Мал бауыздау
блог
Ауылда өскендіктен көбіміздің көзіміз бала кезімізден сойылып жатқан малды көруге үйреніп кеткен болар. Бала кезімізде үлкендер жылына бір рет таң алакеуімде ұйқымыздан тұрғызтып алып, қой сойғанда сол малдың бір сирағына жармасқызтып қоюшы еді. сөйтсем айтқа шалынған құрбандықтың шарапаты тие берсін дегендері екен ғой. Кейін дін жақсылап енебастаған тұста құрбандықты айт намазынан соң соятын болды. Хош, айтпағым бұл емес.
Ауылда өстік. Сойылып жатқан малдың қанына көзіміз үйренді. Тіпті бауыздауына шәугіммен су құйып тұрамыз. Барлығы заңды секілді бала көңілге. Дегенмен сол кезде есейе келе сол малды өзіңнің де бауыздайтының, сол кезде қандай әсерде болатының жайлы ойлар мазалай қоймайды.
Жетінші кластың жазында жайлауда бір тоқтыны сиырлар сүзгілеп, қарын тұсын іреп жіберіпті. Көрер көзге мал болмайтыны анық. Бір бүйірі томпайып, қойдың соңында қалып қоя береді. Ағаларыма айтып едім,"Өліп қалса обал ғой, сойып ал" деді. Бұған дейін малдың қалай сойылатынын көзбен көру бір бөлек екен де өзің сою мүлде бөлек дүние екен. Тоқтының аяғын байлап, басын құбылаға бағыттағанымен, бауыздап жіберуге сәл жүрексіндім. Іштей дұғамды оқып, бет сипап, жаны қиналмасын деген оймен бар күшімді салып тамағын орып жібердім. Малды бауыздаған кезде күре тамырларының барлығының кесілуі шарт,әйтпесе бойынан қаны жай кетсе жантәсілім етпей біраз жатып алады. Бауыздаған малы тез өлсе"қолы ауыр" деп, біраз жатып алса"қолы жеңіл" деп айтып жатады жұрттар. Менің басымдағы сұйықтық басқаша ойлайтын бұл жайлы. «Егер мал тез өлсе»Қолы жеңіл" деу керек шығар, байғұс жануар қатты қиналмай, тез өліп кетеді«деген ұстанымда болатынмын. Үлкендерге айтып ұқтыра алмай қойғаным бар еді.
Қазіргі таңда малды сою білсемде, еттерін бөлшектеп мүшелеу жағына әлсізбін. Жайлауда қой-ешкіні сойып бере салсам жеңгелерім өздері мүшелеп алатын.
Бала кезімде қойымыз әжептеуір болатын. Біреулер үшін шамалы болуы мүмкін,әйтеуір 100ден артық қой ешкі болатын. Біздің атамыз жетімдікті көп көрген жан ғой. Содан да шығар малдың алды-артына қарамайтын.»Бір-ақ жұттық қой", "Әкемде мыңғырған мал бар еді, бір -ақ күнде тартып алып соттап жіберді«деген сөздерді көп айтушы еді. Үйге алысты-жақыннан қонақ келсе бітті қой сойғызтатын. Үйде ет бар болса да»Бас мүжісін" деген желеумен кейде беталды сойылып кететін. сондай сәттерде тоқтыларды,ісектерді аяушы едім. Қойды тау жақтан үйге қарай айдап әкеле жатқанда тоқтылар ойнақтап,өзара сүзісіп жататын. «Бейшаралар күліп-ойнап жүр,қазір қайсысы сойылады екен» деп ойлайтынмын. Себебі, қайсысының сойылатынын олар түгілі мен білмеймін. Аранға кірген қойларды көзбен шолып шыққан бір ересек«ананы ұста,құйрығы үлкен екен, семіз ғой.Ұятты болып қалмайық» деп бұйрық бере салатын.Бір жазда 30-40 тоқты сойылып, қысқы қораға 60-70 тейі кіріп отыратын.
Қазір балаларының барлығы дерлік үйленген, малдарды әрқайсысы өзіне бөліп алғандықтан дәл сол кездегідей беталды мал сою жоқ. Әркім өзінің бала-шағасы үшін малының басын көбейтуде.