"Мәңгілік ел - Алаш идеясының жалғасы"
жеке
блог
блог
«Алаш –Қазақ мүддесінің үзілмеген арқауы».
«Ұлы тұлғаларды білмейінше бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдып қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Алаштың басты мақсаты қазақ қоғамын бірті-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген»
Н.Ә.Назарбаев
Көк жүзін жалғыз жайлаған қырандардың талайы уақыт пен кеңістікке сіңіп жоқ болған. Алайда ғасырды ғасырға жалғап, «қазақ» деген ел қалыптасты. Тәңірдің өзі жаратқандай ұлы даланың еңбек пен зейнетке, жеңіс пен жеңіліске толы өмірлері де бәрі-бәрі уақыт тұңғиығынан тізіле көрінгендей. Бүгінгі күннің өктемдігін сілкіп тастағанның өзінде қазақ ұлтының еш уақытта өзінен-өзі шектелмегенін көреміз. Тағдыр мен Тәңірдің құзырында болған қазақтар алуан түрлі ықпалға құшағын жая отырды. Ұлы Қазан төңкерісінен кейін қарапайым халықтың бар назары Кеңес үкіметінің басшылық іс-әрекетінде болды. Өзінің жетпіс жылдан астам тарихында миллиондаған адамды қырғынға ұшыратып, дүниенің астан-кестеңін шығарған қызыл империяның дүниеге келуі осы күннен басталған. Ал бүгінде осы бір тарихи сәтке 100 жыл толып отыр. Қатыгез саясаттың құрсауында қалмас үшін ұлтымыздың арман-мақсатын ұран қылып, либеральды көзқараспен әділеттілікті қалаған зиялылардың басын қоса білген «Алаш» партиясы. Алаш – Қазақстанның «Мәңгілік ел» ел мұратын саясат пен руханият тұрғысынан айқындаған, айшықтаған кезең атауы. Қазақ баласының саясат, мәдениет сатысына көтерілгендігін айғақтай отырып, ендігі жерде ұлт ретінде дербес өмір сүруге, өзге елдермен терезесі тең халық ретінде азат күн кешуге болатындығына әлеуметті сендіре алған жаңашыл қазғалыс та осы еді. Тарих сахнасына өз есімдерін алтын әріппен жазып қалдырған сол бір ата-бабаларымыздың ерлік істерін әркез насихаттау бүгінгі күннің ұрпақтарының парызы десек артық атқанымыз емес шығар. Осы мақсатта Әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің тарих, археология және этнологияфакультеті Қазақстан тарихы кафедрасы мен филология және әлем тілдері факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 1-курс студенттерінің ұйымдастыруымен Алаш зиялыларын ұлықтау бағытында ғылыми конференция оздырылды. Шара барысында ұлтының тағдыры тығырыққа тірелгенде өз заманының өзекті де өткір сұрақтарына жауап берген, қалтарыстан шығар жолды сілтей алған қоғам зиялыларының өмірі мен еңбек жолын кең түрде насихаттауды ұйғардық. Айта кететін жайт, біз туып өскен топырақтан да осындай сара жол сала білген саңлақтардың бар екендігін алыста жүріп мақтана да марқая да айта аламын. Орда жерінде туып, саяси- құқықтық, қоғамдық ой-пікірдің дамуына өзіндік өлшеусіз үлесін қосқан ірі тұлғалар- Ғұмар Қаршев, Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Елеусін Бұйрық, Сейітқали Меңдешев, Ғабдолғазиз Мұсағалиевтай мақтаныштарымыздың есімін конференция барысында тілге тиек еткен болатынмын. Ұлттық рух ұлттық сананы оятады, қажымас қайрат пен асқақ зияткерлікті сыйлайды. Ал осы бір зияткерлікті әрі қарай шыңдау үшін белгілі бір құрылым қажет. Міне, осындай білім мен сананы қалыптастыру , тарихи қажеттіліктер негізінде Алашорда үкіметі дүниеге келсе, бүгінгі таңда осындай ғылыми конференцияның бізге сыйлары көп. 118- ден астам студенттердің басын қосып, тарихи сананы жетілдіруге күш салған аталмыш факультеттің Б. Сайлан, С. Смағұл, Г. Абикенов сынды ұстаздарына айтар алғысым шексіз. Ұлт үшін жанын берген бабаларымыздың ерлігімен келген тәуелсіздіктің белгісін шартарапқа танытып, еліміздің өткенін қадірлеу – біздің борышымыз. Бүгінде тәуелсіздіктің ақ таңын көру мына бізге бұйырған. Ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрескен ата-бабамыздың арқасында тіліміздің, асыл дініміздің, салт дәстүрлеріміздің қайнар бұлақтарымен қайта қауышып жатырмыз. Өшкеніміз жанып, ұмытқанымыз жадымызда жаңғырды. Мұның барлығы қазақ елінің ұстанған бағыт-бағдарының дұрыстығын, ата-бабаларының жолынан айнымағандығын білдіреді. Аталарымыздың тар кезеңде табысып, бірлік-берекесін көрсеткен жақсылығын қатар ұлт келешегін ойлауда халықтың тағдырымен ойнау да түбі жақсылыққа апармайтынын білген. Міне, осындай уайым-қайғының, ұйқысыз түндердің нәтижесі – «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тәуелсіздікке жеткізді. Ал, өткеннің кейбір іргелі тағылымдарына мына –біз ден қоймасақ, кім ойламақ? Сөзімнің соңын барша Қазақ еліне, тарихи мекен орда жұртыма айтулы мереке құтты болсын дей отырып, еліміз бен жеріміздің көркеюін тілеймін! Ф.А.ҚозыбақоваҚазақ Ұлттық Университеті
Тарих, археология және этнология т.ғ.профессоры
Рысқалиева Балнұр
1-курс суденті
«Қазақ тілі мен әдебиеті»