Массагетпен танысқым келеді!
блог
Армысыздар құрметті Массагеттіктер! Бүгінгі таңдағы қазақ сайттарының ішінде ойып тұрып орын алатын сіздер деп білемін. Сағат сайын кірмесем де, күніге сайттарыңды ашып, жаңалықтарыңызды ақтарып шығамын. Күн санап дамып келе жатқан сайттарыңыздың беделі асқақтай берсін. Оқырмандарыңыз да көбейе берсін. Нағыз еңбек сіздердікі деп білемін. Өйткені, кейде сайт бетіне шығып жатқан материалдарды оқып үлгере алмай жататын кездерім де болады. Сондықтан да сайт бетінде өз блогымды ашуды жөн деп шешіп отырмын.
1. Өзім жайлы қысқаша мәлімет
Мен Сансызбаев Өмірбек Тимурұлы 1992 жылы 15 қырқүйекте дүниеге келгенмін. Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының тумасы боламын. Мектепті «Алтын белгімен» аяқтап, бүгінгі таңда қара шаңырақ Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетінің ІІІ курсында білім нәрімен сусындап жатқан жайым бар.
2. Хоббиің не?
Хоббиім кішкентай кезімде футбол фотоларын жинау болатын. Алайда өсе келе сол кезде солай істегеніме күліп қарайтын кездерім де болды. Қазіргі хоббиімді екінші мамандығым десем де болады. Ол – сурет өнерімен айналысу. Суретші деп ойлап қалмаңыздар))). Фотограф болып қызмет жасау. Кейбір кештерде, туған күнде немесе табиғат аясында кейбір түсірген фотоларым сәтті шығып жататын кездері болады. Ондай да бір көңілің көтеріліп бір қуанып қаласың.
Сәтті шыққан фотоларым деп ойлаймын:
3. Қай елге саяхат жасағың келеді?
Саяхат, ел көру, жер көру – үлкен қуаныш емес пе? Мен өзім Қазақстанның бірнеше қалаларында болғанмын. Шет елдерде болып көрмеппін. Алайда мен баратын жерді білгілеріңіз келсе, шошып кете ме деп қорқамын... Жарайды айтайын. Ол – Припять қаласы (Украина). Яғни Чернобыль. 1986 жылғы атом электер станциясының жарылысынан кейін қала халқы эвакуацияланған болатын. Мені бүгінгі сол қаланың тіршілігі мен көрінісі қызықтырады.
4. Үйде кім басшы болу керек деп ойлайсың?
Әрине, ер адам басшы болу керек. Ер адам отағасы болған соң, сол биігінде тұрғаны жөн. Отбасы болған соң бір-бірін сыйлай білсе, ақылдасып тірлік жасаса, балаларына жақсы тәрбие берсе оның өзі –үлкен бақыт.Бір-бірін сүйіп қосылған жандар бұл сұрақты қажет етпей-ақ, бір-бірінің қас-қабағынан барлығын түсінеді деп білемін.
5. Егер де осы өмірге келеріңде саған таңдау жасалса, кім болып келер едің (құс, жануар, жәндік, планета)?
Мен бұрын (сол кішкентай кезімде) құс болсам ғой деп ойлайтынмын. Қанаты бар, тамағы дайын, киім керек емес, кез келген жерге жетіп алады. Қысқасы мүмкіндігі мол. Керемет-ақ ә?...Алайда бұл ойымды тас-талқан еткен бір себеп болды. Яғни, бір күні апам бір кітап әкеліп берді. Әлем балалар әдебиеті екен. Осы кітаптан бір әңгімені оқығаннан кейін, менің ойым (арманым демей-ақ қояын) 180 градусқа айналып сала берді. Құс болмаймын енді?... Неге? Сол әңгімеде, мен сияқты құс болғысы келіп жүрген баланы бір атақты профессор аппарат көмегімен(қандай аппарат екені есімде жоқ) құсқа айналдырып жібереді. Басында қызық болды. Шымшық болған бала сникерс жегісі келді. Бидайды қорыта алмаймын деп қорықты. Үйіне барса мысығы жеп қойғысы келді. Жалпы одан кейін бар қиын өмірінің кезеңі басталды да кетті. Лашын мен тұйғыннан қашты. Өмір сүру үшін күресті. Ақырында профессорға ұшып барып, адам кейпіне қайта еніп, үйіне қуанып қайтты.(Мен келгесін мысығына не істегенін ойлап кетіппін...). Адам боп өмірге келген соң, адам болып қалудың өзі – үлкен бақыт қой.
6. Сүйікті спорт түрі?
Мен футбол ойнағанды жақсы көремін. Біреулер ойнағанды ғана жақсы көрсе, мен көргенді де жақсы көремін. Жалпы футболист болуды кішкентайымнан армандадым. Араның ұясындай құжынаған көрермені бар стандионда доп тепкім болды. Алайда «жақындарымның» көбісі қарсы болып, мүмкіндік те аз болды. Жай арман ғана болып қалды. Ары қарай қозғамай-ақ қояын...
7. Өмірлік ұстанымың немесе жиі колданатын нақыл сөзің?
Мен мектеп кезінде Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын көбірек оқитынмын. Соның ішінде «Қызыл ормалды Шынарым» өте қатты ұнаған шығармасы еді. Алматыға оқуға түскен соң, осы шығарманы театрдан тамашаладым. Керемет шықты. Бәрі де ұнады. Бұл шығарманы айтудағы себебім, менің өмірде көп алға жетелейтін осындағы бір керемет сөз. Ол – «Адам өмірге келгенде ессіз болып келеді, есуас өмір сүреді, есі кірген соң бәрі кеш болады».