"Малта тас туралы тәмсіл" Леонардо да Винчи (аударма)
блог
Малта тас туралы тәмсіл
Байо-о-оғы бір заманда үш көшпенді кейіпкеріміз шөл далада жатақ орнын сайлап жатыр екен дейік. Кенет аспан төңкеріліп кеткендей, адам көзін ұялтқан жарық сәуле түсті. Құдіреті күшті құдайдың даусы естілді:
- Шөлді жерге барыңдар. Күш-қуаттарың жеткенше малта тас жинаңдар. Ертең таңғажайып бір құбылыс болады.
Дауыс қайта шықпады. Даланы түнек билеп, өлі тыныштық орнаған.
- Бұл неткен құдай? Енді қалмағаны жерден қоқыс теру еді! Шынымен құдайымыз болса бізге мына сергелдеңнен қалай құтылудың жолын айтар еді, әлемде зұлымдықты қалай жеңудің айла-тәсілін айтып, көзімізді ашар еді.
Шөл даладан еріксіз майда тас жинап келген олардың көңілі көншімей-ақ қойды. Тасты қапшықтарының түбіне мыта салып қалың ұйқыға кетті. Таң сәріден жолға шыққан жолаушылардың біреуі қапшығына қолын сүңгітіп жібергені сол, онда қара тас емес... – жалт-жұлт еткен гаухар тас жатыр. Серіктері де қапшықтарын ашып қараса кешегі жинағандары гаухар тасқа айналған екен! Адамдығы – құдайды мойындамағанына, ал пендешілігі – соншама аз ғана тас жинағанына өкінді... Қайсысы басым болды екен?
Леонардо да Винчи