Мамандықты қалай таңдау керек?

Маман болу және адам болу. Екеуінің айырмашылығы неде? Айырмашылығы бар ма әлде жоқ па? Әр оқушы 16- 17 жасқа келе осы сұраққа келіп тіреледі. 10-11 сынып, болашақ мамандығыңды, өмір жолыңды шешетін үлкен бір қадамға ұқсайды. Шынында да, осы сәт көп нәрсенің басына айналуы мүмкін. Бірақ, мамандық таңдау деген не? Неге ол сондай маңызды? Біздің қоғамда тек бірнеше мамандық жақсы болып саналады. Заңгер, мұғалім немесе дәрігер болсаң адам боласың, жерде қалмайсың деген ұғым қалыптасып кеткен. Бір жақтан ата ананың, екінші жақтан мектептің, үшінші жақтан бүкіл қоғамның қысымы жас түлекке қалай әсер етеді?

Әркімнің басынан өткен бұл оқиға менің де басымнан өтті. Оған дейін ол туралы бір сәт ойланбаған қыздың өмірінен сол сәттте тыныштық кетті. Неден бастарын білмеген ол әр нәрсені көріп, ойлана бастады. Менің кім болғым келеді? Өзімді кім ретінде көремін? Қай қалада тұрамын? Тым көп сұрақ. Негізі, алдымен өз -өзіңе, «Нені өмір бойы оқысам да жалықпаймын?» - деген сұрақты қоюың керек.

Қызықты факт, адамда мүмкіндік көбейген сайын, таңдау да қиындай түседі.  Қай салаға көшу керектігін шешпес бұрын, өзіңізді түсіну маңызды. Сізде қандай қызығушылықтар, хоббилер бар? Олардың қайсысын дамытуға дайынсыз? Өзін- өзі тану-  тек қаржылық әл-ауқат қана емес, сонымен қатар өз ісінен қанағат әкелетін мамандық таңдаудың кілті. Өзім әдебиет пен тілге ерекше жақын едім. Басқа сабақтарды жақсы оқысам да олар мені шаршататын, қызығушылық болғанмен, өмірімді олармен байланыстырғым келмеді. Бірақ әдебиетке жақын болсам да ойлау қабілетім әрдайым шығармашылықпен жанасатын.

Мектептен бөлек, бос кезімде сурет салуды ұнататынмын. Соны қолға алсам ба екен деген ой болды. Педогогикаға бару ойымда болды. Бірақ ол менің нағыз қалауыма сай келмеді, өзім сездім бе, әлде ойдан шығардым ба, күмәнім көбейе түсті. Бір күні әпкеммен осы жайлы сөйлесіп отырғанда, журналистикаға неге бармайсың деген сұрақ қойды. Сол сәтте өзім де ойланып қалдым. Әдебиет пен шығармашылықты талап ететін мамандық дәл осы емес пе? Неге өзім соны бір сәт ойланып көрмедім екен... Мүмкін осы әңгіме- дүкеннің арасында естуім керек болған шығар. Осыдан кейін нық басып, шығармашылық емтиханға дайындала бастадым. Бұл мамандыққа адамдар кішкентай кезден дайындалады екен, ал мен осылай, соңғы сәтте. Бірақ маған журналистика өте қызық болды, бойымда нағыз мотивация пайда бола бастады. Ал енді, университет таңдайтын сәт келді. Дайындық барысында көп университеттерді өз көзіммен көріп келдім, соның ішінде ,бір қызығы, бір ғана техникалық университет болды. Бұл жерде журналистика жоқ шығар дедім де, мән бермедім. Бар болып шықты, аты да күшті екен, цифрлық журналистика.

 Бір күні әлеуметтік желіден жаңағы университетте белгілі журналистпен кездесу болатынын естіп, тайып тұрғандай болдым. Қатысқан соң түсінгенім, ол жердің атмосферасы ерекше екен. Қалай болса да, осында түсемін деп бел будым. Осылайша, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетініңжурналистика факультетіне түстім. Ең бастысы алдыңнан шыққан әр мүмкіндікті қолдану, көріп, іздену. Болашағың жарқын болу үшін әрдайым ізденісте болуың керек. Мамандық таңдау қаншалықты қиын болғанмен, дұрыс таңдау жасау арқылы, барлық мүмкіндіктердің есігі бір сәтте ашылатын болады.



Бөлісу: