Мәңгілік өнер
блог
Бүгінде домбыраны дыңғырлататындар көп, бірақ екі ішектің құдіретін түсініп, оның табиғаты мен тілін ұғып, күй өнерін өмірлік серік ететіндер ілеуде біреу ғана. Әйтсе де, ата дәстүрді жалғастырып жүрген жас талаптар әлі де бар. Ел іші өнер кеніші демекші, оларды іздеу қиынға соқса да, олар табылды.
Солардың бірі - Құрманғазы Қалиев. Ол дарынды сазгер, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Күйшілер мекен еткен Атырау облысының Тәжін ауданында дүниеге келген. ЖаБүгінде домбыраны дыңғырлататындар көп, бірақ екі ішектің құдіретін түсініп, оның табиғаты мен тілін ұғып, күй өнерін өмірлік серік ететіндер ілеуде біреу ғана. Әйтсе де, ата дәстүрді жалғастырып жүрген жас талаптар әлі де бар. Ел іші өнер кеніші демекші, оларды іздеу қиынға соқса да, олар табылды.
Құрманғазының айтуынша, күйшілік өнерді өмірлік серік етуіне халық өнерпаздары әсер еткен. Жасынан қолына домбыраны ұстатқан да, күйші баланың есімін де атасы қойған. Атақты Құрманғазы күйшінің атына заты сай болып жүрген жігіттің осы күнде авторлық жеке он шақты күйі бар. Бірақ ол өз күйлеріне әлі қот қоймаған, сәті түскенде қоярмын дейді. Алайда атауы бар жалғыз күй - «Жолда». Туған жерге сапар барысында сағыныштан туылған.
Құрманғазы күй тартқанда бей-жай қалмаймыз. Өне-бойыңыз шымырлайды, балқиды, көңіліңіз шалқиды. Өйткені, оның музыкаға деген махаббаты шексіз. Сол махаббаттан болар бәлкім, ол осы өнер жолын таңдаған. Осылайша ол Құрманғазы атындағы Ұлттық Консерваторияның студенті атанды. Республикалық жарыстардан жүлдері орындарға ие болып, өнердің біраз шыңын бағындырып үлгерген.
Күйшілік өнерді жалғастырып жүрген келесі бір өнерпазымыз – Зарина Файзулина. Зарина – Қызылжардың қызы. Жұрт қанша сөз айтса да, онда да дәстүр сақталған. Мұның дәлелі жоғарыда айтылған жас қыз. Кішкентайынан қолына домбыра алған ол: «Күй тарту - эстетикалық талғамым», - дейді.
Күйшілікті арнайы кәсіп етпесе де, өмірінің бір бөлшегіне айналдырған бойжеткен - осы күнде ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің 4 курс студенті. Күй тартуға деген талғамын ашқан әжесі екен. Ата мен әже тәрбиесінің ықпалы қашанда өз жемісін берген ғой. Ол ешқандай күйдің авторы атанбаса да, 50 күйді қалтқысыз тартады. Өнер деп осыны айт. Әрине, бұл әуелі талант пен ынтадан туған қасиет. Бірақ еңбек пен оқудың да рөлі бар екендігін ұмытпаған жөн.
Туған жерінде өнер студиясын тамамдаған ол арнайы музыкалық білімге ие. Соның арқасында бұл күнде ол ҚазҰУ-дың оркестрі құрамында. Кез келген концерт болса, олар өнер көрсетуге дайын. Осы күйлерді тарту арқылы жеткен жетістіктері мұнымен шектелмейді. Облыстық көлемдегі талай жеңістерден оза шыққан. Арнайы жүлделерді қанжығалап, сан рет марапатталған да. Тіпті, оркестрдің құрамында болғаны студенттер қалашығынан жатақхана алуға өз септігін тигізген. «Өнерден ұтқаным болмаса, ұтылған жерім жоқ», - дейді күйші қыз.
Осы күні электронды құралдарға қосылып күй тарту сәнге айналған. Оны көп адамдар шынайы музыка деп қабылдайды. Осындай жағдайға налыйтын Құрманғазы мен Зарина күйшілік өнердің бүгінгі дәрежесі қол шапалақтайтын күйде емес дейді. Өнерге келгенде оладың ой үндестігі байқалады.
«Күй өнері бар, бірақ шынайы түрде аз сақталған. Оны жалған өнерден ажырата білу қажет. Ал, ол үшін классикалық өнерге қызығып, оны көп тыңдау керек». Бұл - Заринаның қазақ өнеріне жаны ашып айтқаны. Ал Құрманғазы болса, «Біз − Құрманғазы, Тәттімбеттердің күйлерін домбыраның шанағынан төгілген қоңыр үнімен тыңдап, сол арқылы бойымызға сіңіріп өскен ұрпақпыз. Бізден кейінгі буын да күйді біз секілді үйренсе» - деп тілек айтты.
Мұхтар Мағауиннің «Көкбалақ» романында мынадай ой бар еді. «Өмір мәңгілік емес. Мәңгілік – өнер ғана! Өнерім өлмеу керек еді. Мұңым сол» - деген. Бізде сол өнердің өлмеуін тілейміз.
Кезінде Құрманғазы, Диналардан қалған бұл мұра - көненің көзі. Ал, көнеден қалған байлықты сақтау әрине, біздің еншімізде. Ал, осындай өнерді өлтіріп алмай, оның ұзақ жасауына септігін тигізіп жүрген қаршадай қыз бен бозбала жігіт тек қошеметке ғана лайықты.
Гүлжан Серік