Маңғыстау жастарының "Ауыл жастары - 2015" жастар слеті өткізілді

Маңғыстау жастарының "Ауыл жастары - 2015" жастар слеті өткізілді
жеке
блог

Маңғыстау облысында екінші рет ауыл жастарымен кең көлемді шара өткізіліп отыр. Әр жыл соңында жастармен жүргізілген іс – шараларды қорытындылап, ауыл жастарының жетістіктері жарияланып отырады.

         Бүгінгі слет жұмысы да жастардың көкейіндегі ұсыныстары мен мәселелерін айтып қана қоймай, жыл бойы аудандық, ауылдық деңгейде атқарған белсенді қызметтері үшін марапатталып, алғыстар беріледі.

Негізгі мақсат: ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында, ауыл жастарының мәртебесін көтеру, оларды жан жақты қолдау, сонымен қатар Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты дәстүрлі жолдауын кеңінен насихаттау.

         Маңғыстаулық жастар облыстық жастар слетін жақында ғана дүниеден өткен ардақты тұлға, абыз Әбіш Кекілбайұлын еске алып, үнсіздік жариялаудан бастады. Облыстың аудан орталықтарындағы жетістіктер мен жаңалықтар айтылып, келесі жылдың жоспарлары да атап өтілді.

Слет Ақтау қалалық жастар орталығының ғимаратында өткізіліп, оған Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелерінің басқармасының қолдауымен «Жас Отан» ЖҚ мен облыстық ресурстық орталығы өткізді.

Шараға облыстың 5 ауданы мен 2 қаласына қарасты ауылдардан 40 қа жуық жас қатысты. Басқа да жастар ұйымдары, ерікті жастар қатысып, Мұнайлы және Түпқараған аудандарындағы жастар саясатының жүзеге асырылуы жөнінде аудандық жастар орталықтары баяндама жасады. Сондай ақ «Дипломмен ауылға» жобасына қатысушы жас маман мен жас кәсіпкер де өз ойларын ортаға салды. Ауылдық жерде жастармен белсенді жұмыс жүргізіп, ауыл өмірінің жақсаруына үлес қосып жүрген 14 жас арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Слет соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.