"Мәңгілік махаббат жыры" поэмасынан үзінді

Қазақ қыздарымыздың барлығы Халима апамыз сияқты болғай!

Халима (үзінді)

Жетінші сөз

Әркім өз әйелін ең асыл металл алтынға бағалайды ғой. Ол дұрыс! Ал Халима алтын емес. Менің қолыма Тағдыр ұстатқан сом алтын сияқты еді.

Енді оның кейбір қасиеттеріне тоқтала кетейін.

Кейбір әйелдер жас басынан ұмытшақ келеді. Халима қыз күнінен өте зерек еді. Орта мектепте, институтта тыңдаған сабақ, естіген лекцияларын, шығарған есептерін артынан бұлжытпай айтып беретін. Барлық семинар сабақтарының лекцияларын ол, көбінесе, дәптерге жазбай-ақ есіне сақтайтын.

Үйде біз әзілдеп оны «Біздің компьютеріміз» деп атаушы едік. Өйткені, ол қалалық автовокзалдың, темір жол вокзалының, аэропорттың, барлық дос-жолдастарымыздың үй телефондарын жатқа білетін. Қай мекеменің, кімнің телефонын сұрасаң да мүдірместен айтып беретін. Орыс, қазақ, европа әдебиеттері классиктерінің аты-жөндерін ғана емес, олардың романдарының басты кейіпкерлерін де есінде ұстайтын.

Егер Халима маған тұрмысқа шықпай, басқа біреуге барса, атақты ғалым әйелдердің бірі болатын еді деп ойлаймын. Ол өз бойындағы осы тамаша талантты мәртебелі махаббат жолына құрбан етті – өз талантын құрбан етті – өз талантын өшіріп, менің талантымды өрістетті. Өз бойынан неше алуан талант төгіліп тұрса да (ісмер, тігінші, шебер кестеші, емші, етікші, электрші, монтер, слесарь да болатын), соның бірде-біріне мақтанбайтын: ісмерлігін мүлде елеусіз нәрсе ретінде бағалайтын.

Әйел адамдар мұң шаққыш келеді. Халима ондай емес еді. Ешкімнің алдына барып арыз айтпайтын.

Әйел адамдар жылауық келеді. Қит етсе жылап қоя беретін әйелдер болады. Халиманың көзінен жас сирек шығатын.

Әйел адамдар күлкішіл келеді. Қарқылдап қатты күлетіндері де болады. Халима ақ тістерін жарқырата көрсетіп, еріндерін сәл ашатын да, жай ғана жымиып қоя салатын.

Көп әйелдер күйеуіне кінә таққыш келеді. 54 жыл бірге тұрғанда Халима маған бір рет те кінә қойған емес. Ол менің мінім жоқтықтан болмаса керек. Жоқтан өзгеге жармасып, жарымның жанын жараламайын дегендігінен шығар.

Көп әйелдер өзін-өзі аяп, өзгенің де оны аяп аялауын талап еткіш келеді. Халима өзін аяп, аяншақтану дегенді білмейтін еді. Мәселен, менде он мыңға жуық кітап бар. Халима ерінбей, жалықпай соның бәрін тізімге тіркеп отырды. Менде 800-ден аса жазушылар, журналистер, әр алуан авторлар қолтаңба жазып сыйлаған кітаптар бар. Халима солардың бірін жоғалтпай жинап, арнаулы картотека жасады. Барлық кітаптардағы автордың сый сөздерін өз қолымен картотекаға көшіріп қойды.

Бір жолы командировкадан келсем, Халима үйдегі суреттердің бәрін алдына жайып салып, жыл-жылымен реттеп отыр екен.

– Картотекаға түсіріп, әр суретті жеке-жеке конверттерге салып, нөмірлеп қояйын деп едім, – дейді.

– Суреттер көп қой. Оған шаршап қайтесің! – деймін әйелімді аяп.

– Бұл суреттердің бәрі заман тарихы ғой. Кейін керек болар. Әр суреттің сыртына ондағылар кім екенін, қашан түсірілгенін бәрін анықтап жазып отырмын, – дейді ол сабырлы қылықпен.

Сөйтіп, ол мыңнан аса суретке өз қолымен текстовка жазып, оларды жеке-жеке конверттерге салып, әр конвертті нөмірлеп, ол конверттердегі суреттердің түсірілген жылдарын сыртына жазып, үйдегі үлкен темір шкафтың екі сөресіне тізіп қойды.

Қазір жұрттың сұраған суреттерін Халиманың картотекасы бойынша қолма-қол тауып бере аламын. Жақында теледидардан Бауыржан Момышұлы, Жайық Бектұров, Ыбырай Жақаев туралы хабарларына қатысқанымда Халима реттеп кеткен суреттерді шетінен алып, көрермендерге көрсетіп отырдым.

Көп әйелдер ұят дегенді естігенімен, ұялуды білмейді. Қоғам рұқсат етті деп, ашық-шашық, жалаңаш-жалпы жүре береді. Ал, Халима маған жалаңаш денесін көрсетуге ұялатын. Көрсетпейтін.

Халима маған жалаңаш тәнін көрсетпегендіктен, мен «Махаббат, қызық мол жылдар» романын жазғанда Меңтайдың жалаңаш қалпын Италия суретшісі Джорджоненің «Ұйықтап жатқан Венера» картинасына үңіліп отырып жаздым. Ал, Меңтай бойындағы адамгершілік қасиеттердің бәрін Халимадан алдым.

Мінеки, Халима келіншек қалпынан кемпірге айналғанда да сол табиғи ұялшақтығының бір мысқылын жоғалтқан жоқ.

Әйелдер баласын мақтап, байын мадақтап, өзін өркештендіріп отырғанды ұнатады. Кейбір әйелдер ұрлық жасап, түрмеге түскен, маскүнем болып кеткен балаларын да көкке көтере мақтай жөнеледі. Күйеулерін: «Сен пәленшеден артықсың, түгеншеден де биіксің. Сенің талантыңа ешкім тең келмейді» деп қолпаштап, қоздырып, желіктіріп отырады. Халима өмірі өйткен емес. Ол жақсы балаларын да, жаман емес күйеуін де жұрт көзінше, не оңашада мақтап көрген жоқ. Ал ішінен балаларын да, мені де шексіз сүйетін, жанындай жақсы көретін еді. Егер әке мен балалар бір нәрсеге келіспей қалса, ол үнсіз отырып қалатын. Ешкімді де жақтамайтын. Кімнің теріс, кімнің оң екенін сол үнсіздігімен ұқтыратын.

Қайда жүрсек те жанына жастық, жүрегін төсеп отырушы еді маған.

Қайран Халиманың осындай мінездері болушы еді.

 

Толығырақ



Бөлісу: