Массагетпен қалай таныстым?

   Массагетті туғанынан танимын. Ол кезде мектеп оқушысы едім. Интернетті шарлап отырып массагетке тап болғалы бері өзіме риза болып жүрдім. Күн сайын кіріп, мақалаларын жібермей оқитынмын. Достарыма да үнемі жарнамалап жүретінмін. Әлі де сол, ештеңе өзгермеді. Массагетке махаббатым сол баяғыдай))) Бір қызығы, массагетім өмірімнің әр кезеңінде маған ақылын айтып отыратын. Мен ҰБТ тапсыратын жылы ҰБТ-ға қатысты мақалалар мен блогтар қарша борады. Грантқа түскенімді де дәл осы массагет тілшілерінен білген едім. Сол үшін маған ыстық деп қояйыншы)) Күні-түні блогерлердің әр жазбасын жібермей бақылап отыратынмын. Талай таңды массагетпен атырдым. «Мен де осылай блог жазып, мені де біреу оқыса екен» деген ниет болса да, жүрексінетінмін. Өйткені, білімім жетпейді, мен әлі дайын емеспін деп кейінге қалдыра бердім. Өзімді лайықсыз сезіндім. Массагеттің дәрежесі мен үшін өте биік еді. Қорқа-қорқа батыр боласың демекші, 1 жыл бұрын блог жүргізе бастадым. Менің де алғашқы жазбаларым «үздік блогтар» қатарына еніп, ел-жұрт оқи бастағанда жүрегім жарылардай болған. Сүйіншілеп құрбыларыма бір мақтанып алғанымды да жасырмаймын))
 
Биыл Алматыда өткен марафонға барсам, Массагетімнің көк туы желбіреп тұр. Жүрегім алып-ұшып жетіп бардым. Есім ауып  массагет ұжымына не айтып, не қойғанымды білмеймін. Егер қателеспесем, сол кезде Ербол ағаның Жапырағы да болды сол жерде)) Оны кейін ойланып жүріп есіме түсірдім.
 
Мына сурет сол күнгі естелік. Құрбым екеуміздің көңілімізді қалдырмай жиналып, бізбен естелік суретке түскендеріңізге рақмет! Жақсы көремін) Және адал болып қаламын. Жасай бер, өркендей бер, массагетім...
 Ал сіз массагетпен қалай таныстыңыз?)


Бөлісу: