Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетіндегі мәдениетттану мамандығы - болашақ кәсіби маман болатын студенттің ой-өрісін, ұлттық мәдениетін, ұлттық рух пен саналы сезімін дамытып, алғыр тұлғаны қалыптастыратын мамандықтардың бірі. Қазақ қоғамын өзіндік мәдениетінсіз елестетуге келмейді. Себебі мәдениет – ең біріншіден қоғамның қозғаушы күші екені белгілі. Ұлттық дәстүріміздің дамуы қоғамды алға жетелері анық. Дегенмен мәдениетіміздің, дәстүріміздің түпкі тарихына үңілу ол бір мәселе. Сондықтан айтылған мәселенің астарынан «Мәдениеттану» мамандығының бүгінгі таңдағы қажеттілігі өзінен өзі туындайды. Сөзімізге дәйек ретінде 1994 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Философия және саясаттану факультетінде Мәдениеттану мамандығы оқу үрдісіне ене отырып, Қазақстан Республикасының Жоғары білім беру жүйесіне міндетті пән ретінде кірді. Мәдениеттану - бұл студенттердің қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік, тілдік және ғылыми қызығушылықтарын арттыруға бағытталған қоғамдық пән болып табылады. Пән ретінде студенттердің қоғамдық белсенділіктерін дамытуға, бос уақыттарын тиімді өткізуге, сондай-ақ мәдениет пен спорт бағытын жетілдіруге, университеттің ұжымдық мәдениетін арттыруға бағытталған. Бұл бағыттар бойынша мәдениеттану мамандығының студенттері әр түрлі конкурстар мен дөңгелек үстелдер, іс-шаралар өткізеді, әрдайым көрмелерге, кинотеатрларға, театрларға мәдени жорықтар, қала мұражайларына және т.б. студенттік экскурсиялар ұйымдастырып отырады, мәдениет саласында қызмет етіп жүрген дарынды өнер қайраткерлерімен қызықты кездесулер өткізіп тұрады. Талай түлектің арманына айналған Қазақ Ұлттық университеті атына заты сай әсем қалашық өз білімі мен дарынына сенетін көңілді де ізденімпаз жастардың ордасы екені көзге көрініп-ақ тұр.Осыған байланысты біздің таңдаған мамандығымыз болашақта интеллектуалды, креативті маман даярлауға, олардың өз өнерімізге, ұлттық құндылықтарымызға деген дұрыс көзқарастарын қалыптастыруға үлкен септігін тигізеді деген сенімдеміз.