Мақа-ға

Досыма арнау

 

Қамшының ғана сабындай, жалғанда мына бес күндік,

Торлап жатқан жүректі пасықтық пен кекшілдік.

Бір күндері өкініп, бармақ тістеп, шарқ ұрып,

Адал достың қадірін деп жүрмейік «кеш білдік».

 

Досым менің «дос» деген атауыңнан айналдым,

Жаныңның мөлдір  шығына   тәнтімін мен... қайранмын.

Бөле алмайтын  араны қашықтық пен уақыт та,

Досым, айтшы өзіңе жіпсіз қалай байландым?

 

Пейіліңді жарығым, тағдыр аққа боясын,

Сол пәктікпен мендегі қайғы мұңды жоясың.

Айта алмаған жырым мен жеткізе алмас сырымды,

Көріпкелдей керемет қайдан біліп қоясың?

 

Табылатын жанымнан жабырқау бір шақтарда,

Саған деген ниетті жеткізе алмас хаттар да,

Мен өзіңнен сырларды жасыра алман білесің,

Сен де төкші мұң  көлін, ойларыңды ақтар да.

 

Сендей досым болғанын мақтан қылам, пір тұтам,

Ұзақ  уақыт өзіңмен көріспесем, мұң жұтам.

Қуаныш пен шаттықты бөлісейін жарқыным,

Тәтті шайды сылтау қып, келіп кетші құрбыжан.

 

Сабылысқан, сарылған тіршілікте күйбең тым,

Өзіңмен сөз алмасып бір керемет күйге ендім.

Өмір   қанша тәлкегін басқа беріп жатса да,

Түңілмеуді тағдырдан бір өзіңнен үйрендім

 

Өзің жоқта бағымда сайрамаған құстарым,

Сол құстардың көрмедім сен жоқ кезде ұшқанын.

Шабытыма шабыт қып қолдау бердің алтыным,

Садақсыз қалған жебе едім, сен баптадың... ұштадың.

 

Сағынатын өзіңді бүгін менде себеп көп,

Қабылдаймын өзіңді Тәңір  берген көмек деп.

Жан досымның қадірі жас ұлғая сезілді,

Ойлайтын ек достарды ойын үшін керек деп.

 

Жарқын досым, алтыным, жапырақ жайған жас қайың,

Тәкәппар бір жанымды   жолыңа-ақ сенің  тастайын.

Сенімен күлсем шат күлкім бұлақ болып төгіліп,

Жылауға да өзіңмен қай кезде де жас дайын.

 

Терең ойға мың батып, терең ойдан шықтым мың,

Игі істі бастасам, шын жүректен құп қылдың.

Шалыс бассам қадамды,  қағып тастап шайтанды,

Шүкірлікке келтіріп,  тәубемді шын ұқтырдың.

 

Мына қысқа жалғанда айнымастан томпаңдап,

Жүре берші жан құрбым, бір қайырлы жол таңдап.

Болашақта қатынас дәл осылай жалғасса,

Саған досым жазармын  арнауларды том-томдап.

 

Бағыт алсын өзіңе  тілек, арнау  ең ізгі,

Бөле алмасын тағдырлар  қозыдай екі егізді.

Арамдық пен қызғаныш тамшылары лайламас,

Достық деген бұл шексіз, тұп-тұнық терең  теңізді.




Бөлісу: