Мәңгілік елдің рухани құндылықтары

Мәңгілік елдің рухани құндылықтары
жеке
блог

      Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында рухани жаңғырудың негізгі өзегі – ұлттық тарихи қазына, яғни рухани мұралар болып табылады.  «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» ҚР 1998 жылғы 22 желтоқсандағы №326-I заңы «Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры-тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси немесе мәдени маңызы бар мемлекеттік және мемлекеттік емес архив қорларының, коллекциялардың және архивтік құжаттардың жиынтығы» деп анықтайды. Ұлттық архив қоры Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады және оны Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі ретінде мемлекет қорғайды. ҚР Ұлттық архив қорының құрамына заң актілер және басқа да ресми құжаттар, басқару, ғылыми-зерттеу, жобалау-констукторлық, технологиялық, патенттік-лицензиялық, картографиялық, геологиялық, геодезиялық және басқа да арнаулы құжаттама, электронды ақпараттық ресурстар, аудиовизуалды құжаттама,тарих пен мәдениетті деректі ескерткіштері, жеке текті құжаттар және ұлттық құндылық болып табылатын өзге де құжаттама, ҚР меншігіне түскен өзге де құжаттар, аса құнды құжаттар құрайды.

        Қазіргі таңда архив құжаттарының құндылығы мен маңыздылығы отандық тарихтың «ақтаңдақтар беттерін» зерттеуде күннен-күнге арта түседі. Себебі, әрбір мемлекет өзінің дамуы барысында ең алдымен ұлттың,  мемлекеттің тарихына ерекше назар аударады. Халықтың тарихи жады мен рухани құндылықтары Қазақстан Республикасының  әлеуметтік-мәдени дамуының негізгі шешуші факторларының бірі болып саналады.

       Бүгінгі таңда ақпараттық қоғам жағдайында архивтік ақпаратқа қоғамдық қажеттіліктерді қалыптастыру тетігіне, жариялылық қағидаттарына сәйкес архивтердің ақпараттық базасын кеңейтуге, қоғам және азаматтарының толық және жан-жақты ақпарат алу деген құқығын беруге көп көңіл бөлінеді. Осы тұрғыдан алғанда, архивтер бірнеше функция атқарады. Біріншіден, архивтер әлеуметтік жадтың ең құнды бөлігі болып табылады, өйткені олар құжаттарды сақтайды және өткен тарихтың құнды дерек көздері болып табылады. Басқаша айтқанда, архивтер маңызды әлеуметтік функцияны жүзеге асырады – қоғамның ұзақ мерзімді жадын қамтамасыз етеді. 

       Екіншіден, архивтер тарихи-мәдени мұраны пайдалануда  және насихаттауда  маңызды рөл атқарады. Архивтер-тарихи уақыт пен жад сабақтастығының маңызды буыны. Үшіншіден, архив құжаттарының қолжетімділігін арттыру мақсатында сандық жүйеге көшу жұмыстары архивтерде қолға алынған. Бұл үрдіс құжаттарды пайдалануда көптеген мүмкіндіктер береді. Қажетті құжаттарды іздеуді оңтайландырып, пайдаланушының уақытын үнемдейді. Ал түпнұсқа құжатты зақымдаудан сақтайды.

       «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында архивтер жас ұрпақтың бойында Отанға, туған еліне  деген сүйіспеншілік, патриоттық сезімін қалыптастыру  мақсатында өлкетанулық шаралар, студенттер мен оқушыларға арналған танымдық дәрістер, түрлі тақырыптарда виртуалды көрмелер ұйымдастырады. Сондай-ақ,  тарихи-мәдени мұраны насихаттауда жеке текті құжаттар қорының да  маңызы зор. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет және өнер қайраткерлерінің құжаттық мұраларына бүгінгі таңда қажеттілік пен сұраныс артуда. Әсіресе өскелең ұрпаққа өнегесі мол тұлғаларымыздың қалған жәдігерлердің берері мол.

      Сонымен, архив мекемелері – мәңгілік елдің рухани мұрасын сақтайтын,  пайдаланатын, насихаттайтын ақпараттық орта. Архивтер –халық жадының сақтаушысы ғана емес, тарихи сананы қалыптастыруда, патриоттық, рухани тәрбие беруде де маңызы зор.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

тарих факультетінің проф.м.а. т.ғ.к.  Алпысбаева Н.К.