар "Демалыста бәріміз жұмысқа келейік, сен де арғы күнгі кезекшілігіңді орындап қой" деп шақырады да, өздері шаруаларымен кетіп қала алады.
*Олар отырып алып, орнынан тұрған адамға "Су, су" деп стаканын ұсынғанды жақсы көреді.
*Олар "Шай құйып бергеніңе ЗП-дан 3000 тг бөліп отырамыз" деп...
*Олар қоянның етін жеген адамды жеп қойған акуланың еті сатылатын жер іздейді.
*Олар әлі күнге агентте отырады, бар қызығын да сонда айтады.
*Олар шын жанашырлық танытып, кез келген сәтте күлдіре біледі.
*Олармен бірге болғаныма "Заң жүзінде" 1 жыл болды. Мен оларды жап-жақсы көремін.
*Олар – менің Массагетім.

Олар туралы айтылар, жазылар сөз көп. Барынша қысқартып жаздым.