«Массагет» - адалдық пен сенімнің ұштасқан шыңы!»

«Массагет» - адалдық пен сенімнің ұштасқан шыңы!»
жеке
блог

Есіл Еркесі - Айгерім Жаңабай

Бала кезіңізде кім болуды армандадыңыз? Ал қазір ше?

Жаз  бойы көзімнің жасы мөлтілдеп, «Балалық арманым, балалық арманым» деп сіздерді де мазалаған едім, сондықтан менің балалық арманым барлығыңызға белгілі шығар. Бала күнімнен тек қана бір-ақ нәрсені армандаппын – журналист болу. Бірақ, басқалар сияқты «Теледидардан шығам,  тележұлдыз болып кетемін» деп емес. Кішкетай кезімнен газеттерге мақала жазып, журналдарды қызыға оқыған соң маған журналистиканың баспа жағы ұнайды. Қазір де бұл арманымнан айырылған жоқпын. Керісінше, жолдан талай армандар ілесіп, талай армандарымның күлі көкке ұшып кетті. «Қуаған жетпейді, бұйырған қашпайды» демеуші ме еді мұндайда?..

 

Қандай жанрда кітаптар ұнайды?

Тарихи, психологиялық, философиялық  кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Ал әдебиет жанрынан поэзияға бүйрегім бұрып, поэзия деп жүрегім соғып тұрады. Соңғы кездері прозаға да жақындап келе жатырмын. Жалпы алғанда, әдеби кітаптарды жақсы көріп оқимын.

Егер мүмкіндік болса, өз өміріңізге қандай өзгеріс енгізер едіңіз? Әлде бәрі ойдағыдай ма?

Сенесіз бе, осы сұрақ болса екен деп іштей тілеп жүрген едім... Қазір ойдағыдай болмаса да, Аллаға шүкір, өмірім жаман емес. Ал, егер шынымен осындай мүмкіндік болса 2010-жылға кері шегінер едім. Себебі, өмірімнің екінші тарауы осы жылдан басталған. Осы жылы көп бастамаларды бастап, үлкен өмірге аяқ басқан болатынмын. Ал қазір үш жыл алдын түскен жолымнан адасып бара жатқан сыңайлымын. Мүмкіндік болса, сол жылдан бастап жасаған қателіктерімді қайталамай, «сол жылдағыдай» өмірімді жалғасырсам... Қиялдап кеттім, иә?!

Қандай сұраққа жауап беруден қорқасыз?

«Ертең не істейсің?», «Болашақта қандай жоспарың бар?» деген сияқты  алдағы  уақытқа байланысты қойлыған сұрақтарға жауап беруге қорқамын. Себебі, ертеңім тұрмақ, бүгінгі күнімді бітіре аламын ба, жоқ па белгісіз ғой...

Қандай сұраққа жауап берерде үнемі қателесесіз?

Ойланып көрмеппін...

Достарыңыз көп пе?

Міне, міне осы сұраққа жауап берерде көп қателеседі екенмін. Себебі, мен тез сенгіш адаммын. Біреу алдымда жылы сөйлеп, күліп тұрса болды, мен үшін содан жақсы адам болмайды. Кейде өзімді досқа адал емес жандардың тізіміне қосып қоямын. Мені дос санап жүретін адамдарды өзіме дос тұта алмайды екенмін. Қандай тасжүрекпін иәә?! Соңғы кездері дос, достық махаббат дегеннен көңілім қалып, дос атаулыға сенбейтін болдым. Бұл өмірден доссыз өтуден артық азап жоқ шығар...

«Өстім, ақыл тоқтаттым, өмірде өз көзқарасым қалыптасты» деп айта аласыз ба?

Қалай айтсам екен?! Өскенім рас, бірақ ақыл тоқтатқаныммен өмірге деген өз көзқарасым әлі қалыптаса қойған жоқ. Себебі, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырымды мәнді өткізгім келеді. Өмірің мәнді, сәнді болу үшін бір жолмен жүру керек болады. Ал мен әлі сол жолды таба алмай жүрген жолаушы тәріздімін. Адасып жүріп біреулерден жөн сұрасам, әркім әртүрлі жолды маған нұсқап, бағытымнан айырылып қалып жатқан кездерім көп. Сондықтан, «болды, мен өмірден  өз жолымды таптым» деп нық сеніммен айта алмаймын. Амандық болса, араға біраз уақыт салып осы сұрақты сұрасаңыз жауабым өзгеше боларына сенемін.

Қай тілдерде еркін сөйлей аласыз?

«Құдайға  шүкір, мен мына тілді білем, осы тілде бұлбұлша сайраймын» деп ауыз толтырып қазақ тілі мен орыс тілінен басқа тілді айта алмаймын. Ұятын-ай!.. Ағылшын тілі мен түрік тілдерінде еркін емес, бірақ ауыз екі сөздермен сөйлеймін, ол да болса көп емес, керек кездерде ғана. Негізі тіл білу керек екен. Әсіресе, ағылшын тілін. Мен мектепте тілге аса назар аудармағандықтан, мектептегі алған «бестіктерімнің» пайдасын «рахаттаныыып» көріп жүрмін. Сондықтан, айналайын сіңлілерім, інілерім, мектеп оқушылары, сендерге айтарым ағылшын тілін, тек ағылшынды емес, барлық сабақтарыңды баға үшін емес болашақтарың, өздерің үшін оқыңдар... Жоқ, достар шын айтам, ақыл емес, өздеріңізге кеңес деп қабылдарсыздар...

Қандай жанрда, қай бағытта қандай әндер тыңдайсыз?

Әнді көп тыңдамаймын. Тыңдағанның өзінде көбіне сөзі жоқ мелодиялар тыңдаймын. Өзіме классикалық туындылар ұнайды. Бетховен, Моцарт шығармалары ерекше күйге бөлейді.

Көп ән тыңдамағандықтан сүйікті әншім де көп емес.

Соңғы уақытта Мұрагер Сауранбаев орындайтын «Арнау» күйі менің сырласым болып кетті. Қиналғанымда, қуанғанымда осы әуенді жанарыма жас алып, құлақ түре емес жүрекпен тыңдаймын, беріле. Құдты осы әуен мені түсініп, қол ұшын созатындай. Қамшының сабындай қысқа өмірімнің сан қилы қырын айшықтап, сезім иірімдеріне чырлас болған осы әуеннің авторы Сауранбаев Мұрагермен өмірімде бір рет көрісіп, сұхбаттассам ғой, шіркін...

«Ақша» әлде «Ақыл»?

«Әрине, ақша. Ақылың болып қолыңда көк тиының болмаса кімге керексің қазіргі заманда? «Менің ақылым бар» деп шіреніп те жүре алмайсың ғой. Ақшаң болса оқисың, ақшаң болса адамдарды қуантасың, айналаңдағыларға көмек бересің. Қысқасы, «ақшаң болса қалтаңда, талтаңда да талтаңданың» кейібінде  болып, әлемдегі бақытты жандардың қатарында боласың» деп айтсам үлкен ағаттық жасаған боламын. Ақша - ол ақша, керек дүние. Бірақ, ақша ешқашан ақылдың орнын баса алмайды. Сондықтан, бірінші орында ақылды таңдаймын. Ақылды болсаң ақшаны да, басқаны да таба аласың. Ақшаң бар, ақылың жоқ болса күн көріс көзі жоқ деген сөз. Ақшаңды ақылсыз бет алды жаратып, соңында тақыр кедей болуың әбден мүмкін. Ал ақылың болып ақшаң болмаса бөлек әңгіме...

Адамды бірнеше рет сөйлесе келе тану мүмкін бе? Әлде, бірнеше жыл араласу шарт па?

Мен осы тұста қатты қателесемін. Айттым ғой, тез сенгізшпін. Негізі, менің тәжірибем бойынша, бір жыл емес үш-төрт күннің ішінде тануға болады. Мейлі, ары кетсе бір аптаның көлемі дейін.            Менің бір группаласым айтатын «адамды төрт нәрсеге байланысты ажыратуға болады. Солардың бірі - бірінші көзқарасы, яғни, бірінші кездегі сені қалай қабылдағаны» деп. Рас екен...

Ата-анаңыз туралы айта аласыз ба?

Айтайын. Әркімге өзінің ата-анасынан асқан аяулы жандар болмас, сірә! Ата-анам үшін «мен бақыттымын» деп әлемге жар салсам да арзиды ғой, шіркін! Олар алтын адамдар. Асқар тауым - мінезі жұмсақ, артық сөзі жоқ, қарапайым, қазақша айтқанда қой аузынан шөп алмас кісі. Ал қайнар бұлағым - жан-жақты, пысық, адам таңдамайтын, жағасында бес құрақты биік белеске жетелеп отырған «супер келіншек». Дегенмен, бұлаққа қарағанда  тауға жақын қызбын. Екеуі де ыстық. Оларға деген махаббатым – сөз жеткізгісіз сезім. Екеуін  ешқашан бөліп жармаймын. Құдайым екеуіне ұзақ, бақытты мәнді де сәнді ғұмыр берсе екен.

Осы тұста бір нәрсе айтайын ба?! Бірақ, ешкімге айтып қоймаңыздар. Бұл жаңалықтан ауылдағы туыстарымыз да бейхабар. Уақыты келген соң айтамыз деп жүр үйдегілер. Алла сәтін салса, көп ұзамай арамызға бір періште қосылғалы жатыр. Иншалла, сол періште келгенде сіздерден қуанышты хабармен сүйінші сұрау нәсіп болсын (әмин). Тілеуімді тілеуді ұмытпаңыздар!

Айгерім анасы және әпкесімен

Қазақстанның қай қалаларын аралау ойда бар? Әлемнің ше?

Ақтау! Оқуға келгенде бастапқыда Маңғыстаулықтарды таппай біраз жүгіргем. Ең әуелі туған жерім, содан кейін Маңғыстау  өлкесі маған ыстық. Сонда барсам, табиғатына тәнді болып, мәдениетімен таныссам деген арманым бар. Арман емес,  алдыма мақсат етіп қойып үлгердім. Неге десеңіздер, Ақтауға тартып тұратын өзіндік бір сыр бар. Ал әлемнің қалаларынан, бірінші орында Мекке мен Мәдинеге барсам деймін. Ләйім, солай болғай! Кейін, Түркияға соның ішінде Стамбулға барғым келеді. Соңғы кездері Қожа елі, Измир туралы блогтар оқыған соң Түркияға деген ынтызарлық менде арта түсті. Шіркііін, барсам ғой. Қыдырып, дем алуға емес, оқуға, пайдасы бар нәрсені іздеп барсам деймін...

Массагетке қашан, қалай келдіңіз?

Оныншы сынып оқитын кезім. «Мирда» отырып, он.кз деген сайтқа көзім түскен. Содан қызық санап достық жібердім. Сайт жайында анық-қанығын сұрадым. «Сіз оныншы сынып болсаңыз, тесттер көп бізде» деп бір админ «намек» тастаған. Бірақ, тіркелуде кедергілерге тап болып, тура тоғыз ай жүрдім. Қалай тіркелетінін админдерден сұрап алмай тұрақты оқырманы ретінде сығалап жүре беріппін ғой. Білмеймін, сосын басым қалай істеп кеткенін, агентте отырып Массагеттің агенттегі сайтына жазып, қалай тіркелетіні туралы сілтемені алдым. Сосын, «бісміллә» деп 21. 03. 2013 жылы тіркелдім.

Массагет – Сіз үшін ...

Алғашқы блогым «Таныстық» деп аталды. Алғашқы блогыма алғашқы болып пікір қалдырған Амир Хамитов. Кейін, көп мұңлы дейін бе қалай өзі, көңілсіз жазбаларды жаздым. Ешкім танымайды, ешкім мені білмейді ғой деп ішкі бар сырымды «Массагетке» айтуды шығардым. Сіздер нұсқаған нұсқаулықпен, сіздер айтқан ақылмен, сіздер айтқан сынмен, сіздер бөліскен сырмен өмірімді түрліше етіп өзгерте білдім. Жақында астаналықтармен кездесу болғанда «Есіл еркесі сен бе?» дегенде қатты ұялып кеттім ғой. Бірақ, бәрібір сіздермен бөліскен сыр басқаша болады екен. Анар әпкеміз айтпақшы, «Блог күнделік сияқты». Сол сияқты «Массагет» менің күнделігім. Мен Массагетке жазбаны блоггер болу үшін емес, білікті маман иесі болып шығу үшін емес, мұғалімдердің тапсырмасы үшін емес, өзімді жұлдыз сезіну үшін емес, өзім үшін жазамын. Себебі, бұл – менің күнделігім. Оны тек сіздер оқисыздар. Күнделікті адам біреуден қорыққаны үшін немесе біреудің тапсырмасын орындау үшін жазбайды ғой. Өзі үшін, ішкі сырымен бөлісу үшін жазады. Мен де дәл солай істеймін. Мен үшін «Массагет» - адалдық пен сенімнің ұштасқан шыңы! Адалдық болған жерде ғана саған деген сенімдер молая түседі. Ал мұны кім қалай түсінсе маған бәрібір...

Сөз соңында айтарым, мені «Сырлы сұхбат алаңына» қонақ еткендеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін, тұщымды жауап бере алдым деп ойлаймын. Арада болған алты ай ішінде мен Массагетке қатты бауыр басып қалдым. Алты ай ішінде айды аспаннан түсіретіндей нәрселер істемесем де, Массагеттің дамуына сүбелі үлес қосып, титтей бір пайдамды тигізсем мен үшін үлкен бақыт болар еді. Алла бұйырса, Массагет биыл екі жасқа  толады. Бес жылдығы, он жылдығы, тіпті жиырма, елу жылдық мерейтойлары Республикалық көлемде тойланатындай Қазақстандағы ең, ең, ең бірінші орындағы сайт болсын!

 

суреттер жеке мұрағаттан

Келесі қонағымыз - Каспий Меруерті