Мамандығым - мақтанышым!

Мамандығым - мақтанышым!
жеке
блог

Мамандық таңдау – бұл өте маңызды іс. Өйткені біз өзіміз таңдаған мамандық  саласында өмір бойы қызмет атқарамыз. Мамандық саны әр алуан: дәрігер, мұғалім, ұшқыш, есепші, аспаз, елші, қаржыгер, архитектор, механик, көлік жүргізуші, сазгер, сатушы, ғарышкер. Бірақ бұларды байланыстыратын маңызды факт – бұлар бәрі халық үшін қызмет атқарады. Ал халық үшін қызмет көрсету маңызды мәселе.Түркі тілдес халықтың “жеті рет өлшеп, бір рет кес” деген нақыл сөзін ұран етіп, мамандықты дұрыс таңдауымыз керек. Жалпы әр адам өмірде бақытты болғысы келеді, ал бақытты болу дегеніміз -  өз қалауыңмен өмір сүру, өзіңнің өмірлік жолыңды табу. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” жолдауында жаңа кезеңнің негізгі міндеттерінің бірі “осы заманғы білім беру, парасатты экономиканың негіздерін қалыптастыру, жаңа технологияларды пайдалану, мамандарды дайындау сапасын көтеруге басты себеп болатын, инновациялық экономиканы дамыту”, - деп көрсеткен. Ал, биылғы «Мәңгілік ел» жолдауында тәуелсіз елдің тұғырының биік болуы мықты, жаңа заманға бағдарланған, білімді мамандарында екендігін айтады. Бүгінгі заманда өзіміздің таңдаған мамандығымызға оқуға түсуге жол ашық, үкімет оған толықтай жағдай жасап отыр.Жыл сайын бөлінетін оқу гранттары, ұйымдастырылып жатқан түрлі шаралар мен жобалар бізге үлкен мүмкіндік кілтін береді. Мен өзімнің жүрек қалауым, тілші мамандығын мақтан етемін! Бүкіл қоғамды ортақ, игілікті істерге жұмылдырып жүретін, ақпаратпен қашанда бірінші қаруаланатын тілшілер қауымы -  адалдық пен ақиқаттың символындай. Тілші болу – өз арманыңды жазу емес, я болмаса еріккеннің ермегі емес. Тілші болу – халқыңның жағдайын ойлау, Отаныңды жырлау. Мен, болашақ тілші, еліміздің келешегі, үміт артқан болашақтары - жастар мәселелерін қозғар едім. Олардың  өмір жайлы пікірлері, келешекке деген көзқарастары, арман – тілектері мен адамгершілік сезімдері жайлы жазар ем.                       Тілші басқаға ұқсамайтын, өзгелерден айырмашылығы бар мамандық. Ол өз шығармашылығы  арқылы қоғамға, адамға қызмет етеді. Жалпы тілші қандай дәрежеде жұмыс істесе де, қоғамдық ақпараттық саланың қызметкері болып есептеледі. Ол әркез жаңаны жақтаушы, бар жақсылықты қолдаушы болып табылады. Сөйтіп газет-журнал немесе радио мен телевидениенің жұмысын атқарып, шығармашылық қызмет жасайды. Ол редакция жүмысында бірінші — ұйымдастырушылық, екінші - әдеби өңдеу, үшінші шығармашылықпен айналысады. Бұл үшін оған білім мен қабілет керек. Оған қоса өмірдегі құбылыстардың мәнін түсіне білу де үлкен қасиет болып саналады. Қандай оқиғаны болсын тапқырлықпен, сенімді түрде, көз жеткізіп жазатын болуы керек. Жұртқа өмір жайлы толғап айта білу де үлкен өнер. Ол үшін тіл, сөз байлығын қолдану қажет. Тағы бір айтарлық жайт, журналист қоғамдық қайраткер бола алса тіпті жақсы. Ол уақыт, заман ағымын жақсы түсінуі тиіс. Ол идеяға толы материалдар жазып, жұрттың назарын аудара білгені жөн.Мен өз бойымнан осы қсиеттерді сезгендіктен, жан қалауыммен тілші болғым келеді. Мен неге тілші болғым келеді, білесіздер ме? Елімді жырлау үшін, салтымды таныту үшін тілші болғым келеді! Сырлы, сұлу сазды тілімнің құдіреттілігіне өзге елдерді бас игізу үшін тілші болғым келеді!Қазақстандай кең байтақ жерімнің шежіресін дәріптеп, ашылмаған сырларын ашуға ат салысып, жұртшылықты ортақ іске жұмылдыру үшін тілші болғым келеді!Қоғамдағы түрлі көзқарастарды бір аранаға тоғыстыру үшін тілші болғым келеді!Болашақ мамандығыңды таңдап, сол бағытта оқып, жұмыс істегенге не жетсін! Ол арманға жететін де бар, жете алмайтындар да бар. “Думанды өмірден сыбағаңды алып қал, артыңда келер ұрпаққа өнеге боларлық із қалдыр, адамдық атыңа кір келтірме” демекші, “жер беті” деп аталған алып сарайдың  берік қабырғасына болашаққа ескерткіш боларлық кірпіш қалап, өз қолтаңбаңды қалдыру әркімнің арманы болар, сірә?! Сол арманға мен де жетсем деймін... әркім өз арманын әр арнаға бұрады. Менде де арман аз емес. Ол арманға жеткен сайын, басқа армандарымның  орындалғанын қалаймын. Білерім: адам өмірде тек қолы жетпес дүниені армандайды екен, бірақ ол белестерді оқу, еңбек арқылы бағындыруға болады. “Армансыз адам алысқа бармас” дейді дана қазақ халқы. Менің де ойлаған арманым, көздеген мұратым, жетем деген мақсатым бар. Кішкентай кезімнен бергі арманым елім, халқым сүйетін тілші болу еді. Өмір де өмірің мен өнеріңді бәйгеге тігіп, білек сыбана кірісер мамандықты таңдағаныма қуанамын. Оған қарымды қаламымның да, қажырлы қауқарымның да жетерін іштей сеземін. ХХІ ғасыр – біліктілер мен білімділер ғасыры. Сол ғасырға мен де өз үлесімді қоссам деймін. Арманым – өмірімнің өрісі. Арманым мені адастырмас үшін әр қадамымды қарыштай басам. Мен өмірде өзім үшін емес, өзгелер үшін шарапаты тиер іс атқарсам, сонда өзгелердің ақ тілегі мені биікке жетелейтініне сенемін... асу бермес асу жоқ!