Марина ВОЛЬНОВА: Мен де әдемілік пен әсемдікке құштармын

Қадірлі қауым, сіздерге Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольновамен Лондон Олимпиадасы жарыстарының алдында алынған сұхбатымды ұсынсам деймін. 

Айқын  03.07.12 

 

Жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына биыл алғаш рет әйелдер боксы енді. Бұрымдылар үш салмақ дәрежесі бойынша күш сынасып, кімнің мықты, кімнің осал екенін анықтайтын болады. Лондон шаршы алаңында Қазақстан құрамасы сапында екі бірдей отандасымыз өнер көрсетеді. Солардың бірі - Марина Вольновамен таяуда сұхбаттасудың реті келді. 

- Ең алдымен біз сізді Лондон Олим­пиадасына жолдама ал­уы­ңызбен шын жүректен құттық­таймыз! 
- Рахмет!
- Марина ханым, өз туған же­ріңіз, балалық шағыңыз жайлы әңгі­ме­леп берсеңіз...
- 1989 жылы Қызылорда об­лы­сының Қазалы ауданында дү­ниеге келдім. Отбасымызда үш ба­ламыз. Мен - үйдің кенжесімін. Ал­дымда екі ағам бар. Ұл бала­лармен бірге өскендіктен, жас-тайымнан спортқа жақын болдым. Әсіресе, жекпе-жек өнерлеріне қат­ты қызықтым.
- Лондон Олимпиадасына жол­дама алғаныңызды естігенде, қан­дай күйде болдыңыз?
- Әр спортшы үшін өз елінің атынан осындай үлкен додаға қа­тысу - үлкен бақыт. Бұл жол­даманы мен көптен күттім. Лон­донға баратындардың тізіміне енгенімді естігенде, қуанышымда шек болмады. 
- Сіз көптеген байрақты бә­секелерде табысты өнер көрсетіп жүрсіз. Тіптен әлемдік деңгейдегі жарыстарда бірнеше рет жүлде алдыңыз. Оның сыры неде? 
- Бұның еш құпиясы жоқ. Мен әр кез спорттық бабымды сақтауға тырысамын. Ерінбей еңбектенгенді ұнатамын. Себебі адал тер төкпеген адамның не­сібесі кем болады. 
- Сіз өз қалауыңызбен боксты таң­дадыңыз ба, әлде бокс сізді таң­дады ма?
- Әр адам өзі сүйген кәсіпті таң­дауға тиіс. Себебі барлық адамның тағдыры өз қолында. Ал менің аңсарым боксқа ауды. Әри­не, бұл еріккеннің еңбегі емес. Бұл - көп күш-жігерді, қажыр-қай­ратты талап ететін кәсіп. Десек те бүгінгі таңда осы спорт түріне деген қызығушылық арта түсуде. 
- Шаршы алаңдағы Марина мен қарапайым өмірдегі Мари­на­ның айырмашылығы бар ма? 
- Көптеген адамдар жекпе-жек түрін таңдаған спортшыларды қатал жандар деп ойлайды. Бірақ бұл қате түсінік. Біздің өзгелерден еш айырмашылығымыз жоқ. Ал жеке өз басыма келетін болсам, шаршы алаңда мен өжет болға­ныммен, қарапайым өмірде мүлде басқамын. Өзге қыздар секілді әде­мілік пен әсемдікке құш­тар­мын. Жаным - нәзік, көңілім - пәк. 
- Ұлтыңыз өзге болса да, қа­зақ­шаға судайсыз ғой...
- Кілең қазақтар арасында өс­кендіктен, қазақ тілі маған өз ті­лімдей болып кетті. Оны меңгеру мен үшін аса қатты қиындық ту­дырған жоқ. Біле білсеңіз, Қа­зақстанда тұрып, қазақ тілін біл­меу - ұят. 
- Лондон Олимпиадасына даяр­сыз ба? Күніне қанша уақыт жат­тығу залында тер төгесіз?
- Бұл төрт жылда бір мәрте ға­на өтетін аса маңызды жарыс болғандықтан, оның жауап­кер­шілігі де өте үлкен. Сондықтанда тәуілігіне үш мезгіл жаттығу жа­саймыз. Аянып қалып жатқан жоқпыз. Олимпиада ойындарында барынша нәтижелі өнер көрсету үшін шеберлігімізді әбден шың­да­ғанымыз жөн. 
- Сіз алғашында дзюдомен ай­налысқан екенсіз...
- Иә, кезінде дзюдомен шұ­ғыл­данғаным рас. Бірақ көп ұза­май бокс үйірмесінің табал­ды­ры­ғынан аттадым. Бұл өнер мені бар жағынан өзіне баурап алды.
- Болашақта өзіңіздей өжет шәкірттерді дайындауға қалай қа­райсыз?
- Мықты спортшылардың бар­­лығы да білікті бапкер бола ал­майды. Бұл тек менің ойым. Сон­дықтанда әзірге спортшы бо­лып жүре тұрайын, ал болашақта бұйыртқанын көрерміз.
- Бүгінде қазақ боксына қан­шалықты баға бересіз?
- Бүгінде біздің жігіттеріміз 10 сал­мақ дәрежесі бойынша 9 ли­цензияға ие болды, ал қыздар 3 салмақ дәрежесінің 2 жолдамасын қалтаға басты. Осы жайттың өзі қазақ боксының әлемде аса жо­ғары деңгейде екенін аңғартады. Ал оның әрдайым биікте болуы үшін біздер еңбектенуіміз керек. 
- Бүкіл халық болып сіздің, алдағы Лондон Олимпиадасынан олжалы оралуыңызға тілектеспіз!


Сұхбаттасқан Гүлжан СЕРІК

 




Бөлісу: