Мамыр мейрамдары.
блог
Мамыражай мамыр келісімен мерекелер болып, біраз күн демалып қаламыз. Ал әлем елдері бұл айда қандай қызық мейрамдар тойлайды екен?
Англия. Гүлдер фестивалі. Англияда 1862 жылдан бастап, Патшайымның бағында гүлдер фестивалі өтеді. Әртүрлі туындылар, дизайнерлік декорациялар мен безендірулер паш етіледі. Бірнеше күнге созылатын фестивальдің алғашқы күндері патшайымның отбасы аралайды, одан кейін, әдемі көрініске куә болғысы келетіндер арнайы билетпен кіре алады. 100 ден аса гүл көрмелері ұйымдастырылады екен.
сондай-ақ мамыр айының соңғы күнінде музыкалық фестиваль өтеді. Танымал диджейлер, әртістер мен әншілер келіп, қала көшелерін ән мен жырға бөлейді.
Дания. Мамыр айының екінші жартысында Данияның кішігірім Ольборг қаласында карнавал өтеді. Қаланың көлемі кіші болғанымен, дәл сол уақытта Еуропадағы ең үлкен карнавал өткізеді. 30 мың адам карнавалға қатысып, 100 мыңнан аса көрермен жинайды. Әр жылы карнавал тақырыбы өзгеріп отырады.Ең алғаш 1983 жылы өткізілген шара әлі күнге жыл сайын өзжалғасын тауып келеді.
Испания. Мамыр айында Испания халқы қасиетті Исидор күнін тойлайды. Мадрид қаласының жарылқаушысы деп есептелетін Исидор күнінде қалада түрлі жәрмеңкелер, шоу концерттер ұйымдастырылады. Бұл күні әйелдер "бұршақ" көйлектері мен ерекше орамал тағып, бастарына қалампыр гүлін тағып шығады екен.
Қытай. мамыр айының алғашқы күндерінен бастап Гуанчжоу қаласының хайуанаттар бағында көбелектер павильонында ерекше шоу өтеді. 6 мыңнан асатын көбелектер биін келушілер тамашалай алады. Оған қоса, жасанды сарқырама мен павильон безендірілуі де көп әсер қалдырады екен.