Марал Сатқанғалиевамен сұхбат

– Сізді барлығы «Сенбілік серуен»бағдарламасы арқылы таниды. Бұл бағдарлама, сіздің ойыңызша, көрермендерді қандай ерекшелігімен өзіне баурап алды?

Тіпті нашар бағдарламаның өзінен де бір нәрсе алуға, ой түюге болады. Тіл-көзім тасқа, «Сенбілік серуен» бағдарламасының рейтингісі жоғары. Ендеше, рейтингісі жоғары бағдарламаның көрермені бар деген сөз.

«Сенбілік серуен»-ге елге танымал тұлғалар шақырылады. Мен сұхбат берушілерге халықтың көкейіндегі сауалдарды қоюға тырысамын. Көрермен бағдарламаны сондықтан да жақсы көретін шығар. Кейбіреулер: «Мені осы сауал толғандырып жүрген, сіз жауабын бердіңіз» деп жатады. Әрине, барлық адам өз сырын бүкпесіз айта бермейді. Соған қарамастан, сұхбаттасушының болмыс-бітімін мейлінше ашуға ұмтыламын.

– Бағдарламаны түсіруге қалай дайындаласыз? Кейіпкерлерді өзіңіз таңдайсыз ба?

 Әр сұхбатқа ыждағатты дайындаламын. Кейде асығыс түсірілген сұхбаттар да кездеседі. Олардың арасында сәттісі де, сәтсіз шығатындары да бар. Сұхбат сәтсіз шыққанда өзімді жаман сезінемін.

Кейіпкерлер телеарна басшылығымен келісіліп, іріктеледі. Әйтсе де, халықтың көңілінен шығатын тұлғаны байқасам, шақыруға барлық күшімді жұмсаймын, шақырамын да. Сұхбатқа дайындық барысында алдымен оның танысы, досы кім екенін, қай жерде, кіммен оқығанын біліп аламын, сол кісілермен хабарласамын.

 

– Жұмыс стилі жағынан интервью корифейлері арасында сізге кімдер ұнайды?

Ларри Кинг, Опра, Познер. Ларри Кинг былай дейді: «Өзің біліп тұрған сұрақты қойма». Менде де ондай жағдайлар болады. Біреудің алдын ала іштей дайындалып келген сұрақтарын сезсем, оларды қоймаймын. Кейбір сұхбаттарым сол арқылы сәтті шығады. Жауыр болған, жаттанды сұрақтарды қоймасаң, ол адам мүлдем басқа қырынан ашылады, тың идея айтады.
Ларри Кинг, Опра, Познер сияқты менің авторлық бағдарламам он бес жыл, жиырма жыл эфирде жүрсе деймін. Бағдарламаны жастардың көріп өскенін қалаймын. Басқалар маған қарап бой түзейтін адам болғым келеді.

– Жұмыс барысында қандай принциптерді ұстанасыз?

Менің жұмыстағы басты принципім – үміт пен сенімді ақтау. Қолыммен жасағанымды мойныммен көтеру.

–Сұхбат барысында екінші тараптан шектеулер жиі қойыла иа?

 Маған кедергі болған әлі ешкім жоқ. Ренжитіндер көп, ренжіп, басшылыққа хабарласып, кейбір жерлерді алғызып тастасын, артық айтып қойды, артық сұрақ қойды дейтіндер де кездеседі. Кез келген журналиспен сұхбаттасқанда абай болған дұрыс. Қорқатын ақпараты болса, айтпау керек.

– Сіз үшін сұхбат жанрының құдіреті неде?
 Кез келген адам өзінше жұмбақ әлем. Сұхбат арқылы осы «жұмбақтың» шешімін табуға болады. Әңгіме-дүкен құрғаннан кейін маған кейбір адамдар өте жақын болып кетеді, не болмаса жек көріп кетуім де әбден мүмкін. Кейде, амал жоқ, ұнатпайтын адаммен де сұхбаттасуға тура келеді.

Сұхбат адамдарды бір-біріне жақындастыру, мүлдем танымайтын адамдарды таныстыру үшін керек. Танымал тұлғалармен сұхбаттасу арқылы қанатым қатайып қалғандай сезінемін. Сұхбат барысында адаммен жақын танысып, оның жақсы мінезінен тәлім алуға болады. Кейіпкердің образы арқылы көрерменді жақсыға баулып, жаманнан жиіркендіресің.

 

– Танымалдылықтың өміріңіздегі əсер-ықпалы туралы айтсаңыз...

 

Телевидение саласына келген соң, танымал болуың керек. Мен тек танымалдылықты мақсат тұтатын жастан өтіп кеттім. Қазір танымалдылық – мен үшін үлкен жауапкершілік. Бағана эфирдегі қателіктерді айтып кеттік қой. Соншалықты ыршып, шошып кететіндей қателік те емес сол сөздер. Дегенмен, бір сөзден жаңылсаң да, аузыңды бағып отырған халықтың алдында жауаптысың. Демек, олар сенен үлкен биіктікті, біліктілікті күтеді. Тіпті, қарапайым өмірде өзіңді ұстауың, жұртпен қалай сөйлесесің, қалай киінесің – бəрі сын.

 



Бөлісу: