Мәмбет - келеке ететін есім емес!

Қазақты жамандама қазақ бала! 
Халық қой қазақ деген аз-ақ қана!
Мәңгілік ай астында, жер үстінде
Қазақтың жанашыры қазақ қана! деген сынды өлең жолдары қазақтан басқа кімде бар?! Өзін-өзі жамандаған  ұлт көрдіңіз бе?! Түбіміз бір болғанмен, бір-бірімізді «шала қазақ», «жаман қазақ», «мәмбет» деген сынды өзіміз шығарып алған атпен атап, кемсітіп жүреміз. 
Осы қосалқы атаулардың ішінен «Мәмбет» дегенге ерекше тоқталып өткім келеді.  Қазіргі жастардың санасына «Мәмбет» деген сөз бір қараңғылықтың баламасы болып сіңіп қалған. Ауылдан келген жас болса, бойынан қазақы иіс шығып тұрса, орысшаға тілі сәл шорқақ болып жатса, оны осылай атайды. «Дәрежесін» көрсеткісі келетін шығар, шамасы. Бірақ  бұл ісімен өзінің қаншалықты білімсіз екендігін дәлелдеп тұрғанын өзі де білмейді-ау.
«Мәмбет – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың құрметіне қойылған есім. Сөз түбірі арабтың «хәмд» мақтау сөзімен төркіндес. «Мұхәммәд», «әхмәд» сөздері мақтаулы, мадақтаулы деген мағынаны білдіреді». Алланың елшісінің, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың есімін кемсітіп жүргендері қай сасқаны? Ол – бір.
Екінші айтарым: тарихта үш жүздің басын қосып, ел бастаған Абылай ханның сенімді серігі болған Мәмбет батыр Күнбасұлының, Сыр еліне аты белгілі Мәмбет әулие Олжабайұлының есімдері кездеседі. Оны бірі естісе, екіншілері мұндай адамдардың болғанынан да бейхабар. Өз тарихымен таныс адам ешқашан да елі үшін қасық қаны қалғанша күрескен батырының есімін бұрмалап, мазаққа айналдырмайды ғой. Бұл тұста кімнің шынымен қараңғы екенін түсіну қиын емес. 
Қазақ шежіресін ашып қалсақ та, Мәмбет атымен бірнеше рет кездесеміз. ( Мәселен, Арғын-Мейрам-Сүйіндік-Қаржас-Алтынторы—МӘМБЕТӘЛІ;  Найман-Терістамғалы (Елата)- Мәмбет; Найман-Төлегетай-Қаракерей-Мұрын-Байжігіт-МӘМБЕТ; т.б.) 
Ақылсыз жастардың кесірінен «Мәмбет» деген рудан шыққан адамдар,  руын айтуға қысылады. Атасының есімін біреудің күлкі еткенін кім қаласын?! Азан  шақырылып қойылған Мәмбет деген есімдерін жігіттеріміз 16 жасқа толғанда ауыстырып жатады. Неге?! Адам өз руынан, өз есімінен неге ұялу керек?! Осы есімді күлкі еткен ақымақтар білімдерінің таяздығына ұялсын, санасының төмендігіне ұялсын! 
«Адамзаттың бәрін бауырым деп сүю» керек. Ал біз болсақ, адамзаттың бәрі түгіл туған қазақ  ағайындыларымызды құрметтемейміз, кемсітеміз. Өзімізге өзіміз күліп жүргенде, өзгелер қайтіп бірліксіздігімізге күлмесін?!  
«Қазақтың жанашыры қазақ қана!» Соны есте ұстайық!
Авторы: Назерке СЕМЕЙ



Бөлісу: