Маркетологтардың басы істемейді ♂

Ата-ана, бала-шағамызбен дастархан жайып, кешкі асты ішуге отырғанымыз сол, күнегі әдетімізбен теледидарды қостық. Тәп-тәуір бағдарламалар көріп отырған біздің алдымызға «жасыл қақырық» ойнақшып шықты. Дастарханға қарағымыз келмей қалды.

Түрлі іс-әрекет жасаушы «қақырық ханымның» кеткені сол еді, мұны аз көргендей теледидарымызға «сары бәле» жүгіріп шығып, әлдеқандай байқұстың бас бармағының тырнағын ашып кеп жіберді. Әкем ішіп отырған шайын жұта алмай қалған болуы керек, бірде жөткірініп, бірде шашалды. Мына теледидарды бірден өшіру керек пе еді, көк жәшіктің келесі бір «өнерін» көрдік. Тіс пастасын жарнамалаймын деп, асымызға дәлдегендей біреу қанын араластырып, түкіріп кеп жіберді. Мына көрініс шырқымызды бұзғаны анық еді енді... ♦

Енді жатып алып, ойланайын. Бағдарламамыздың телевизияға беріліп жатқан бар уақыты осы жарнамамен өте шығады. Жарнама демекші, біздің де көргеніміз бар (мақау емеспіз ғой), оның да түр-түрі болады. Адам көңіліне тиетін «ботқадай» PR адамға әсер етпейді. Әлде сіз, мына құрметті оқырман, таңертең тұра салып, тісіңізді прополисі бар тіс пастасымен жуып, міндетті түрде «үш қызанақтан» жасалатын майонезді тамағыңызға қосып ішесіз бе? Әлде қорабына төлемеу үшін сатып алған кір ұнтағыңызды қалтаңызға салып жүресіз бе? Көшеде кетіп бара жатып, көйлегіңіздің әдемі екенін айтқан адамға қалтаңыздағы сол ұнтақты шығара келіп, көрсетесіз бе? Жә, әзіл болса да сол енді. Еңіреп, жылап, көзінен қан аққанша қақсайтын жазба емес, тек жоғарыда жазылған мәселелерді маркетологтар ескерсе деген тілек бар.

Ал сіз теледидардан көрсетіліп жатқан сілекей мен қақырықты тамағыңызға араластырып, жейтін бе едіңіз? Әлде менің ғана қабылдауым тым әсершіл болып кеткен бе?

Өз ойым өзімде, маркетологтардың басы істемейді... ♣◘○•♦♣♠♥☻☺

(Суреттерін бірде таппасам, бірде шығаруға ыңғайсыздандым)



Бөлісу: