Массагет ауылында болып жатқан оқиғалар

 

Жарқын Алаш неге жұлдызды блогтан жоқ болып кетті? деген мәселеден бастасам.

«Массагет» ауылына эстрада жұлдыздарының жаппай көшіп келуіне байланысты, ауылдың жоғары жағында орналасқан элиталы «жұлдызды блогтар» көшесінде орын тапшылығына байланысты ауыл әкімшілігі сол жердің байырғы тұрғыны Жарқын көкемізді соңғы уақытта пост жазбай кеткендігін сылтау етіп, қарапайым тұрғындар арасына жер аударып жіберді. 

Әкімшіліктен түсініктеме талап етеміз деп жатыр ауыл тұрғындары. Әйтпесе "Бастаңғы" алаңына барып бастама көтеріп, форумға барып шулаймыз дейді. 

***

Ауыл тұрғындарының старостасы Ботик Мұхтар елдің бәрін жинап алып, жиналыс өткізген болатын. Талқыланған мәселе: үйлерінде жата бермей ел болып, бір ауыздан қаңтардың 29-ы мен ақпанның бесі аралығында  бендиден өтетін әлем чемпионатына өз командамызға жанкүйер болып қатысу. Басшылардың әдеті емес па, бұйрықты беріп қойып, сол күні Ботиктің өзі бармай жылы үйде пештің түбінде пырылдап ұйықтап жатыпты. Жыны ұстаған тұрғындарға бар айтар жауабы: «Ы». Ал, бірдеңе ұғып көр!Онымен ұрсысып береке таппайсың бәрібір.

***

Сол күні старостаның бір ауыз сөзін жерге тастамай тауға барғандардың тізімінде Сәкен Нұрқабекұлы да бар. Таудан ерекше әсерленіп қайтқан-ау деймін. Әдетте жан баласына сырын ашпайтын бауырымыз шаттықтық буымен ба, әлде ішімдіктің буымен ба ол жағы бізге белгісіз. Бірақ, келе сала алдағы бүкіл жоспарын  ауыл тұрғындарына шашып тастады.

***

Тұрғындардың күн сайын ғана емес сағат сайын саны артып, ауылымыз үлкейіп жатыр. Күнде думан, күнде той! Қоныстарына құтты болсын айтып үлгермей жатырмыз. Тұрғындардың бәрі өз ара тату, тұрақтылық жасасын деп кейбір партиялар сияқты айтатын болсам мен өтірікші болып қалам енді. Жаңадан көшіп келген Баян сұлу деген тұрғынымыз саяси ұпай жинау мақсатында "мен казак кыздарына тан каламын" деген ток-шоу ұйымдастырған болатын. Қыздар қауымынан үлкен қарсылыққа ұшыраған Баян сұлу айғайға басып, көмек сұрады. 

 

Тұрғындар арасында үлкен жанжалдың басталып кетпеуіне алаңдаған ауыл старостасы Ботик араласты. Өз міндетін атқару үшін шулап жатқан халыққа «қойыңдар, ол қызға тиіспеңдер!» десе, екінші жағынан Баян сұлуды да оңдырмады. Мәз болып тұрған Баян сұлу аузы ашылып аңтарылып қалды. Басшылардың бәрі екі жақты роль ойнайтынын қайдан білсін ол қыз! Жалғыз шын жанашыр бауыры Либерал Лидер ғана жұбата алды. Ол қыздың өкпесі қазір қара қазандай біздің ауылға. Өкпесін жазу үшін Бали аралына демалып келуді ұйғарыпты. Баян сұлуға айтарымыз: ондай-ондай болып тұрады. «Ырылдарсың, қаппассың, бізден жақсы таппассың!» Ашуыңызды басыңыз, құдаша! Қайтып келіңіз.

Ауылымызға жаңадан көшіп келген тұрғындардың бірі Шахмұрат Айтбай бар. Осы жерден баспана алуына мұрындық болған Қарлыға Темірғали болуы мүмкін.  Зар заман ақыны Шахмұрат Айтбайдың қасында атақты Мәжнүн жолда қалып қояды. Мақсат пен Раушанның махаббат хикаясынан басталған ғашықтық дастандар тұрғындар арасында хитқа айналып кетті.

 

Пост ұзақ болып,  тұрғындардың жүйкесін жұқартпайын деп осымен тәмәмдап отырмын. (Жалғасы бар.)

 



Бөлісу: