Мәңгілік махаббат құрбаны

Елу жылда бір рет жер бетіне түсетін пері қызы жайлы естігеніңіз бар ма? Естімесеңіз мен айтайын...

***

Бұл осыдан елу жыл бұрынғы оқиға...

Екі жолаушы тау бауырындағы жолмен аяңдап келеді. Күн де кешкіріп қалған-ды. Бүгін бұл асудан аса алмасын іштері сезетіндей. Күн де өз ұясына қонақтап, соңғы шапақтары тау беткейін қимай қоштасып бара жатқандай. Тау бөктерінің кешкі қоңыр салқын самалы бетке ұрады. Қос атқа жегілген арбаның шиқылы да үдей түскендей. Екі жолаушы тау бөктерінде түнеп, таңертең сапарларын жалғастыруға бекінді. Жолаушының бірінің жасы 25-тер шамасында болса, бірі мұрты тебіндеп те үлгермеген  жас бала болатын. Екеуі жақын маңнан ағаш бұталарын жинап, от жақты. Жолға алған азықтарын аздап жылытып жеп алды. Таудың бөктері салқын, топырағы сызды болатынын екі жолаушы да жақсы білетін. Аздан соң отты өшіріп, от орнына сырт киімдерін төсеп, бастарына ер-тоқымдарын жастанып жатуға ыңғайланды. Жас бала қатты шаршаған болатын. Екеуі ауылдан шыққанына бүгін - екінші күн. Ерге басы тиісімен ұйықтап кетті. Түсінде анасын көрді. Бауырына қысып, жұбатып жатыр екен. «Менің анам осындай жан екен ғой, мен елестеткеннен әлдеқайда мейірімді. Қолы қандай жұмсақ еді» - деп ойлап та қояды. Оның өмірде анасы жоқ-ты. Кішкентайынан апасының алақанында өсті. Анасының түрі түгіл, атын да білмейтін. Апасынан қанша сұрауға оқталғанымен батылы жетпеген-ді. Енді міне, ол бүгін түсінде анасын көрді. Кенет біреу аяғына шоқ басып алғандай шыж ете қалды. Аяғын дереу жинап алып, жатқан қалпы жан-жағына алақтап қарай бастады. Ортада лаулап от жағулы тұр. Мана ғана өшірген едік қой деп ойлап қояды. Сол сәтте оттың ар жағында отырған жігіт пен қызды көзі шалды. Көзі бұлдыр тартып, анық байқай да алмады. Бірақ, жігіт қасындағы жолсерігінен аумайтындай. Бала көзін уқалап қайта қарауға ерініп, қалың ұйқының құшағына сүңгіп кетті. Тағы да анасын көргісі келді. Бетін оттың ыстығы шарпып жатты. Түн ортасы болса керек-ті. Жолсерігі баланы түртіп оятты.

- Қарашы, мына табиғаттың құбылысын, керемет ә! Сен осыны көрсін деп ояттым. Қазір оятпай, ертең айтсам ренжіп жүрерсің-деді жолсерігі. Жас баланың ұйқысы шайдай ашылды.

- Бұл не тағы? Бұрын-соңды мұндайды көрмек түгілі, естімегенмін де ғой. Бізге келмей ме?-деп жас бала сескеніп жолсерігіне жақындай түсті.

- Жоқ, олар көшіп барады! –деген қыздың дауысын жас бала қайдан шыққанын бағамдап үлгермей де қалды.

- Мен таныстырмаппын ғой... Бұл қыз жаңа сен ұйықтап қалғанда келген болатын. Анау төмендегі жолда арбасының дөңгелегі сынып, жолда қалған екен. Біздің жаққан отымызды көріп, қуанып бізге келіпті. Сен қорықпа! Басында бізде бір-бірімізден қорықтық.- деп жолсерігі аузы-аузына тимей таныстыра бастады. Жас бала болса бәріне аң-таң. Қызға да, табиғаттың мына тосын сыйына да.

- Өзін перінің қызымын таныстырды. Перінің қызы болса, перінің қызы болсын, әйтеуір теңіміз болсын –деп әрдеңелерді айтып жолсерігі қызара бөртіп отыр. Жас бала назары тау бауырлай өрмелеп бара жатқан күн түстес шарларға ауды. Біреу ғана емес, ондаған, бәлкім одан да көп шамасы. Әлден уақытта баланың есіне пері қызының «олар көшіп барады» деген сөзі түсті. Кімдер олар?...

- Көшіп бара жатқан кімдер?-деді жас бала қыздың жүзіне енді ғана барлай қарап.

- Кімдер емес, нелер де. Ол таудағы «алтынның көші».

- «Алтынның көші»? Ол не?

- Араға жылдар сала жер қойнауындағы алтындар да көшеді. Яғни, бір орыннан екінші орынға ауысады. Мұны көру көп адамның бақытына бұйыра бермейді – деді қыз. Бала ойланып қалды. Сәлден соң қыз сөзін жалғап:

- Егер осы «алтын көші» кезінде пенде баласы барып, анау жылжып бара жатқан күн тәріздес шардың үстіне кішкене саусағын қанатып, қанын тамызса, алтын сол жерге тоқтайды. Бұл оның серті – деді. Бала бір сәтке барып қыздың айтқанын орындағысы да келді. Бүкіл отбасын, бүкіл ауылды кедейлік қамытынан құтқарар едім деп ойлады. «Алтын көші» көз ұшынан ұзай берді...

Арманның жетегінде отырып баланың көзі тағы ілініп бара жатты. Көз алдында жолсерігі мен жолаушы қыздың әңгімелері жарасымды көрінген сұлбалары ғана елестетеді. Түсіне тағы да анасы кірді. Бұл жолы ұлының басын қалың қамзолының ішіне тығып тұр екен. Бала анасының иісін сезгендей, одан сайын ана құшағына тығыла түсті. Таң атып келе жатса керек-ті. Жолсерігі баланы жұлмалай оята бастады.

- Әлі ерте ғой, ұйқымызды қандырып жолға шығайық – деді бала. Жолсерігі баланың жүзіне тесіле қарап:

- Қыз жоқ! Жер жұтып кетті ме?Қайда кеткенін білмеймін. Көзім аз ғана ілініп кеткен еді, ізім-ғайым жоқ болды. Төмендегі жолға да барып қайттым. Арба түгіл ізі де жоқ-деді.

Таң енді қылаң беріп келе жатқан. Екі жолаушы төменгі жолды тағы да шолып қайтты. Ізі де жоқ. Балаға расында да перінің қызы ма екен деген ой келді...Жолсерігі үнсіз, ал бала түндегі «алтын көшін» есіне алып жолға шықты.

Сол оқиғадан кейін қос жолаушы бір-бірімен жарты айдан кейін жолықты. Атын суаруға бұрылған жас бала бұлақ басынан біреудің су тасып жүргенін көзі шалды. Жақындап барып қараса, өзінің ауылдасы, жақында ғана қалаға бірге барып қайтқан жолсерігі екен.

-Ассалаумағалейкум аға! – деді жас бала аттан түспестен. Ал жолсерігі ернін жыбыр еткізіп өз жөнімен жүре берді. Қолында қауға шелегі бар. Су тасып жүр. Үйі болса ауылдың бір шетінде. Ия қайда тасып жүр? Бала жолсерігінің ісіне таңданып қарап қалды. Ал ол болса мұны көзіне ілер емес. Қауға шелекке су толтырып алып, сол маңдағы сарышұнақтардың ініне су құйып жүр...

- Аға не істеп жүрсіз? – деді таңғалған күйде бала. Жолсерігі сонда ғана балаға барлай қарап:

- Есіңде ме? Екеуміз тауда перінің қызымен кездескен едік қой. Ия? Сол екеуміз түнде осында кездескенбіз. Таңертең тұрсам жоқ. Сол мына індерге кіріп кетті ме деп іздеп жүрмін-деп қарқылдай күле жөнелді. Бала атын суарып үйіне қарай асықты.

Жас баланың жолы бір аптадан соң жолсерігімен тағы түйісті. Бұл жолы көрші ауылды кешкі асқа шақыру үшін жолға шыққан болатын. Әні жүреміз, міне жүреміз деп жүргенде кеш те болып қалған. Қыстың ызғары да басталып қалған кез болатын. Екеуі аттарына қонып, көрші ауылды бетке алып келеді. Жас бала жолсерігінен бұлақ басындағы ісінің сырын сұрайын деп еді, бірақ ыңғайсызданды. Аз жүрген соң түн қараңғылығы қоюлана бастады. Екеуі де үнсіз келеді. Кенет жолсерігі атын тебініп шаба жөнелді. Ауылға қарай емес, баяғы пері қызы кездескен тауға қарай...Жас бала артынан ілеспек болып еді, шаңына жетпей қалды. Жүрексініп кері қайтты. Келе сала бала бар оқиғаны ауыл қарияларына айтты. Сол түні қар жауып, таң алдында ауыл жігіттері мен бала жолсерігін баяғы тау бөктеріндегі пері қызымен жолыққан жерден тапты. Ауыл қариялары «елу жылда бір келетін пері қызы ақыры әкетіпті ғой» деген сөзді баланың құлағы шалды. Көз алдынан аттың қу басын құшақтап жатқан жолсерігі кетпей қойды...

Бұдан елу жылдан кейінгі оқиғаны тағы бір жолы айтып берермін... (Тақырып екінші оқиғаға байланысты қойылған).



Бөлісу: