Мажарстан еліндегі «Құрылтай – 2014» шарасы
блог
Көптен бері ат басын бұрмаған Массагет ауылына бір сәлем!!! Баяғы уақыт тығыздығы мен қауырт жұмыс салдарынан бұл ауылға жолым түспеген еді. Бірақ, бұл уақытқа дейін басымнан көптеген қызықты оқиғалар, танысулар, қуанышты жағдайлар өтті. Соның бірі осыдан бір ай бұрын өткен Венгрия еліндегі кезекті - «Тұран Құрылтайы»
Күллі Тұран елінің халқы жиналатын бұл шара әр екі жыл сайын Венгрияның Бугац қаласында өтеді. Алғаш рет бұл шараға 2012 жылы Массагет атынан іс сапармен арнайы барған едім. Алдыңғы жазбаларымды мына жақтан, сосын мына жақтан, осы жақтан, мыннан оқи аласыздар. Биыл алдын ала кезекті еңбек демалысын жоспарлап, бұл шараға бірге барып келдім.
Биылғы Құрылтай ерекше өтті. Біріншіден, Құрылтайға шақырылған түркі елдердің өрісі кеңейді. Екіншіден, Бугац қаласында әлемдегі ең биік, ең үлкен киіз үй тігілді. Үшіншіден, ресми делегаттардан бөлек шараға 400 мыңнан астам халық жиналды. Мажар халқы өз тарихын ұмытпайтындығын, шыққан тегіне үлкен құрмет көрсететіндігін, өткен ата-бабаларын пір тұтандығын тағы бір мәрте көрсетті. Бұл шара олар үшін ғана емес, күллі Тұран халқы үшін ерекше маңызды екенін өзгелерге жеткізе алды. Құрылтайдың басты ұйымдастырушысы Андраш Биро Жолт мырза осындай ауқымды шараны ұйымдастыру үшін аянбай тер төгуде. Андраш мырзаның арқасында Құрылтай уақыт өткен сайын жаңа леп алып, жылдан жылға өрісі мен маңыздылығы артып келеді. Ол үшін Андраш мырза мен күллі мажар халқының алдында басымды иіп, алғысымды айтамын.
Қазақ елінің атынан биыл Құрылтайға бас аяғы 70 шақты кісі қатысты. Ішінде ел ағалары, тарихшы-этнографтар, қоғам қайраткерлері және тағы басқалары қатысты. Құрылтайдың басты қонағы «Тұран» этно-фольклорлық тобы! Бұл топты қазақ пен мажар халқы ғана емес, күллі түрік халқы ерекше жақсы көреді. Менің білуімше, «Тұран» тобының аты Құрылтай афишасында бірнеше ай бұрын жазылып, оларды мажар халқы ерекше күтті. Сондай-ақ, «Тұран» тобынан бөлек Құрылтайға «Арқайым» мен «Қосарна» топтары шақырылды.
Құрылтайға келген ресми делегаттар Еуропаның ең әдемі ғимараттары саналатын Венгрия Республикасының Парламентіне барып, Мажарстан елінің үкімет басшылығының арнайы қабылдауында болды. Сондай-ақ, Қазақстаннан барған делегат мүшелері Будапешт қаласындағы Астана атындағы көше бойында бой көтерген Абай ескерткішінде Венгриядағы Қазақстан елшісінің өкілдігімен кездесіп, арнайы гүл шоқтарын қойды. Будапештегі Абай ескерткіші биылғы жылдың маусым айында еліміздің премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың қатысуымен салтанатты түрде ашылған-ды.
Құрылтай, Еуропаға кезекті сапарым туралы кеңінен кейін айта жатармын. Әзірге осы)
Фотосуреттер өзімнің және Фейсбук желісіндегі Мурат Габдуссалимов, Рафаэль Тулегенов, Қайрат Балтабай, Асель Мингалиева, Nijat Ayvaz достарымның жеке парақшаларынан алынған
Назарларыңызға рахмет!