Артымнан ергені сіңілім,
Аққудың көгілдіріндей.
Ақ босаға аттағын,
Алдыңа қарап, сүрінбей.
Қыз бала сәби күнінен,
Тәрбиелі болып өсуі.
Ата-анасы үшін тек,
Жәннәттің болар есігі.
Бойжеткенде қыз ару,
Тағдырына жолығар,
Азаматын сыйласа,
Иманы оның толығар.
Ана болған кезінде,
Ең қуанышты шақтары.
Аяғының астында,
Болады жәннат бақтары.
Әр таңыңда, күніңде,
Иманыңды серік ет.
Разылығы Аллахтың,
Бақытты қылар сені тек.
Баласы жақсы, анасы жаман,
Болмайды соны ұқ жарқыным.
Жамандап жүрме енеңді.
Анаңдай ол да алтының.
Қарындасы жарыңның,
Жылатпа, кетер олар да,
Сырласа білгін жеңге боп,
Үлгі боп қайта соларға.
Жарыңды сыйла, құрметте,
Жәннатқа кірер есігің.
Отбасының бірлігі,
Түсіну және кешірім.
Ашуланса жан жарың,
Жағаласпа, сөз қозғап.
Сабыр сақтап, жайын тап,
Кетпесін ашу-от маздап.
Шүкірлігің мол болсын,
Қанағат қылғын тапқанға.
Кедей болсаң, жасыма,
Дәулетті болсаң мақтанба.
Аллаға, ахирет күніне,
Сенген адам қонағын,
Күтеді ынта-пейілмен.
Сондай бол, сен де қарағым.
Алладан ұрпақ сұрарда,
Салиқалы ұл сұра.
Иманы бар жүректе,
Ибалы, ұятты қыз сұра.
Тілегім көп-ақ жүректе,
Айтармын әлі-ақ ақтарып.
Екі дүниеде жүр жаным,
Бақытты болып шаттанып!