Мамандықсыз жүрген "мамандар"
блог
Шынын айтсақ, қазір халықтың санасы көшедегі өсек-аяңды теретін деңгейге жетті. Қадамыңды шамалы шалт бассаң, басың дауға ілігіп, аяғы айғайға айналады. Бұдан шамалы ертеректе есі бар ел жазушы, ақын, публицист, журналшылардың еңбектерін іздеп жүріп ақтарушы еді, ал қазір қоғамға сырттай үлде мен бүлдеге оранған өнер адамдарының өмірі қызық. Көк жәшікті қоса қалсаң, бітті, Жердегі " жұлдыздардан" көз сүрінеді. Кейбір арналардағы мен-мен деген бағдарламалардың тізгінін ұстап жүргендерде, басқа емес, осы жұлдыз аға-әпкелеріміз. Сонда қарап отырып, от тілді, орақ ауызды, аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін кәдуілгі, тісқаққан журналисттерді іздей бастайсың.
Атам қазақ әуел бастан "Шымшық сойсада қасапшы сойсын" деп ұрпағына ұлағатты сөз тастап кетпеп пе еді?! Әрине, жоқ деп аузымызды құр шөппен сүрте алмаймыз, десекте кәсіп иелерінің таразының төменгі тарапын иеленіп тұрғаны хақ. Хош... Әрі әртіс, әрі әнші аға-апаларымыздың бір емес, бірнеше кәсіптің тасын өрге домалатып жүргеніне ризамыз-ау. Алайда, дипломды қолтыққа қысып, талайдың табалдырығын тоздырып жүрген журналист қауымының мұңын мұңдар жан бар-ма екен, сірә? Сөзімізге дәлел ретінде Хабар арнасындағы "Ана мен бала" , Ұлттық арнадағы "Таңшолпан" бағдарламаларын айтсақ болады. Аталған жобалардың жүргізушілері көпке танымал Қарақат Әбілдина мен Гүлнұр Оразымбетова қыздарыңыз. Тағы сол сияқты, отандық телеарналардағы біраз жобалар шоу сипатында болғанымен қоса, кейбіреулері өнер жұлдыздарының өміріне арналғандай. Алайда, биылдан бастап Серік Жанболат, Берік Уәли, Дархан Әбдік сынды көпшілікке жақсы таныс журналистердің көгілдір экранға қайта пайда болуы көз қуантады. Сонымен қатар, аптасына 1 рет эфирге шығатын "Мәселе" және аптамалық-сараптамалық бағдарламалар ел ішіндегі, қоғамдағы түйткілді жәйттерді сөз етеді.
Саяси, әлеуметтік бағдарламаларды былай қойғанда, тарихи-танымдық деректі фильм немесе жобалардың да бәсі жоғары болмауда. Алаш қозғалысының 100 жылдығы секілді маңызды даталар теледидардан тыс қалды. Оның орнына рейтинг қуалаған арналарымыз терме, жыр емес, әспеттейтіндері тек - эстрада "жұлдыздары" болып тұр.
Қазір журналистика саласына қатысты біраз әңгімелер мен талқылаулар өрбу үстінде. Кейбір жандар "Бұл саланы жоғарғы 2-3 оқу орынында ғана қалдыру керек, қалғандарын жабу керек" десе, тағы басқалары бұл ойға кереғар пікірде. Көршілес Өзбек елінде жақында ел басшылығы Журналистика және ақпараттық коммуникация университетін ашатындықтарын жария етті. Басшылықтың айтуы бойынша, елде 1,5 мың БАҚ бар екен және маман тапшылығы сезілу үстінде екен. Ал, бізде керісінше, 4 жыл талмай оқып, жұмыс іздеп сандалған жас көп. Бұлай жалғаса берсе шоу-бизнес өкілдері мамандық иелерін көгілдір экраннан түбегейлі ығыстыруы мүмкін. Сондықтан да кейбір арналарымыз көпшілікті ойын-сауыққа еліртіп, экранды арзанқол дүниелер алаңына айналдырмаса екен дейміз!