Мама...

Кеш батқан сәтте сәждеге қойып басыңды,

Немерең сосын... мойныңа барып асылды.

Мен қалай, мама, байқамай қалдым барлығын,

Байқамай қалдым ағарып кеткен шашыңды.

 

Таң атқан сәтте Меккеге бұрып жүзіңді,

Немерең тағы омырауыңды иіскеп көз ілді.

Мен қалай, мама, ескермей кеткем ертерек,

Ескермей кеткем "еркем-ай" деген сөзіңді.

 

Ұлыңды сұрап, алмаққа сосын жауабын,

Тентегің жайлы айтама әлі бар ауыл?

Жақсымын, мама, ауылдастарға сәлем айт,

Желбіреп жүр де жапанға тіккен жалауың.

 

Ас суын беріп алатаудайын әкемнің,

Дүкеннен тағы немереңе нелер әпердің?

Құр қайтпай үйге қуантар ма едім өзіңді,

"Мама-шы, мама, мен саған келін әкелдім".

 

Жат жерде қалай жалықтым деші өмірден,

Күнде жоқ мұнда көк аспан жақтан көрінген.

Ауылға барып қатайтып, әттең, қайтар ма ем,

Қасыңда жатып қабырғаларымды сөгілген.

 

Сарқылып, мама, біткен де шығар төзімің,

Өзге елде жүр ғой өзегіңді жарған өз ұлың.

Мен қалай, мама, сағындым деші өткенді,

Ойнайтын күнді аузынан сүйіп қозының.

 

Қарсы алды мені тағы бір мұңды көктемім,

Көктеммен бірге көгілдір шыңға беттедім.

Кешірші, мама, жаныма менің батады,

Жаныңда қалмай, жалғызсыратып кеткенім.

 

Көбейткеніммен шумақтарымның көлемін,

Өтеу болмайды-ау өмірлеріңе өлеңім.

Күт мені, мама, немереңді алып қасыңа,

Көктеммен бірге көгеріп мен де келемін!



Бөлісу: