МАХАББАТЗАЯ

 
Жұрттардың қалай үйленіп жүргенін қайдам, үйлену деген бұл үшін кәдімгідей қиын мәселе. Алынбас асу. "Нәрмәлни қыз жоқ қой" дегенде ағасы жер-жебіріне жетіп ұрысқан. 
— Қыздар нәрмәлні жігіт жоқ дейді! Жігіттер нәрмәлні қыз жоқ дейді! Немене, жердің бетін не нәрмәлни адамдар басып кеткеннен сау ма? — деп айғайлап қоя береді.
Қыз таппай жүргені рас. Бірақ соңғы кезде әнебір қыз... мұның жүрегін қытықтап жүргендей ме, қалай? Ол қызбен әңгіме ойламаған жерден басталды. Жаңа жыл жақын қалған күндердің бірі еді. Қолдың бостығынан ғаламторды көбірек ақтаратын. Кейде басқалармен де хат жазысатын. Дала суық, жұмыс жоқ, одан басқа не істейсің?
— Сіз өте сауатты жазасыз. Рахмет ағасы, мені түзегеніңіз үшін. Мен əдемі жаза алмаймын... Сіздің арқаңызда не айтқым келгені əп-əдемі болып, дөңгеленіп шыға келді.
Өзі танымайтын қыздан тосыннан осындай жып-жылы, жағымды лебіз естігенде бұл таңғала қойған жоқ. Екінің бірінен естіп жүрген баға ғой. Сауатты жазудың ешқандай мақтаныш емес екенін бұл жақсы ұғатын. Әйтсе де, мынадай сөздерді жауапсыз қалдыруға бола ма?
— Әлі-ақ үйреніп кетесің бәрін де. Бірден болмайды ғой, ақырындап.
— Рахмет ағасы, — деді қыз тағы да.
Бейтаныс қызға іші жылып қала берген.
Біраз күн өткен соң сол бір қызды іздеді. Аты-жөні есінде қалмапты. Ары іздеп, бері іздеп еш таппады. Бір кезде есіне оның жазған хаты түсті де, дереу хаттар архивін ақтарды. Хатты тапқаннан-ақ, оны бұл жерден мүлдем кетіп қалғанын ұқты. Көңіл-күйі бір түрлі құлазып сала берді. «Неге кетіп қалды екен? Аты кім еді-ей»?..
Тағы да біршама тәуліктер артта қалған шақта сол қыз тағы да хат қалдырды. Екеуі енді бұрыннан таныс адам секілді шүйіркелесіп әңгімелесе бастады. Бірақ қыз ешқашан бұған фотосын көрсеткен емес. Әрнені сылтауратады. Қанша өтінсе де, бейтаныс қыздың келбеті бұл үшін жұмбақ болып қала берді. Бұл енді қалайда осы қыздың жұмбағын шешіп, онымен жақын танысуға бел буды. Реті келіп, қатты ұнап жатса неге үйленбеске? Жылдар бойы шаршатқан жалғыздықтан осылай әрекет жасап құтылмаса, жүре беретін түрі бар...
 
* * *
Жарты жылдай сөйлесіп жүрді де, қыз мүлдем жоғалды. Бұл шарқ ұрып іздесе де, ол қыздың дерегі еш жерден табылмады. Ұшты-күйлі кетті, қайта қарасын көрсетпеді. Біраз күн өкінішке бой алдырып, құса болып жүрді, онсыз өмірге де көндіге бастады. Өкінбес пе еді, егер ол қыз толық мекен-жайын, телефонын қалдырып, жақынырақ танысқанда. Телефоны түгіл, фотосын да көрсеткен жоқ. Ақырындап, ол қыздан күдерін біржола үзді. Тіпті, кейде сол қыздың өмірде бар екеніне де күмәнданатын болды. «Барлығы дұрыс болса неге сонша жасырынады?» деп ренжіді де, өзін-өзі қинап болса да қызды ұмытуға тырысты...
Бір күні қалаға әлдебір шаруамен бара қалды. Асханалардың біріне асығыс жайғасып, даяшыларға асығыс тапсырыс берді. Орта жастағы әйел бұған керек-жарақтың бәрін жазып алды да, өзі дайындап әкелді.
— Ас болсын.  
— Рақмет, — деп бұл алдындағыны қаужауға кіріскен. Бұл орнынан тұрам дегенше даяшы әйел бұдан үш-төрт рет хабар алды.  
— Палаудан соң шашлық жейтін әдетіңіз бар еді ғой, шашлыққа тапсырыс бермейсіз бе? — деді бір келгенінде.
Бұл таңғалып:
— Оны қайдан білесіз? — деді.  
— Бізге жиі келесіз. Үнемі солай жасайсыз. Жаттап алдық қой, — деді даяшы әйел өз-өзіне риза болып күліп. «Қызық, мен бұл жерге бірінші рет келіп тұрмын ғой...» деп ойлады бұл ішінен.
Кетерінде манағы әйел:
— Келіп тұрыңыз, сізге әрдайым есігіміз ашық, — деп мұны ерекше ықыласпен шығарып салып, ұзап кеткенше соңынан қара-аа-ап тұрды.
 
Бұл орта жасар әйел — баяғы бейтаныс қыздың рөлінде ойнап, жігітпен хат жазысып жүрген «жұмбақ жан» еді...

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ

 



Бөлісу: