Мамандық таңдауға қатысты бір кеңес

Қайырлы күн, құрметті оқушылар, сайтымыздың оқырмандары. Оқу жылы аяқталып, қандай білім ордасына түсемін деп әлі де ойланып жүрген боларсыздар. Сол себепті, өзім маңызды деп есептейтін мамандық таңдауға қатысты екі кеңесімді бөліссем деймін.

Біріншіден, белгілі бір мамандыққа тоқталып, осы жолмен жүремін деп шешім қабылдамастан бұрын сол саланың мамандардының қасында бірер күн жүріп көргеніңіз дұрыс болады деп ойлаймын. Бұл таңдаған мамандығыңызды тереңірек білуге көмектеседі. Менің ойымша, оқу түскен студенттердің көбі таңдаған мамандығын толық түсінбейді. Сол себепті, оқу бітіргеннен кейін өзіне лайық жұмыс таба алмай көп қиналады. Қағазда жазылған нәрсе мен өмірдегі жағдайдың сәйкес келе бермейтінін ұмыт қалдырмаңыздар. Мамандықты түсіну үшін, онда ненің ұнап, ненің ұнамайтынын білу үшін сол саланың адамдарымен бірнеше күн бір жүрудің маңызы өте зор.

Екіншіден, өз қызығушылығыңызды, хоббиіңізді елеусіз қалдырмаңыз. Мамандық таңдау кезінде олар сізге тым ұсақ, мән беріп қарауға тұрмайтын нәрсе болып көрінуі мүмкін. Сол себепті, олардан да маңыздырақ салаға бет бұруды ойлауыңыз ғажап емес. Ондай кезде мына нәрсені есте ұстаған абзал. Жұмысын ұнатпайтын адам тез сарқылып, өмірге қызығушылығын тез жоғалтады. Сол себепті, мамандықты табиғатыңызға, болмысыңызға қарап таңдауға қатты мән бергеніңіз дұрыс. 

Олай болса, сіздерге сәттілік тілейміз. Мамандық таңдауда қателеспеңіздер.

сурет: voxpopuli.kz



Бөлісу: