Массагет маған қазақ елінің әр өңірінен жаңа достар сыйлады!

Массагет маған қазақ елінің әр өңірінен жаңа достар сыйлады!
жеке
блог

СЫРЛЫ СҰХБАТ АЛАҢЫнда қонақта - Гүлфайруз Қуанышбаева!

Барлық сұхбаттар бірте-бірте шығатын болады, кешіктірілгені үшін кешірім сұраймыз!


Сәлеметсіздер ме Массагет ауылының тұрғындары және осы ауылда тұратын бауырымдай болып кеткен менің достарым. Бірінші сіздерден кешірім сұраймын! Өйткені Массагетке кірмегеніме, онда блог жазбағаныма көп болыпты. Қателеспесем 22 наурыздан бері кірмеген сияқтымын. Бірақ Мой Мир агенті арқылы хал-жағдайымды сұрап тұратын массагеттік достарымда баршылық. Оларға алғысым шексіз. Кірмей кеткен себебім, жұмысымның көптігі, қолымның босамай жүргені, бірақ жүрегім әрдайым Массагет деп тұрады. Сұрақтарын қойып, пікірімді, көзқарасымды білгісі келетін достарымның сұрақтарына жауап берейін:

1. Адамның бойынан ең бірінші қандай қасиетті көргіңіз келеді?

Өте орынды сұрақ. Адам болған соң кемшіліксіз болмайды. Бірақ соның ішінде адамгершілік қасиетін жоғалтпаса екен деп ойлаймын. Қазақ халқы бір-бірімізге жанашыр, бауыр бола білсек екен деп санаймын. Екінші иманымыз берік болса екен, әр түрлі діни ағымдардың жетегінде кетпей, аузымыз Алла, жүрегіміз иманға толы болса екен деп ойлаймын.

2. Қандай да бір хоббиіңіз бар ма? Бос уақытты қалай өткізесіз?

Хобби меніңше, әр адамда болады деп ойлаймын. Жасөспірім шағымда қателеспесем 13 пен 20 жас аралығында видеокассета жазуды, әр арналарда көрсететін концерттік бағдарламаларды, әр түрлі ой салатын хабарлар мен бағдарламаларды видеокассетаға көшіріп жазуды ұнататынмын. Одан кейін 2000 жылдан бастап 2008 жылға дейін аудиокассета жинау менің хоббиым болды. Сондағы қазақ эстрадасының әндері мен терме жинақтарын жинайтынмын. Сонан соң қазақ басылымдарының ішінде Жұлдыздар отбасы журналы, ең басында газет болып шыққан еді, сол сәттен бастап, журнал болғанға дейін жинап жүрдім, сонымен қатар, «Жұлдызбен сырласу», «Жұлдыздар құпиясы», «WOW», «Өнеге» т.б журналдарды оқып, жинап жүрдім. Бос уақыт деген менде көп бола бермейді. Егер қолым босап жатса, үйдің шаруасымен, отбасыма көңіл бөліп, достарыммен кездесіп, құрбыларыммен сырласқанды жөн санаймын. Ең бастысы рухани азық іздеп кітап дүкендеріне барып, ұнаған кітаптарымды іздеп табуды жаным қалайды.

 

 

3. Өмір Сізге несімен қызықты?

Негізі өмірдің өзі қызық қой шіркін, өйткені, өмірдің ақ пен қарасы, қызығы мен шыжығы, қуанышы мен қайғысы бірге жүреді. Өмірмен күресіп жүріп, өзіңде шыңдала түсесің.

2007 жылы әкемнен айырылып қалғанымда мен үшін өмірдің мәні жоқ болғандай болды. Сол кезде мен және отбасым қиын кездердің дәмін таттық. Өз-өзіме келуіме бірнеше айлар керек болды. Үнемі жалғыздық менің серігім болғандай, жалғыздықты қаладым. Үнемі есік жаққа қарап, мүмкін әкем келіп қалар деген іштей сеніммен елеңдеумен болатынмын. Бірақ бәрі бекер екен білдім. Сосын өз-өзіме сұрақтар қойып, өз-өзімді жұбатып, қолға алдым. Тірі адам тіршілігін жасауы керек, Аллаға қарсы келе алмаймыз. Үйдің үлкенімін. Анам мен бауырларым маған сенім артып отыр, оларда жәутеңдеп маған қарайды. Егер осылай боп жүре берсек, жұртқа мазақ болармын, оданда әкем тыныш жатсын десем, әкемнің атын жақсы жағынан шығарайын деп, жақсылыққа қарай бет алдым. Тіпті, қазіргі кезде ойланамын кейде, дұрыс қадамға барған екенмін. Қазір шүкіршілік етемін, өйткені ел ордамыз – Астанада ҚР Әділет Министрлігінде қызмет атқарамын, бұйыртса анам мен бауырларымды жаныма көшіріп алайын деп жатырмын. Мен ойымша, өмірдің әр сәтін мәнді де, сәнді етіп, ұтымды пайдаланған жөн.

4. Оптимистсіз бе?

Әр кезде әртүрлі боламын. Аса қатты оптимистпін деп айта алмаймын. Егер қоғамдық игі істерге, елім үшін, халқым үшін қандайда игі шараларға қатысып, көмегім қажет болса әрдайым дайынмын.

5. Достарыңыз Сізді қалай еркелетеді?

Негізі достарым өте көп, бірақ сенімді жан достарым саусақпен санарлық. Онша ешкімге сене бермеймін. Достарым Гулфай, Гуфай, тентек кыз деп еркелетеді. Бірақ көбінесе азан шақырып қойған есіміммен айтқандарын қалаймын.

6. Ырымға сенесізбе? Сенсеңіз, қандай?

«Қазақтар ырым етеді, ырымы қырын кетеді» дейді қазақ мақалдарында. Ата-бабаларымыздың бұрыннан бері жалғасып келе жатқан ырым-тыйымдары бар. Қазақтың ырым-тыйымдарына сенемін.

7. Массагет оқырмандарына қандай бес кітап оқуға кеңес бере аласыз?

Негізі кітап оқығанды жақсы көремін. Қазір Абай жолы романын қайтадан оқып жатырмын. Абай жолы романын 2-ші рет оқып жатқанымның себеі, бір оқығаннан түсіну қиынға соқты маған. Сондықтан, екінші қайтара оқып жатырмын. Мен кеңес беретін кітаптарым:

1. Мұхтар Әуезов – Абай жолы романы

2. Абай Құнанбаев – Қара сөздер жинағы

3. Ділдә Матайқызы – Айналайындарым менің

4. Мұқағали Мақатаев – Аманат

5. Қалқаман Сарин – Арманымның бейнесі

8. Әлемнің қандай қалаларын аралап көргіңіз келеді?

Ең бірінші арманым бірінші қазақ елінің барлық қалаларын, ауыл, аймақтарын, табиғаты, ауасы керемет елді мекендерін аралығым келеді. Содан кейін әлемнің қалаларын аралап көруіме болады. Бірақ шетел асып, ел аралауға әуестегім жоқ. Егер мүмкіндік болса, Париж, Лондонға баруға қарсы емеспін.

9. Кішкентайыңызда кім болсам деп армандапа едіңіз?

Білсеңіздер сыр елінің азаматтары мен азаматшалары өнерге жақын келеді ғой, сол секілді кішкентай кезімде мен де әнші, актриса болуды армандадым. Бірақ, өкінішке қарай, бұл арманым орындалмады. Бірақ өнер адамдарымен тығыз байланысып, өзіме аға, апа, құрбылар таптым.

10. Қандай асты сүйсіне жейсіз, қандайын ерекше дайындай аласыз?

Меніңше, қазақтың ұлттық тағамдарына жететін ас жоқ шығар, сондықтан қазақтың етін, қуырдағын, қазы-қартасын жақсы көремін, бәрін бөліп жарғым келмейді, қазақтың тағамдарының барлығы ұнайды. Ең қызығы ас әзірлеуге көп қолым босай бермейді. Өйткені үйге кеш келемін, оған дейін алдымда ас дайын тұрады. Анам, сіңлілерім үйде әзірлеп қойса, қазіргі кезде нағашы апамның қолында тұрамын, сол кісі дайындап қояды. Егер аяқ астынан қонақ келіп қалып жатса, үйде ешкім болмай қалып жатса, жаркое картоп пен пловты жақсы дайындай аламын.

11. Сөмкеңізде жүретін 3 нәрсе?

1. Әмияным 2. Опа-далаптарым 3. Ылғалды, құрғақты майлықтар (салфеткалар)

12. Ұстанымыңыз қандай?

Қазақтарда айтады: «Өмірлік ұстаным өрге жетелейді» дейді ғой. Сол секілді әр өмірлік ұстанымымды Абай атамыздың жыр жолдарынан, қара сөздерінен алып отырамын. Ол менде өте көп, ар адамда өмірлік ұстаным болуы қажет деп ойлаймын, ол мені жігерлендіріп, мені алға жетелейді, Мысалы, «Еңбек етсең емерсің», «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген секілді. Жалпы менде өте көп.

13. Массагет үшін және массагеттік достарыңыз үшін не істей аласыз?

Массагет үшін, сол массагеттік достарым үшінде қолымнан келгенше бәріне дайынмын. Өйткені Массагет маған қазақ елінің әр өңірінен жаңа достар сыйлады, Массагетте өз пікіріммен ойыммен бөлісе де, сырласа да аламын, кеңестер де ала аламын, әр түрлі мен білмейтін ақпараттар алып отырамын. Сондықтан Массагеттің ғұмыры ұзақ болсын, тұрғындары көбейе берсін.

 

суреттер: жеке мұрағаттан