Жақында ютубтан, бизнес-тренер Аманжол Рысмендиевтің «Мақсатты қалай қою керек? Басты қателігіміз неде?» деп аталатын дәрісін көрдім. Бір қарағанда бәрін дұрыс айтқан. Астындағы коментарийлерге қарасаң тыңдармандардың басым көпшілігі айтылған тұжырымдармен толық келіскен. Бірақ мақсат қоюдағы ең басты мәселе мүлде айтылмаған. Аманжолдың «Американың ұлы ойшылы Энтони Робинстың айтқанындай» деп келтірген Энтони Робинс ешқандай да американың ұлы ойшылы емес, әлемдік деңгейдегі бизнес тренинг шарлатаны. Сол Робинстың тренингтерінде де мақсат қоюдағы ең негізгі мәселе жайына ештеңе айтылмайды. Бұл тақырыптағы кітаптар мен дәріскерлер көбіне эзотерикалық, яғни жалған ғылыми тұжырымдарға сүйенеді. Атап айтсақ сен бір нәрсені қатты қаласаң, бүкіл ғалам соған қарай лайықталады немесе нені тұрақты ойласаң сол нәрсе өміріңе тартылады деген сияқты. Шын мәнінде сансыз құбылыстар мен шым-шытырық заңдылықтарға толы мынау шексіз ғалам үшін қандай да бір жанның мақсаты мен ой-ниетінің құмның түйіршігінде де салмағы жоқ. 2006-2007 жылдары кең тараған Австралиялық журналист Ронда Берннің «Секрет» фильмі де ақиқаттан алшақ, ғылыми негізден жұрдай, оның есесіне метафизикалық тұжырымдамаларға толы болатын. Соған қарамастан бұл фильм орасан зор танымалдыққа ие болып, оның авторы мол табысқа кенелді. Ал, фильмде сөйлеген «метафизика» ғылымдарының докторлары үшін бұл теңдесіз реклама еді. Олар, жер-жерді аралап мақсатқа қалай жетуге болатындығы жайлы, бір ғана сенім мен ниет арқылы қас пен көздің арасында өміріңе ғажайыптарды қалай шақыруға болатындығы туралы ақыл-кеңестерін мыңдаған жандарға мыш-мыш ақшаға сатты. Тіпті Алматыға да келіп, Республика сарайын лықа толтырған болатын. Сонымен бұл мистиктердің айтпай кеткен
Мақсат қоюдағы ең негізгі критерий неде?
Алдымен мақсаттың екі түрін айқындап алайық. Олар салауатты мақсат және салауатты емес мақсаттар. Бұл екі түрлі мақсаттың аражігін ажырату үшін, әртүрлі бағыттардан қарапайым мысалдар келтірейік:
Қандай да бір жасөспірім, белгілі бір спорттың түріне қатты қызығушылық танытып,онымен жүйелі түрде айналысып жүр. Егер ол жасөспірімде чемпион (әлемнің, елдің, өңірдің т.с.с) боламын деген мақсат болатын болса, онда бұл салауатты емес мақсат. Себебі бұл мақсаттың астарында басқа бір спортшы менен жеңіліп қалуы керек деген мақсат тұр. Сіз еш уақытта басқа бір адам үшін мақсат қоя алмайсыз. Ол сіздің құзырыңызда емес. Ал, бұл жағдайда салауатты мақсат- өзінің осы спорттың түріне қатысты шеберлігін белгілі бір деңгейге жеткізуге қатысты мақсат. Өйткені ол таза өзінің құзырында. Математикадан олимпиадаға дайындалып жүрген оқушы үшін, республикалық олимпиадада жүлдегер болуға қатысты мақсаты салауатты емес мақсат. Өйткені ол өзі қатарлы жер-жерде дайындалып жатқан оқушылардың деңгейіне қатысты мақсат қоя алмайды. Оның жүлдегер болып-болмауы тек қана өзіне байланысты емес, басқа оқушылардың дайындығына да байланысты. Бұл орайда салауатты мақсат ретінде, тек өзінің математикадан белгілі бір тақырыптар бойынша, есептер шығара білу дағдыларын қалыптастыруға қатысты мақсатты айтуға болады. Себебі, бұл тек қана өзінің бақылауында.Бұл жерде қаншама адам жоғарыда айтқандай салауатты емес мақсаттар қойып, оған жетіп жатыр емес пе деп дау айтуға болады. Әрине, бұл ондай мақсаттарға жету мүмкін емес дегенді білдірмейді. Ондай мақсаттардың орындалуының ықтималдығы өте аз. Өйткені ол көптеген сыртқы, саған байланысты емес факторларға тәуелді болады. Шартты түрде 10 пайыз өзіңе байланысты болса, 90 пайыз сіз әсер ете алмайтын оқиғаларға немесе заңдылықтарға тәуелді. Мың жерден күшеніп, айнаға қарап афримация жаса мейлі, не болмаса танауыңды аспанға қаратып, кеудеңді соққылатқан, өзіңе деген таудай сенімің болсын, тіпті өтіп бара жатқан битке жүк артып жіберетін пысықтың-пысығы бол, бәрібір өзіңе тәуелді емес оқиғалар тізбегі ондай әрекеттерден саған тәуелді болып кетпейді. Жетістікке жету жайлы тренингтер өткізіп жүрген кейбір «ауа саудагерлерінің» үйреткендеріндей, айналаңды мақсатыңа қатысты суреттерге толтырып, позитивті ойлаудан рекорд жасағаныңмен, табиғаттағы бір тылсым күштің бәрін тастап, білегін сыбанып сенің мақсатыңды орындауға кіріспейтіні анық. Қысқасы мақсатыңның орындалуы, өзіңнің бақылауыңда бола алмайтын оқиғаларға тәуелді болса, оған жетуіңе көздері қанға толып, қызылға ұмтылған бұқадай екпініңнің, лүп еткен желдей әсері болмай қалуы мүмкін.
Сонымен, мақсат қоюдағы ең басты нәрсе, оның орындалуы тек қана өзіңнің бақылауыңда болуы. Ағылшын тілін меңгеру өзіңнің бақылауыңда, бірақ белгілі бір ортада ол тілде ең жақсы сөйлейтіндердің бірі болу бақылауыңда емес. Бәлен уақытта, осынша артық салмағымнан құтыламын деу толық бақылауыңда емес, бірақ оған жақындататын әрекеттерді жүйелі түрде орындап отыру өзіңнің бақылауыңда.
Алдыңа тек қана бақылауыңда ұстай алатын мақсаттар қою, оның орындалу ықтималдығын, шартты түрде әрине, 10 пайыздан 90 пайызға дейін арттырады. Бұл дегенің қаншама жүйкелік ресурстарыңызды үнемдейді. Бәріміз ат арбаға жегілген ит сияқтымыз. Арба қозғалса, төрт аяқтап қыңсылап, арбаны басқа бағытқа тартумен болуымыз мүмкін немесе арбаға ілесіп емін-еркін жүре аламыз. Бәрібір, арбаның барған жеріне итте барады. Екі жағдайда да өзіміздің бақылауымыздағы әрекетіміз мойнымызға таңылған жіптің ұзындығы жететін аумақпен шектеледі. Бірінші жағдай итті әбден шаршатса, екінші жағдайда иттің қозғалысында жаңа мүмкіндіктер туындауы мүмкін.
Өзіңнің бақылауыңдағы әрекеттерге ғана күш салудың тағы бір тамаша тұсы, жанама әсер ретінде күтпеген, ойлағаныңнан әлдеқайда үлкен нәтижелерге жету болып табылады. Бірақ, бір парадокс көптеген адамдар өз бақылауындағы әрекеттерге мән бермей, керісінше өзінің бақылау аймағынан тысқары мақсаттарға ұмтылып жатады.