Маңдайға жазылған...

Маңдайға жазылған...
жеке
блог

Ертеде... деп бастасам ертегі деп қаларсыздар, дегенмен, мүмкін аңыз ба, әлде ақиқат па белгісіз. Бірақ осындай оқиға болған деседі...

Бір екі кісі жолаушылап ұзақ жол жүріпті. Жолаушылардың бірі  түнделетіп жүруге тиіс болыпты да, серігі түнде қонып сосын жүретіндігін айтыпты. Түнделетіп жүретін жолаушы серігіне қоштасарда:

- Алдыңнан қонарға ауыл шыға қоюы екіталай, сондықтан бейіт басына жолықсаң қабірдің ішіне кіріп түне, сыртында жын-шайтандар жүреді,-дейді. Жолаушы болса әрі қарай жүре береді. Шынымен де ешқандай ауыл кездеспей әбден шаршап бір моланың ішіне кіріп ұйықтап қалады. Бір кезде сыбырлаған дауыстардан оянып кетеді:

- Жүр, тезірек ауылға барайық, сәби дүниеге келетін болды.

- Бара алмаймын, үйде қонағым бар.

Жолаушы өң мен түстің арасында жатып бір кезде тағы да сыбырлаған дауыстар естиді, олар:

- Дүниеге кім келді?

- Қыз бала босанды

- Маңдайына не жазылды? Кімге бұйырды?

- Сенің қонағыңа бұйырды.

- Ажалы неден болады?

- Аттың айылынан, - дейді.

Таң атып жолаушы дұғасын оқып, жолын жалғастырады. Алғаш кездескен ауылына кіріп, бүгін түнде дүниеге келген сәбидің үйін сұрайды. Ауыл адамдарынан естіп білген соң сол үйге барып "Құдайы қонақпын",-деп жатып алады. Сәби жалғыз қалған кезде пышақпен қарнын жарып өлтіреді де, қашып кетеді. Тағдырын өзгерттім деп есептейді. 

Бірнеше жылдар өтеді. Әлгі жолаушы біраз жасқа келіп үйленеді. Үйленген соң әйелінің қарнынан ұзын сызықты көріп, не екенін сұрайды. Әйелі туылған кезінде келген құдайы қонақтың ішін жарып қашып кеткенін, бірақ та тек қарны ғана жарылып емші тігіп бергенін айтады. Жолаушы тағдырдың жазуынан қаша алмайтынын түсініп, не болса да аттың айылынан сақтап жүрейін деп ойлайды. Әйелін атқа мүлдем жолатпай біраз жыл өмір сүреді, балаы-шағалы болады. Бір күні сол жолаушы көрші ауылға кетіп қалады да, кешке қайта алмай сонда қонып қалуына тура келеді. Келесі күні үйіне келсе әйелі аяғын ауыртып алыпты, жүре алмай жатыр екен. Не болғанын сұрағанда әйелі:

- Кеше қатты жаңбыр жауды, сенің атыңның ер-тұрмандарын жинап жүріп айыл аяғыма қатты түсіп кетті,- деген екен. Ақыры әйелі сол ауруынан көз жұмыпты.  

Маңдайға жазылғаннан қаша алмайсың деген осы шығар. Ал сіз не ойлайсыз, оқырман?