Бүгінгі таңда Маңғыстау облысындағы кәсіпорындарда, ірі мекемелерде жас мамандар кеңестері ашылып, олардың қоғамдық шаралардағы белсенділіктері артып келеді. Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Жас Отан» жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалы жұмысшы жастармен етене араласып, тығыз жұмыс жасап келеді.
Қараша айының 11 күні облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Жас Отан» жастар қанаты Ақтау қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімімен, Маңғыстау облыстық футбол федерациясымен бірлесіп өндіріс орындарында, мекемелерде қызмет ететін жас мамандар арасында шағын футболдан сайыс өткізді. Шараның мақсаты: жұмысшы жастарды қоғамдық өмірге тарту, салауатты өмір салтын насихаттау, спорттық бәсеке орнату арқылы олардың арасында бәсекелестік, достық қарым-қатынас орнату.
Қаладағы «Мұнайшы» спорт кешенінде өткен 2 күндік жарысқа барлығы 14 команда қатысты. Олар: «Қара Құдық Мұнай» ЖШС, «Oil Services Company» ЖШС, ТОО «Актауский Морской Северный Терминал», «Тұлпар Мунай Сервис» ЖШС,«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Бекада» ЖШС, «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС, СЭЗ «Морпорт Актау», "Caspi Bitum" ЖШС, «Арғымақ» ЖШС, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «КазНиПи» ЖШС, «МАЭК—Казатомпром» ЖШС, «Өзенмұнайсерсив» ЖШС мекемесі. Барлық командалар да осал емес. Тәжірибелі төрешілердің төрелік етуімен 3-орынды «БЕКАДА» командасы 40 000 теңге, 2-орынды «Oil Services Company» ЖШС 60 000 теңге, 1-орынды «МАЭК-Казатомпром» ЖШС командасы 100 000 теңгеге ие болды. Ойын барысында үздік ойын көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленген МАЭК командасының ойыншысы Унайбаев Абай төрешілердің шешімімен «ҮЗДІК ОЙЫНШЫ» номинациясын иеленді. Ал «ҮЗДІК ҚАҚПАШЫ» кубогын «БЕКАДА» командасының қақпашысы Бисенби Қуаныш еншіледі.
Шараның марапаттау рәсімінде Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары Қажыгереев Мирлан Сақтағанұлы құттықтау сөз сөйлеп арнайы «ЖАС МАМАНДАР КУБОГЫН» жеңімпаз «МАЭК» командасына тапсырды. Қосымша 100 000 тенге сыйлық та берілді. «Үздік ойыншы» номинациясын Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Кузин Вячеслав Валерьевич табыстады. Осымен жұмысшы жастар арасындағы тартысты бәсеке 12 қараша күні аяқталды.
Бұндай шаралар жалғасын табатынын, жұмысшы жастар әрқашан назардан тыс қалмайтынын жеткізді жастар саясаты басқармасы. Барлық көрермендер жарыстың сәтті өтуіне қошеметтерін көрсетті.