МАҚПАЛ-8 (ЦИКЛ)

Шарасыз хәлін көріп адамдардың.

Не етейін, безейін бе ғаламнан бұл?

Бар бақытты сыйлайын қолдан келсе,

Бар мұыңыңды тым ауыр маған қалдыр.

 

Мені ойлама, өйткені, мен ессізбін,

Бағытымыз дәл анық емес біздің.

Топырағын жамылып қалғып кетем,

Жапырағын көрпе қып елес күздің.

 

Сонан кейін жетек боп желік тұман,

Тұманның елесінде өліп күмән.

Өзіңді сағынғанда, айып етпе,

Түсіңде Өлең болып келіп тұрам.

 

(Шартарапқа шуағын таратты ай – күн),

Шуақтың қанатында азап – қайғым.

Ең болмаса рухыма дұғаң болсын,

Саған жазған жырларды парақтай жүр.

 

Ұрттап ішіп уақыттың мың кеселін,

Арттым екен, білмеймін, кімге сенім?

Мені өлді дегенге сенбе, Мақпал,

Мен Сенің жүрегіңде күн кешемін.

 

...Бедерлі өлең бақыттың белгісі еді,

Аңғал көңіл арманға сенгіш еді.

Құсадан – ау, жүрегім шұрық тесік,

Жанарымда сақтаймын енді Сені!

 

Солай, Мақпал!

25.06.2012 жыл



Бөлісу: