МӘҢГІЛІК ЕЛ

МӘҢГІЛІК ЕЛ
жеке
блог

        Ертеден елдік пен ерлікті, бірлік пен татулықты ту еткен халықпыз. Тарих бетін парақтап, атадан қалған сара жолды саралап қанша карасаң да, қазақтың қаншалықты қонақжай екендігін көзден таса қалдыру мүмкін еместігін аңғарасың. Өзгені өз ұлындай көріп, төрге шығарғаны былай тұрсын, барын алдына тосып, әлек болады да қалады. Бабамыздан қалған бұл мінез әлі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан жайы бар. Ынтымағы жарасқан елімізді пана еткендер қанша. Көршіні өзіндей көріп, «Бөлінгенді бөрі жейдінің» кейпінде жүрміз, қазір. Бір шаңырақ астында, бір үйдің баласындай тату-тәтті күн кешіп жатыр, Қазақстан. Шет жақтағы көршілердің қызыға да қызғана қарайтын жайы бар дер едім.

       Өзге ұлттан теңін тапқандар да баршылық. «Ұлтым өзге болса да, жүрегім мәңгілікке «Қазақ» деп соғады»,-дегенде мерейің тасып, бір асқақтап қаласың. «Нағыз азамат, нағыз патриот деген осындай болуы керек шыған, шамасы?!»-деген ой да маза бермейді, артынан.

       Байқар көзге, елімді дүниежүзіне әйгілеткен небір батырларымыз да өзге ұлт. Олардың да айтар сөзі сол. Жылы лебіз, ыстық махаббаттарын білдіріп, қуаныштан көзіне толған әр тамшыдан «Елім!»-деп еңіреген боздақтарымызды көресің.

      «Бірлік болмай, тірлік болмас»,- дана халқым текке айтпаса керек. Өмірдің мәні татулықта, достықта, бейбітшілік пен тыныштықта екендігі даусыз. Бірлігіміз жарасқан, мәңгілік ел болуды нәсіп етсін, Жаратқан.

Жансая ҚАБДЕН