Марапатқа лайық па?

Марапатқа лайық па?
жеке
блог

     Қазақ руханияты мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан өнер иелерін елбасы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапаттағаны есімізде. Ұлт өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан өнер адамдарының еңбегін бағалаған мәдениет министрлігі Тәуелсіздік тойы қарсаңында елдің еркелеріне айдар тағып,киелі өнер жолындағы  дара дарабоздардың шығармашылығына жаңа серпін бергені анық.Осы тұста сол наградаларға кімдер лайық  деп танылды деп дүрлігіп алғанымыз тағы бар. Көмейіне бозторғай ұя салған, серілер мен салдардан қалған сарынды жалғап, өнерді мұрат еткен әншілер,күйшілер,қазақ би өнерін әлем сахналарында,түрлі байқауларда танытып,дара шығып жүргендері де болды наградталғандар,арасында. Әншілерден ел еркесі Мейрамбек Бесбаев пен жас әнші Ділназ Ахмадиевалар қазіргі эстраданың бар жүгін арқалап сол марапатқа ие болғандардың көшін бастап тұр. Әрине,қазақтың маңдайына біткен Мейрамбектің бұл атқа лайық екені дәлелденіп,халық ерке ұлына ол айдарды өзі-ақ беріп қойған болатын. Ал,Қазақстандағы орыс тілді аудиторияның сүйкімді де,сүйікті әншісі Ділназ осыған лайық па деген сауал көптің көкейінде күпті сауал қалдырды. Орда бұзар отыз жасқа келмей жатып марапаттар иесі атанып үлгірген әнші арудың бағы бар дескендер де болған,негізінде. Ұлттық өнеріміз бен дәстүрлі әндерді  халық арасына насихаттап жүрген дәстүрлі әншілерге көрсетілмеген сый мен құрмет орысша өлең айтатын бұлбұлымызға бұйырды,сонымен. Хит тв-дегі орысша клиптеріне қарап берілген бұл сый солай қазақ өнеріне  еңбек сіңіргенінін анықтады ма екен деп біраз бас қатырғаным бар менің де. Алтынай Жорабаевалар осы атақ жолында қанша еңбектеніп,ел-жерді гастрольдік сапармен аралап өнер майданында мықты екендіктерін дәлелдеген. Ал Ділнәздікі... Қазақ әнін орындамақ түгілі,қазақ тілінде бір ауыз білмейтін арудың бағы бар екен,бабынан бұрын.Негізінен ұлт өркениетін дамытып,өз үлесін қосып жүргендер шетке ысырылып,өнер жолында жүрген аға-әпкелеріміз «арман» етіп жүрген осы марапатты уысына түсіріп үлгерген Ділназ сынды сандуғашымыз енді қазақы әндер айтып өзінің сол жолда еңбек сіңіріп, лайық екенін дәлелдейтін шығар деген үмітіміз де жоқ емес-ті. «Екі жұлдыз»  байқауында кәсіби шеберлігін танытқан әнші арудың осы бір қазақ тілге келгендегі осал тұсы оңалып әлі-ақ өзгелерге үлгі болар деген ниетіміз де көкейге ұялаған сенім. Әрине,Тәуелсіздік тойында ақтарыла берілген бұл сыйды орыс тілді аудиторияға көрсетілген қошемет деп білейік,әуелі.Қазақ өнері аманда осы сый-құрмет сол жолда адал еңбектерін сарп еткен өнер иелеріне бұйырса,қанеки. Ділнәз секілді орыс тілді әншілердің қанжығасына кетпей...

                       Салтанат Ермекова,                               

                       ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің 2-курс студенті