Массагет және мен

Массагетті күннен күнге оқи отыра көптеген адамдардың ішкі толғанысы мен ішкі жан дүниесіне үңілгендей боласың. Биылғы жылы Сіздерге 1 жыл толса да, көптеген адамдарды әсіресе жастарды өздеріңізге тарта алдыңыздар. Сол үшін Сіздерге айтар алғысым бөлек. Массагетпен танысуым көптен бері, анығын айтар болсам 9-8 жылдай көріспеген сыныптасым Сәниямен кездескенімнен кейін пайда болды. Бұдан бұрын ғаламтор, блог жүргізуге қызығушылығымның болмағандығы құпия емес. Десе де, әңгіме барысында сыныптасым Массагет деген порталға кіретіндігін, және өте қызықты екендігін бөліскеннен кейін мен де Массагетке кіріп көрдім. Порталмен таныстығым осыдан бастау алды. Содан бері түрлі әңгімелер мен еліміздің әр түкпірінде тұратын  қызықты тұлғалардың жазбаларымен танысып жатырмын. Әсіресе маған массагетте ұнайтыны "эстафета". Бұл жазбалардың спорттық ойынмен тек атауы ғана байланыстырса да, эстафеташы мен оқырман арасында байланыс орната алды. Бүгін жаңадан жазба жазған Ая Бегімнің жылдық қорытындысын оқыдым. Үздік фильмі деп Ая Бегім "Черная лебедь" психологиялық триллерді атаған екен. Бұл фильм жайлы естуім болса да, көрмегенім рас. Сондықтан ерінбей қарап шығуға бел будым. Фильмді бір демде көрдім. Таңғажайып. Өзім өнер саласының маманы болсам да, балет өнерін осы уақытқа дейін түсінбей келдім. Бірақ аталмыш фильм, жуырда болған Болат Аюханов және оның труппасымен жеке танысуым, әңгімелесуім балеттің шынайы бейнесін аша түсті. Эдгар Деганың неліктен балетке ғашық болуының сырын түсінгендей болдым. Болат Аюханов балетті ақсүйектер өнері деп бекер атамаған екен. "Лебединное озера" қойылымын қазіргі заманға келтіре білген фильм режиссерінің білімпаздығы мен дарындылығы болса керек. Жазбам рецензияға ұқсап кетпес үшін, Массагетте жүргізіліп келе жатқан "Эстафеташылар" мен ұйымдастырушылардың арқасында мен үшін өнерде жаңа парақ ашылды деп сөзімді тамамдағым келеді. Сөздің шыны осы. Сондықтан "эстафеташылар" мен "массагеттіктер" жыл қорытындыларыңыздағы барша жақсылық өмірлеріңіздегі игі бастамалардың тек басы ғана болсын. Жаңа жылдарыңызбен!!! Және  елімізде ұлттық аза тұту күндері мүлдем болмасын дегім келеді.        



Бөлісу: