Маржан сөз

Маржан сөз
жеке
блог

Салем, Массагет! Бүгін сіздермен өзімнің оқыған кітабым жайында бөліспекпін. Әр ел-жұрттарының мақал-мәтелдері. Ондағы мәні мен мағынасы, астарлы ойы ерекше ұнады. Сіздерге де ұнайды деген сенімдемін. Сонымен, Мордва мақал-мәтелдерінен:

Өмірді сүйген

Өмірден орнын табады.

 

Алдыңнан алуан-алуан жол шықса,

Адастырмайтынына түс. 

 

Естігің  келмегенді есіңе алма.

 

Махаббаттың төлеуі-махаббат.

 

Ақиқатты қорғаған аh ұрмайды.

 

Көмек күтсең, көмектес.

 

Өмір - көр соқырдың да көзін ашады. 

 

Сәбиге әкенің сақалы да қорған.

 

Жалқаудың арбасы зар жылайды.

 

Топас-қаралы үйде де тойдағыдай даурығар.

 Сөзі көптің сылтауы көп.

 

Шындық қана шын күледі.

 

Адам боп туу оңай,

Адам боп тұру қиын. 

 

Осетин мақал-мәтелдерінен:

Кемеңгердің уайымы - көптің уайымы.

 

Елін сатқан - итаяқтан ас ішер.

 

Ақсақалдың ақылы қысқарса,

аузыңдағы сөзі ұзара береді. 

 

Ананың қарғысы да алғыстай.

 

Ойыңа келгенді ойланбай істеме.

 

Адамның тілегені болар бәрі;

Жоқ, әттең, жастық дәурен оралғаны.

 

Татар мақал-мәтелдерінен:

Әр істің ұстасы бар,

Әр ұстаның ұстазы бар.

 

Сөзің өлгенше өзің өл.

 

Тіл менікі, сөз елдікі.

 

Көріп жүрген көріктіні алғанша,

Көріп білген көріксізді ал.

 

Жігіт шағыңда малсыз да болма,

Арсыз да болма.

 

Сүйгенімнің көңілі үшін сүймесімді сүйемін.

 

Ғашықтардың иманы - жылап-сықтау. 

 

Махаббатқа тұтқын болсаң. көз жасың құрғамас.

 

Жаман қатынның пышағы екеу: бірі қолыңда. бірі аузында.

 

Әке жүрегі таудан үлкен,

Ана жүрегі теңізден терең.

 

Өмір бәрін үйретер,

Үйренбесең күйретер.

 

Арақ ауызға шыбын боп кіріп, аждаhа болып шығады.

 

Қонақ тоймаса да, "Рахмет!" - дер.

 

Баланың баласы балдан да тәтті.

 

Шақырған жерге ерінбе,

Шақырмаса көрінбе.

 

Қазан бәрінен де қара, елді тойдырады,

Қар бәрінен де ақ, бойды тоңдырады.

 

Адамның уы жылан уынан он есе асып түседі.

 

Өзіңе ұнамағанды өзгеге лайық көрме.

 

Өмірді тану-ғылым,

Өзіңді білу-өнер.

 

Бала заманына тартып туады.

 

Адам бір доссыз, бір дұшпансыз болмас.

 

Дұрыстық өз жағыңда болса, қырық мың кісі қарсы болса да, қамықпа.

 

Адамның құрмет көруі де, қорлық көруі де өзінен.

 

Көңлің кең болса,

Үйім тар деп именбе. 

 

Сөзім өтсін десең, сұмпайылығыңды көрсетпе.

 

Неміс мақал-мәтелдерінен:

Біреудің шаңырағына ақыл айта барма.

 

Парызың сөйле деп тұрғанда үндемей қалу - қып-қызыл қылмыс.

 

Абыройың артқан сайын арқалар жүгің де ауырлайды.

 

Ақпа құлақтан алланың айтқаны да ағып кетеді.

 

Корей мақал-мәтелдерінен:

Ұры-ұрлатқанды кінәлайды.

 

Ақылды пікірінен қайта алады,

Ақымақ сөйтер деп кім айта алады?!

 

Ғажап сұлулық - ғашықтардың көзінде.

 

Ісім өрге бассын десең - өзің тындыр.

 

Тағдыр табандыларды жақтайды.

 

Француз мақал-мәтелдерінен:

Бірін-бірі сүйсін дегенше,

Бірін-бірі білсін де.

 

Достарымыздың достары - біздің достар.

 

Айырылысу - махаббатың ажалы.

 

Кешірім сұрағаннан керіспеген жақсы.

 

Ақылдылар алдына

Ақымақты ерте барма.

 

Балдың тәттілігінен ақиқаттың ащылығы артық.

 

Себепсіз сұраған-селсоқ тыңдаған.

 

Жапон мақал-мәтелдерінен:

Жүректі би етпе,

Ұстаз бол өзің жүрекке.

 

Тіс қатты ғой, бірақ сынып кетеді,

Тіл жұп-жұмсақ, ұзақ тірлік етеді.

 

Тәтті сөз қатты таяқты қақ бөлер.

 

Жолбарыс терісін жамылғанның бәрі бірдей жаужүрек емес.

 

Жүрек те жез сияқты, тотығады.

 

Шығыс халықтары даналығынан:

Ұстазыңды өле-өлгенше мадақта,

Сол емес пе сені қосқан санатқа.

 

Тіліңдегі жүрегіңде, болмаса,

Әлдекімді сендірем деу-далбаса.

 

Бір ойды жүз сөзбен

Суреттеу өнер ме?!

Жүз ойды бір сөзге

Сыйғызса, шебер де!

 

Досың жақсы болмағаны ол аса,

Шын сөзіңді өтірік деп санаса.

 

Адам тастан берік, гүлден нәзік.

 

Досың мың болса - аз,

Дұшпаның біреу болса - көп.

 

Аттың атын шығаратын - төрт тұяғы,

Адамның атын шығаратын - тіл мен жағы.

 

Жігіттің өзі ұялмаса,

Жұрт қызартады.

 

Шумер және Аккад мақал-мәтелдерінен:

Ақылсызға айтқан ақыл ақыл ма:

Босқа жауған жаңбырмен тең тақырға.

 

Болса егер ер жігіттің ары таза:

Сөзі нық, жүрегі өжет - бәрі таза.

 

Дық салма жүректерге бағынышты,

Болмағай өзің ертең жалынышты.

 

Сыртынан сөйле батып, тайқап ықпай,

Сол сөзді көзінше де айтарлықтай.

 

Өзгені қалай сендіресің сөзіңе,

Алдымен өзің сенбеген соң өзіңе.

 

Адал болғай, әділ болғай қашанда,

Өлген соң да, өлмей тірі жасауға.

 

Жамандық пен жақсылық сыйыспайды,

Бірі жеңсе, біреуі жылыстайды.

 

Ащы айтсаң да, әділ айтқан кезіңде,

Ақылдылар шамданбайды сөзіңе.

 

Әлдекімге жасасаң бір жақсылық,

Досың мен қасыңнан да жүр жасырып.

 

Пы.Сы: Өзіме ұнаған жерлерін ғана теріп-теріп жаздым, әйтпесе біраз жерлері көп.