Ер азаматтар қайдан шығады?
Ер азаматты тәрбиелеу бүгінде күрделенді. Азамат деген асқақ атқа лайық адамды қалыптастыру үшін бұрынғы мен бүгінгі тәлім-тәрбиеде жаңашылдық, бірін-бірі толықтырар байланыстар керектігі бесенеден белгілі болып қалды. Мұны бала тәрбиесіне қатысы бар ата-анадан бастап, ұстаздар қауымы жақсы сезініп, түсініп отырған болуы керек. Бірақ көп жерде айтылып, жазылып жүргендей бүгінгі қоғамда ер балалардың ынжық, бос, әлжуаз болуы, қайратты дегендері керағар, тілазар мінезбен жетілуі белең алып барады. Әйтпесе, жасөспірімдер арасындағы бұзақылықтардың, тіпті қылмыстардың орын алуын немен түсіндіреміз? Бұл тәрбие деп аталатын басы ашық бұл мәселенің әлі күнге дұрыс жол-жүйесін таппағанын көрсетпейді ме?
Жауыр бола бастаған тақырыптың бірі – жалпы білім беретін мектептерде ер мұғалімдердің тым аз болу факторы. Соның салдарынан ер мінезді балалардың қалыптаспауы бітеу жарадай мәселемізге айналды. Үнемі сыздап, жанымызға батады да тұрады. Ауылда болсын, қалада болсын, еліміздің кез-келген түкпіріндегі мектепті алып қарамаңыз, бәрінде де әйелдер ұжымы басым. Шамамен мектептерде әйелдер 70-80 пайыздай басымдыққа ие. Директоры да әйел, оқу ісінің меңгерушісі де әйел, тәрбие ісімен айналысатын адамы да, баланың жан дүниесін терең ұғуға тиісті психологына шейін әйелзатынан тұратын ұжымда бес-алты ер мұғалімнің бар-жоғы байқалмай қалады, яғни бірен-саран ер азаматтың бала тәрбиесіне ықпалы жоқ деген сөз. Тіпті осы күнде дене тәрбиесі сияқты пәндердің де тізгінін әйел мұғалімдерге ұстатып қойдық емес пе? Көп жерде осылай. Сонда ерлер мұғалімдікті қаламайды ма, мұғалім мамандығы жаппай әйелдерге тиесілі болуының себеп-салдары неде? Осы тұсты зерттеп, зерделеу керек сияқты. Сосын болашақ мамандыққа саналы түрде баланы бағыттап, бейімдеу абзал.
Өңкей әйел мұғалімдерден білім-тәрбие алатын бала ұстаз қанша білімдар, мықты болса да, көп нәрседен қағылады, оның бойында ер азаматқа тән мінез, ерекшелік кемшін соғады. Бұл арада ерді әйелден жоғары қою тұрған жоқ, бұл арада халқымыздың «Ата көрген оқ жонар» дейтін қағидасы тұр. Соны ескерген жақсы. Ер балалар ер азаматқа қарап бой түзесе, шыдамдылық, қиынға мойымау, бір сөзділік сияқты мінезді алады, қысқасы отангершілік сезім бала бойына отангершіл ер азаматтардан дариды. Осыны талассыз мойындап, осы бағытта жұмыстану болашақта әскерге де жарамды жігіттердің шығуына кепіл болады.
Өз басымнан келтірейін, мен Балтық теңізі жағасында (Кеңес кезеңінде) әскерде болдым. Сонда «он бес одақтың» балалары бір полкті құрадық. «Мама баласы» болып өскен небір босбелбеулер аяғының шұлғауын да орай алмайды, турникке тартылу былай тұрсын, 15 шақырымдық жүгірістің бірер шақырымында өкпелері өшіп, еңіреп жылап, жер теуіп отырып алғанын көрдік. Ондайлардың қолына сеніп қару ұстату қауіпті. Жауынгерлік өмірге көндіге алмай, қиынға шыдамаған соң өзін атып тастайды. Мұндай бостар қайдан шығады? Кешірерсіздер, бұған жауап біреу – үйі, бала-бақшасы, мектебінен тек «мамалық тәрбие» алғандықтан. Сондықтан бұдан шығатын түйін де жалғыз – гендерлік саясат деп тым қатты жақаурата бермей, шын ер азамат, болашақ әкені тәрбиелеуді бала жастан бастауға аса мән беріп, бұған республикалық білім министрлігі бағдарлама жасауы қажет. Әйтпесе, біз қанша жерден айтқанмен өзекті мәселе шешілмейді.
«Көн садақтың ішінде көбе бұзар жебе бар. Қарайғанның, жігіттер, бәрін кісі демеңіз, көпе-күндіз тайраңдап, түзге шықпас ерлер бар», - деп алдаспан ақын, батыр Махамбет бабамыз жырлағандай нағыз ер азамат, көбе бұзар жебе – нағыз ер мінезді ұстаздардың ұстасынан, от көрігінен шығады.