«Махаббатым — ғайып еренім»
Жалпы махаббат деген сөздің мағынасы кең. Махаббат деген сүйіспеншілік, ынтызарлық, ғашықтық деген сөздердің баламасы ретінде айтыла береді.
Сонда, махаббат деген адамға пайдалы қасиет пе, әлде зиянды сезім бе? Белгілі жазушы әрі психолог Ерсін Қойбағарұлының «Махаббатым — ғайып еренім» — деген кітабын оқығанда осындай сауалға жауап іздеген едік. Кітапты оқып шыққанда ол өзге қаламгерлер секілді өзіндік қияли ойларды, аңыздарды, діни наным, сенімді ғана өзек етпей, ғашықтық сезімді ғылыми тұрғыдан қарастыруға тырысатыны айқын байқалды. Демек, бұл кітаптан оқырман махаббаттың пайдасы мен зиянын ажырата алады деуге болады екен.
Сонда махаббат деген не? Осы сауалды жастар, жасөспірімдер жиі қояды. Себебі, олар ғашықтық сезімнің мән-мағынасын ұғынғысы келеді. Осы кезеңде олардың жар тандауы, бірін-бірі ұнатуы, ғашық болуы табиғи заңдылық. Биология ғылымында мұны «инстинк» дейді. Бұл жан-жануарлардың бәріне ортақ. Ал, жануарлардан адамның артықшылығы санаға ие. Абайдың «махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңыз» — деген тұжырымы хайуандардың еркегі мен ұрғашысы бір-бірімен ешқандай ақыл-ойсыз, табиғи жаратылысының заңдылығымен қосылса, адам ой-сана иесі болғандықтан өзінің қосағын өмірден алған таным-түсінігі, ақыл-парасаты арқылы табуға тырысады. Көптеген қазақ ақын-жазушылары Абайдың бұл тұжырымын ұшқары, жаңсақ түсініп ғашықтық сезімді Отанға, ата-бабаға, анаға, балаға деген сүйіспеншіліктен жоғары қойып, махаббатқа көзсіз табынатыны байқалады.
Тарихта адамзат қоғамы дамыған сайын адам санасы да жетіліп жар таңдауда салт-дәстүр пайда бола бастады. Яғни, еркек пен әйел арасындағы ынтызарлық тек табиғи инстинк қана емес, салт-санаға, таным-түсінікке, діни наным-сенімге орай қалыптасатын болды. Әсіресе, діндердің пайда болуы бұған зор ықпал етті. Сөйтіп, үйлену мәселесінде алуан түрлі дәстүрлер пайда болды. Мәселен, христиан діні бойынша бір еркек бір әйелге ғана үйленсе, мұсылман діні бойынша бір еркек төрт әйелге дейін үйленетін болды. Христиан дінінде ең қасиетті махаббат сезімі болса, мұсылман ілімінде ұрпаққа, Отанға деген сүйіспеншілік махаббаттан жоғары тұрады. Мұның қайсысы дұрыс? Ғылым жағынан қарастырсақ мұсылман дінінің ұстанымы табиғатқа, жаратылыс заңына үйлесетінін ұғынуға болады. Себебі, биология ғылымының зерттеулері бойынша тіршіліктің ең жоғары сатысы сүтқоректілер, яғни қоян, түлкі, қасқыр секілді аңдар, яғни баласын емшек сүтімен қоректендіретіндер. Олардың ағзаларын салыстырсақ адам да осы топқа жатады. Жалпы табиғатта бір еркек пен бірнеше ұрғашы қосылу арқылы ұрпақ тарайды. Міне, мұсылман діні осыны да мықтап қарастырған деуге болады. Соған орай, салт-дәстүр туындаған. Ал христиан діні бойынша бір еркек екі әйелмен некелесе алмайды. Тіпті, екі әйелге қатар үйленгендерге өлім жазасы қолданылған. Бұл дінде табиғатқа, жаратылыс заңдылығына үйлеспейтін ұстанымдар түрлі тарихи жағдайларға орай туындаса керек. Дінді жоққа шығарып ғылымды ғана ұстануды мақсат еткен марксизм-ленинизм ілімі де үйлену мәселесін христиан дінінің канондарына сәйкес жасап, «әйел теңдігі» деген ұранды ұстанып бір әйел мен бір еркек үйленуді ғана салтқа айландыруды мақсат етті. Неге? Себебі, бұл ілімінің негізін салған Маркс те, Ленин де христиан дінін ұстанған қоғам өкілдері. Сондықтан олар осы елдердің салт-санасын ескеруге мәжбүр болса керек.
Ал қазақ қоғамына келсек, халқымыз көп әйел алу салтын ұстанған. Тіпті, қазақтың көнеден қалыптасқан салты бойынша мұсылман дінінің шарттарын да толық қабылдай бермеген деуге болады. Мәселен, мұсылман дінінде бір еркек төрт әйелмен ғана неке қиюға рұқсат берілсе, қазақ әйел санын шектемеген. Бұл «Жеті жарғыда» нақты тұжырымдалған. Шариғатта бір омыраудан ембеген қыз бен жігіт үйленуіне тыйым жоқ болса, қазақ 7 атаға дейін үйленуге қатаң тыйым салған. Мұндайларға тіпті, өлім жазасы қолданылған. Неге? ¥рпақтың қаны бұзылып азғындап құриды деп түсінген. Қазіргі ғылым бұл қағиданы растап отыр? Қазақ халқы мұны көне заманда қалай білгені беймәлім.
Жалпы, қазақ халқының қалыптасқан салт-санасына ой жүгіртсек отбасын құрау мәселесіндегі басты ұстанымы қалайда ұрпақты тез көбейтуді мақсат еткен деуге болады. Қазақта еркек те, әйел де өзін ата-бабасы мен ұрпағы арасындағы өткел ретінде өмір сүруді басты ұстаным еткен. Сөйтіп ер адам ұрпақ көбейту мақсатымен ғана бірнеше әйелге үйленетін болған. Ал қазақ әйелдері бәйбіше болса да, тоқал болса да күйеуінен ұрпақ көбірек тарағанын мақсат етіп өмір кешуді парыз санаған. Тоқалдан туған балаларды бәйбіше бауырына басып өзінің құрсағынан шыққандай сүйіспеншілікпен өсірсе, бәйбішеден туған балаларды тоқалдар да анасы ретінде сүйіспеншілікпен қабылдайтын болған. Сірә, соғыстан, індеттен қынадай қырылған қазақ тез көбейіп ұлан-ғайыр жерді иеленіп, қорғауды басты мақсат етсе керек. Қазіргі кезде де қазақ халқы үшін мықты мемлекет болу үшін, елдің, жердің шын мәнінде иесі болу үшін демографиялық өсімді еселеп арттыру ең басты мақсат болып отырғаны айтпасақ та ұғынықты болса керек.
Сондай-ақ қазақ дәстүрінде махаббатқа тыйым салу, жастарды ғашықтық сезімге ұрынудан қорғау жағы да мықтап қарастырылған деуге болады. Өткен ғасырлардағы қазақ әдебиетінде махаббатты әспеттеген, шығармалардың ұшыраса қоймауы осыдан болса керек. Неге? Сірә, ұрпақ көбейтуге, яғни демографиялық өсімге махаббат зиянды екенін аңдай білген болса керек. Қалың мал, құдаласу, аттастыру секілді салттардың мәні де осыған саяды. Бұл мәселені екінші қырынан қарастырсақ халқымыз жастарды әсіресе, ғашық болудан сақтандыруға ерекше мән берген. «Қызға қырық үйден тыйым» дегендей сөз осындай ұстанымнан шықса керек. Бұл тек ұрпақ көбейту мақсатынан ғана емес, ғашықтықты зиянды дерт дегендей түсініктен де болған секілді. Ғашық болуды «басы айналды», «басын айландырған», «дуаландырды» деп психологиялық дерт деп жастарды одан сақтандырып, тек ата-ананың ұйғарымымен ғана үйлендірген. Бір сөзбен тұжырымдасақ ғашықтық, махаббат психологиялық дерт екенін қазақ ежелден аңғарған. Бұл туралы зерттеулер жасалмай, махаббатқа тек біржақты табындыру, қазір әсіресе, қазақ қоғамында шектен шығып бүкіл халықты ұлттық салт-санадан бездіруге зор ықпал ете бастағаны өз алдына жеке әңгіме.
Біраз жыл бұрын Абай атындағы Қазақ ¥лттық Педагогикалық университетінің психология кафедрасы ғалымдарына махаббаттың, яғни әсіресе ғашықтықтың зияны туралы зерттеулер жасалатыны жөнінде сұрастырғанымда олар тіпті, «махаббаттың қандай зияны болмақ? Ол адамның ең асыл қасиетті сезімі емес пе?!» — деген мәнде өздерінше дәлелдеуге де тырысқан болатын. Сондай-ақ, «Қазақ әдебиеті» газетінде «¥лттық салт-дәстүр. Махаббат. Қайсысын насихаттаймыз?» деген мақала жазып жалпы махаббат психологиялық дерт, эгоизм, ұлттық салтқа кереғар құбылыс болып табылатынын, мұның әсіресе, қазақтың демографиялық өсіміне зиянды болып келе жатқанын кеңінен дәлелдеуге тырысқан едім. Алайда ақын-жазушылар мұны ұғына қоймады. Мұндай пікірге ашық қарсы шықпағанымен, әсіресе, ақындар махаббатқа табынатындай жыр жазуды үдете түсті. Олардың тіпті, құдайға емес, құранға емес, қазақтың ұлттық салт-санасына емес махаббатқа, ғашықтың сезімге табындыратын шығармалары көбейе түсті. Маған «Сіз өркениет бесігі атанған Еуропа мәдениетіне, барша ұлылардың махаббат жөніндегі тұжырымдарына қарсы шыққаныңыз қалай?» деген мәнде хаттар да келді. Жазушы Еркін Қойбағарұлының «Махаббат — ғайып еренім» деген әңгімелер мен хикаяттар жинағын оқып шыққанда махаббаттың шын мәнінде психологиялық дертке айналатынын оқырмандар ұғына алмақ дегендей пікірге тіреле бердім. Өйткені кітаптың авторы жай ғана жазушы емес, психолог, психотерапевт болғандықтан бұл мәселені медициналық психология ғылымы тұрғысынан да қарастырған деуге болады. Кітаптың мұқабасында жазылған деректерге қарағанда медицина институттын бітірген. Мамандығы — психотерапевт. ¥зақ жыл әскери салада осы мамандығы бойынша қызмет атқарып мол тәжірибе жинақтаған. Кейін «Манкент» шипажайында 25 жыл медицина психологы, психотерапевт болған екен. Яғни, көргені де көп, оқып-тоқып көңілге түйгені де көп тәжірибелі психолог дәрігер, емші. Өзінің білімі мен тәжірибесін әдеби шығармаларына өзек ете білуі оның қаламгерлік ерекшелігін айқын аңғартады. Психолог жазушының көркем шығармаларында психологиялық ауытқулар мен дертке ұшырағандар, яғни есі ауысып жынданудың себептері, адамның психологиялық ахуалы, психология ғылымының құпиялары туралы ғылыми тұрғыдан да баян етіледі.
Жалпы психологиялық дерт, көріпкелдік, емшілік, жүйке аурулары қазір әлем бойынша ғылымда да, әдебиетте де тың тақырып. Демек, автордың туындылары тек қазақ әдебиеті үшін ғана емес, әлем әдебиетінде де айтарлықтай жаңалық ретінде бағаланатыны сөзсіз. Сондай-ақ, оқиғаларды алуан түрлі әдеби әдіс-тәсілдермен тартымды жазуы, оның талантты қаламгер екенін айғақтай түседі. Автор 14 прозалық кітап жазып, жариялаған. Туындылары өзбек, қарақалпақ тілдеріне де аударылған. 2006 жылы таңдамалы шығармаларының 2 томдығы шыққан. 1994 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болса да, А.Фадеев атындағы халықаралық сыйлық және алтын медалін алса да Қазақстанда оның дарыны мен еңбектері лайықты бағаланбай, насихатталмай назардан тыс қалып келе жатқаны таңданарлық.
Екінші жағынан бұған таңдануға да болмас. Қазақстанда нағыз таланттар елеусіз қалып, олардың қазақ халқының ой-санасын оятатындай еңбектері игілікке айналмай, шет жұрттарда ғана лайықты бағаланатыны бір бұл емес. Керісінше қазақ халқына пайдасынан зияны көп, дарынсыз, заман талабынан қалыс қалған авторлар атақ пен шен-шекпеннен, сый-сияпаттан кеңде болмай жүргеніне де мысалдар жетерлік. Тіпті, қалам тартқандардың көбі кеңес заманында қалыптасқан «социалистік реализм» шеңберінен шыға алмай, кеңестік, батыстық идеология тұрғысынан шығармалар жазып мадақталып келеді. Олардың жаңаша, ұлттық идеология тұрғысында шығармалар жазуына өресі жетпейтіні, құлдық психологиядан арылмағаны әсіресе махаббат, ғашықтық сезімге табындыратын туындыларынан айқын байқалады. Ал мұндай туындылар қазақ жастарына, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің ұлттық салт-санадан безінуіне ғана емес, психологиясына, денсаулығына, өміріне, тағдырына қандай зиян келтіріп жатқаны ескерілер емес.
Ал, Ерсін Қойбағарұлының бұл кітабы жаңаша көзқарас тұрғысынан жазылуы әсіресе, қазақ жастарына аса қажет, пайдалы еңбек деуге болады. Автор әңгімелер мен хикаяттарды таратымды етіп оқырмандарды баурап аларлық шеберлікпен жазғаны өз алдына жеке әңгіме. Оқиғаларды қызғылықты етіп нанымды баяндау барысында қазіргі қазақ қоғамына қозғау саларлық мәселерді, ғылым жетістіктерін, медицина саласының құпияларын нақты айтып оқырмандардың бұл саладағы таным-түсінігін байытуды да мақсат еткені аңғарылады. Әсіресе, махаббаттың, шынайы ғашық болудың психологиялық дертке қалай ұласатынын алуан түрлі тәсілдер қолдана отырып қызғылықты әңгімелеуі оқырманды бей-жай қалдыра қоймайды. Кітаптағы беташар туындысы «Махаббатым — ғайып еренім» әңгімесін оқып шыққанда алғашқы ғашықтық сезімнің тіпті, көп жыл өткен соң да адамды ақыл-есінен адастырып отбасының шырқып бұзатындай психологиялық дертке ұласатының ұғынуға болады. Мұнда Исмайыл деген жігіттің студент кезінде ғашық болған Гүлбаршын деген қыз есіне жиі орала беретіні ғана әңгімеленеді. Әскерге кеткен Исмайылды тоспай басқа біреуге күйеуге шыққан Гүлбаршын деген қыздың бейнесі көп жыл өткен соң түсіне жиі кіре береді. Сөйтіп, Исмайыл күндіз-түні оны ойлап, сағынып аңсайтын дертке ұрынады. Әйелі, бала-шағасы бар адамның өмірдегі қызығы, бақыты жас кезінде ғашық болған қыз емес, сүйген жары мен балалары болуы тиіс емес пе. Исмайыл болса дүниеден баз кешіп алғашқы махаббаты болған қызға ынтызар болған ой-қиялдан, елестен, түс көруден арыла алмай қиналады. Мұнысы дұрыс емес екенін өзі білсе де мұндай ынтызарлықты
ақыл — ойына жеңдіре алмауы психологиялық дертке ұшыраудың белгісі екенін автор ашып айтпайды. Егер әңгімеде Исмайыл есінен ауысты дегендей дәлелдерді келтіріп оқиғаның шынайы мәнісін түсіндіріп баяндаса шығарманың тартымдылығы болмас еді. Алайда, оқырман Исмайылдың есінен адасқанын айпай-ақ аңғаруы қиын болмаса керек.
Исмайыл мұндай елес-дертке қалай ұшырады? Әрине, жасынан махаббат жырларын көп оқып, махаббат жырларын жиі жазғандықтан емес пе?! Мұны автор ашып айтпайды. Егер Исмайыл жасынан қазақтың ұлттық салт-дәстүр рухында тәрбиеленсе мұндай күйге ұрынбайтыны анық. Өкінішке орай қазір қазақ қоғамында еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін махаббат, ғашықтық ән-жырларды ғана оқу-тәрбие орындарында да, концерттерде де, теле-радиода да, ойын-тойларда да шырқауды дәстүрге айландырып алды. Баласының алдында атасы, атасының алдында келіндері махаббат әнін әндете береді. Ғашықтықты киелі сезім деп түсінеді. Махаббат жолында құрбан болуды бақыт деп түсінген өлең-жырлар әсіресе, жастар санасын улап, олардың арасында өзін-өзі өлтіру де соңғы жылдары қатты көбейіп, бұл жөнінде қазақ халқы әлемде алдынғы орынға шықты. Жыл сайын мыңға жуық қазақ баласы асылып өлетін дертке ұрынуның бір себебі ұлттық салт-дәстүр рухында тәлім-тәрбие алмағандықтан екенін қазіргі қазақ зиялылары, әсіресе ақын-жазушылар аңғара білмейтіні өкінішті. Ал жасынан махаббат туралы шығармаларды көп оқыған Исмайыл секілділер қазір өмірде аз емес. Әсіресе, махаббат тақырыбындағы өлеңдерді көп оқыған, сөйтіп өзі де өлең жазатын болған, тіпті, ақын атанған Исмайыл міне, соның салдарынан есейген шағында психологиялық ауытқуға душар болғанын автор былай аңғартады:
«Махаббат дегеніміз — поэзия, поэзия дегеніміз — махаббат, дейді Гүлбаршын. -Елес
— Дұрыс айтасың
— Мені ұмыту үшін ақындықты тастауың керек. Ал мен махаббатпын. Мені ұмыту, мені бұл дүниеден өшіріп тастау ешкімнің де қолынан келмек емес. Сондықтан әнің боп хатыңда қаламын. Мен саған жиі келіп тұрсам, екеуіміз жиі-жиі дидарласақ, сенің шабытыңа қанат бітіп, поэзия-пырағың аспанда құсша қалықтайтыны рас па?
— Рас».
Міне, осындай елес, құлағында жаңғырған үн Исмайылға маза бермейді. Ол жеке отырса да, ұйықтауға төсекке жатса да көз алдына көлбеңдеп елестеген қызбен сөйлескендей күбірлеумен болады. Ақыры мұны әйелі біліп ұрыс-керіс басталғанын автор былай әңгімелейді. «Келіншегі «Латын тілі» кітабын парақтай бастады. Кітаптың соңындағы «Мақал-мәтелдер мен қанатты сөздер» деген тарауын ақтарып отырып, бір сәтке шұқшия қалды: «Мен сүйген жаннан артық, ешкім ешуақытта да болмақ емес».
«Латын тілі» келіншегінің тізесінен сусып, еденге тарс етті. Ал, содан соң суреттің пәре-пәресі шықты. Иә, Исмайыл үшін Гүлбаршынның суреті емес, біреу кеудесінен өз жүрегін суырып алып, қырық құрақ еткенімен пара-пар еді бұл.
Келіншегі кереуетке құлай кетіп, жыласын кеп, жыласын.
Суреттің теңгедей шашылған қиқымдарын қайта құрастырғысы, Гүлбаршынның бейнесіне соңғы рет бір үңілгісі келді бір сәт.
— Тыңдап отырса, әйелінікі де жөн сияқты. Сүйген жарым деп жүрсе, осымен көгеремін, өнемін, өсемін деп жүрсе, мұның басқа біреуі болған. Әскерден келуін күтпей қайдағы біреумен қол ұстасып, әлдеқашан қарасын жоғалтқан сол опасызға арнап әлі күнге дейін өлең жазады, ән шығарады. Суретін жасырып сақтайды. Сүйген жары ылғи да қиялында сол бір қайдағы біреумен өмір сүріп жүреді. Не деген қорлық!».
— ... «Бағиладан қай жері артық? Қысық көз, пүшық мұрын біреу. Манадан бері жылап отырып, бар ызасын сыртқа шығарған Бағила:
— Бар! Кет Баршыныңа! Бәрібір сен қиялыңда сонымен ғана өмір сүріп жүрсің! — деп есікті нұсқады».
Ал әңгіменің соңында Исмайлдың түнде түс көріп, оянып алып елеске елтіп, сыртқа шығып, қиялындағы ғашығымен қауышып тұрғанын автор әсерлі етіп былай түйіндепті:
— «Жарым түнде төсегіннен тұрғызып, мазалап жүрген желеп-жебеуші Махаббатым-Ғайыперенім екенсін ғой.
— Көзге түртсе көргісіз тас қараңғылықты жамылып, сіркіреген жаңбырдың астында
Исмайыл Гүлбаршын — Елесті қатты құшып, үлбіреген ернінен құшырлана сүйіп тұрды. Жүрегі тайдай тулайды:
Дүрс-дүрс, дүрс-дүрс, дүрс-дүрс».
Бұл тек Исмайылдың елесі ғана екенін, Гүлбаршын бейнесі оның қиялы ғана екенін оқырмандар айтпай-ақ түсінуі қиын емес. Бұл да жазушының қаламгерлік шеберлігі, тапқырлығы екені сөзсіз.
Әңгімені оқып шыққанда «автордың айтайын деген ойы не?» дегендей сауалға еріксіз жауап іздейсің. Сөйтіп, Исмайылдың психологиялық дертке шалдыққанын аңғарғандай боласың. Оның мұндай күйге ұшырағанына жаның ашиды. Ер азаматтың мұндай бейшара халіне налисың. Махаббаттың киелі емес, психологиялық дерт екенін сезінген сайын оны аяйсың.
Осы кітаптағы «Қарашаш» деген хикаяттан Қарашаш деген қыз өзі сырттай ғашық болып жүрген Қосжан деген жігіт «алапат өрттің ішінен төрт баланы аман алып шыққан. Бірақ өзі қатты жарақаттанып, денесінің көп жері күйіп, ауруханада, Қарашаштың көз алдында дүние салған. Кейін Қосжанның бұйымдарының ішіне мәрмәрдан жасалған Қарашаштың мүсіні табылған. «Дүниедегі мен үшін ең қымбат жансың, әрі менің өмірлік ұстазымсың» деп жазылыпты мүсіннің табанында. Табиғатынан нәзік, сезімтал қыздың жүйкесіне мына уақиға өте қатты соққы болып тиген». Содан Қарашаш жынданып кеткен. Енді одан айығу тіпті мүмкін емес.
Бұрынғы қазақ қоғамында әйелдер күйеуінің өзге әйелдермен көңілдес болғанын айтарлықтай қызғана бермейтін. Қазір қоғам өзгерді. Көп әйел алу сынға ұшырап сиреді, тіпті жойылды деуге болады. Бұрын отбасында отағасы-еркек билік етсе, қазір әйел билігі үстем болды. Әйелдердің күйеуін қызғануы да асқынды. Тіпті, мұндайда күйеуінен кек қайтару үшін әйелдердің жеңіл жүріске, ішімдікке салынуы да ұшырасатын болды. Тіпті, күйеуін шынайы сүйетін әйелдердің мұндайда есінен ауысып кететіндері де кездеседі. Автор «Ем қонбайтын келіншек» деген әңгімесінде осындай оқиғаны қызғылықты етіп баяндай отырып психологиялық дерт, оны емдеу туралы ғылым жетістіктерін, әдіс-тәсілдерді тәптіштеп айта отырып шығарманы тартымдылығын арттыра түскен. Курорттағы психологиялық дертті емдейтін дәрігердің қабылдауына келген Марта деген әйелге ешқандай ем әсер етпейді. Сондағы мұндай дертті емдейтін әдіс-тәсілдер бар екенін автор әңгіме арасында былай нақты айтып оқырман сенімін арттыра түседі:
«Психотерапия — адам психикасына сезім мүшелері арқылы көңіл-күйін өзгерте отырып, аурудан айықтаратын ілім. Аурудың туындауына, түріне, басталғалы бергі мерзіміне, басқа да көптеген себеп салдарға қарап қолданылатын ем-тәсілдері бұл салада тым көп-ақ. Мәселен, кейде өте зарлы әуен тыңдатып, болмаса бағзы заманда басынан өткен бір қайғылы оқиғаны қайта есіне түсіріп, жылатып, еңіретіп, көз жасын көл қылып егілтіп немесе кинокомедия көрсетіп, құйтырқы анекдоттар тыңдатып, ішек-сілесі қатқанша күлдіріп емдейтін тәсілдер бар бізде».
Ал Марта деген келіншекке мұндай емнің ешбірі дәру болмайды. Дәрігердің еміне күдіктене бастағанын ол былай деп зарлап айтады:
«Күннен күнге асқынып барады менің ауруым, курортта қатырады деген кәсіподақ ұйымындағылардың сөзіне сеніп, ақымақ болғаным-ай. Түн баласына ұйқы бетін көрмеймін. Күні бойы басым кәңгіріп жүрем сосын. Күндіз де бір сәтке көз шырымын ала алмаймын».
Ал дәрігер болса оған еш ем қолдана алмай амалы құриды.
Әйтеуір, Мартаға ем қонбайды. Оны емдеуді әңгімелеудің барысында өзге де психологиялық дерт түрлерін қалай емдеп жазғанын, қандай тәсілдерін қолданғанын автор біраз мысалдар келтіре отырып, баяндайды. Әрине, мұндай әңгімелерден алуан түрлі психологиялық дерттердің қалай туындайтынын, оның қандай белгілері болатынын, қандай әдіс-тәсілдер қолданып емдейтінін дәрігердің сөзімен нақты баяндалуы шығарманың тартымдылығын, нанымдылығын арттыра түседі. Ал Марта болса дерті үдей түседі. «Мартаны сананы шалған кіршіктен гөрі, көңілге кірген кірбің, жанға түскен жара қаттырақ қинайтын сияқты. Бірақ, ол осы жағдайға душар еткен себепті айту түгілі, сұрауға үзілді-кесілді қарсы ғой. Мұндайда шымбайына тимейтін жанама сұрақтар қою, түс жору, психоанализ жасау арқылы оған білдірмей аурудың туындау себептерін нақты анықтамаса да, соған жете қабыл едәуір дұрыс тұжырымдар түзуге болады.
— Қандай түстер көресіз?
— Түсімде күйеуім ылғи бір әдемі келіншектермен жүреді.
Мұндай түстерді күйеуінің көңілдес әйелдері бар екенін білгенде немесе күдіктенгенде көруі тиіс». Ақыры дәрігердің осындай жорамалы әңгіменің соңында дұрыс болып шығады. Алайда, дәрігер Мартаға бұл жөнінде тіс жарып айта қоймайды. Өйткені «Сүйіктісіне деген сенімін жоғалтқан әйелге, яки еркекке сүйіспеншілік, махаббат хақында әңгіме айту — жарылғыш затқа сіреңке жағумен бара-бар. Мұндайлар бұл тақырыпқа жазған кітапты оқыса да жыны шығып, отқа лақтырады».
Сондай-ақ дәрігер Мартаның бақылау арқылы оның невроз ауруына шалдыққанын анықтайды. Оның дерті асқына берген соң ақыры үйіне қайтарады. Содан бір апта өткен соң Марта дәрігердің алдына кіріп келгенде оның мүлде өзгергеніне таң қалады. Марта ауруынан құлаң таза айығып баяғы абыржу, қайғы-мұңың табы да қалмаған, бейне бір он жасқа жасарып кеткендей аса ажарлы, өте сабырлы. Ойнақшыған көзі де от шашып тұр. Өзінің дерттен қалай айыққанын Марта былай әңгімелейді:
— «Тыңдаңыз. Күйеуім басшылық ететін партияға Мәскеуге аты шулы бір ақын қыз келіпті. Өзі әрі фотограф, әрі лаборант-химик екен. Сонда лаборант болып жұмысқа тұрыпты деген сыбыс естідім біреуден» — деп әңгімесін бастаған Марта күйеуі осы қызбен көңілдес деген күдікті ойға келіп қызғаныштан невроз ауруына шалдыққанын кейін әлгі қызғанып жүрген қыз күйеумен қызметтес болған Гриша деген жігіттің ғашығы екенін, соған тұрмысқа шыққанын естіген сәтте өзінің күдігі сейіліп ауруынан айығып кетіпті.
Мұндай әңгіме қазір ел арасында жиі кездесетін психологиялық дерттерден жан-жақты хабардар етуімен де оқырманға жағымды әсер ететіні сөзсіз.
«Доктор Арсений» деген хикаятта ғашықтық сезім туралы ежелден-ақ ғылыми-зерттеулер жасалғанын, одан сақтанудың, бұл дерттің алдын алу тәсілдері де бар екенін автор былай нақты ашып айтады:
— «... бізге шығыс медицинасын оқытқан ұстаздарымыз сезімге қатты беріліп кетпеуге, қандай сәттерде болсын салқынқандылық танытып, ойлап, ойға салып пішіп-кесуге, аптықпауға, асықпауға үйреткен.
— Оныңыз дұрыс. Менің айтарым, қызды ұнатсаңыз үйленгеніңіз жөн, үйленгіңіз келмесе ғашықтық сезімін бірте-бірте суытыңыз. Өзіңізден бірден алыстатып тастасаңыз, ана түрімен бірдеңеге ұрынып қалуы мүмкін».
Кітапта осы секілді нақты ғылыми тұжырымдарды оқығанда қазір қаншама жасөспірімдер ғашықтық сезіміне ие бола алмай ғашығынан көңілі қалған сәтте оқыс жағдайға ұрынып жезөкшілікке салынып кететіні, асылып өлетіні секілді қолайсыз, оқыс жағдайларға ұрынатыны ойға еріксіз орала береді. «Ешкінің сирағы» деген хикаятта Сусанна деген келіншек ғашық болған жігіттен күдер үзген соң ішімдікке салынып, қаңғыбас болып, боранда үсіп өлсе, оны сүйген жігіт әйелінен ажырасып ақыры үйленбей қояды. Бұлардың бастан кешкен оқиғалары да қызғылықты әңгімеленеді. Мұнда да махаббаттың адамдардың тағдырына қандай теріс әсер ететінің автор көптеген оқиғаларды баяндай отырып, ұғындыруға тырысқан.
Бұл күндері халқымызға төнген індеттің бірі маскүнемдік екенін жұрттың бәрі біледі. Небір талантты, ақылды, білімді, өнерлі жастардың арасында ішімдікке үйір болып, ақыры психологиялық дертке ұшырап, қаңғыбас болып жүргендерді де көріп жүрміз. Маскүнемдікке қарсы ресми үгіт-насихат жүргізіліп-ақ келеді. Алайда, қазақ қаламгерлері арасында мұндай кеселдің себеп-салдары, қасіреті туралы сүбелі көркем шығарма жазғандарды өз басым білген емеспін. Бұл жөнінде қазақ қаламгерлері жазған арнайы спектакльдер де, фильмдер де жоқ. Сондан болса керек, бұл мәселе Ерсін Қойбағарұлын толғандырса керек. Осы кітапқа «Бала мен қайыршы» деген пьесасы да енгізіліпті. Оны автор «Екі бөлімді сазды, мұңлы элегия» деп атапты. Бұл пьеса әсіресе, балалар мен жасөспірімдер театрларының сахнасына сұранып-ақ тұр деуге болады. Былай дейтінім, бұл күндері көшеде қайыр сұрап, қоқыстарды ақтарып жүрген қайыршыларды жиі ұшырастырамыз ғой. Олар қалай қайыршы болды, қалай қанғыбас, маскүнем болды? Жастарды осындай күйге ұшыраудан қалай сақтандыру керек? Міне, автор осындай сауалға жауап іздеп осы шығарманы жазған болса керек. Пьесаның басында көшеде тұрмысы төзгісіз отбасылар балаларының ақша тауып жүргені, олардың қайыршы, маскүнем адамды кезіктіргені, балалардың онымен бірге тамақтанып ажуалағаны көз алдынан тізбектеліп өтіп жатқандай әсерге бөлейтіндей шебер жазылыпты. Шора деген баланың анасы осы қайыршыға ақша беретіні, оған жаны ашитыны қысқа диалогтар арқылы әсерлі баяндалып, сахнада спектакль көріп отырғандай олардың түр-түсі, қимыл-әрекеттері көз алдыға елестейді. Пьесада өлеңдер оқылып, әндер жиі шырқалады. Шығарманың әсерлісі, яғни шарықтау шегі қайыр тілеп жүрген маскүнем жігіттің Шора деген баланың әкесі, яғни анасы Марияның ғашық болып қосылған қосағы болып шыққанын баяндаған тұсы. Автор әсіресе балаларға, жасөспірімдерге күшті әсер беретіндей шешім таба білген. Қаңғыбас, маскүнем болып, есінен ауысып кетудің себебін автор, әсіресе, балалар жете ұғынсың дегендей ұзақ диалог арқылы былай баяндайды:
«Шора: Неге ол қайыршы болып кетті, мама?
Мария: Е-е. Ұлым қайыршының оқуы бар дейсің бе? Күнде арақ іше берсе, қандай бір жақсы адам болса да азғындап анадай күйге түспегенде несі қалады. Қандай да бір саз аспабы қолына тиген заматта-ақ құдды бір жан біткендей сайрай жөнелетін. Қалжыңқой, келбеті келіскен сұлу жігіт еді әкең. Әсіресе әзілдегенде, күлген сәттерінде аса ажарлана түсетін. Бір көрген кісінің іші-бауырына кіріп, лезде онымен әмпей-жәмпей болып араласып-құраласып кететін әдеті бар. Қарапайым, кішіпейіл, жұртқа жұғымды, біреу бірдеме сұраса «жоқ болмайды» дей алмайтын, барша адамның жүрегіне жол табуға, ойынан шығуға тырысатын. Аса ақкөңіл жан еді. Тіпті, мына біздің шағын қаламызда ол танымайтын бірде-бір адам жоқ сияқты көрінетін. Сондықтан да шығар, достары да, бізді той-томалаққа шақырушылар да тіптен көп еді.
«Жастардың гүлі», «Жігіттің сұлтаны» деп қолтығына су бүркіп, қолпаштаған сайын бар өнерін төгетін Сымбат. Оның атына айтылған әрбір мадақты естіген сайын менің төбем көкке жеткендей болатын. Ақымақ басым-ай, сол кезде шектен тыс ақкөңілділік те ақымақтық екенін ақыры немен тынатынын білсемші.
Тиіп-қашып өлең де жазатын, ән де шығаратын әкең. Болашақта ұлы сазгер болуды армандайтын. Сені босанған соң мен үйден шыға алмай қалдым.
Сол жылдары Сымбат тым көп ішіп кетті. Одан бері де өлесі мас болып келіп, отбасының шырқын бұзып, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, маған жұдырық жұмсауды, кей-кезде таяққа жығып тастауды әдетке айналдырды. Қояр, тәубесіне келер деп бір-екі жыл шыдап бақтым. Қоймады. Ішуді де, жанжалды да одан сайын үдете түсті. Ақыры ажырасып тындық. Сонда да жиі келіп, тыныштығымды бұзып жүруші еді. Күндердің күнінде үшті-күйлі жоғалды. Біреулермен қосылып ұрлық жасап, сотталып кетіпті деп естідім ұзынқұлақтан. Содан осы соңғы бір-екі жылда қайтадан пайда болды. Алғаш көргенде зәрем қалмады. әбден жүрегім шайлыққан екен. Өлтіріп кете ме деп қорықтым. Тым өзгерген. Баласы бар екенін, ұмытқан. Менің атымды да бірде-бір рет атаған емес. Көрген заматта баяғыдағы ескі танысын жолықтырғандай, қасыма жетіп келуді, қайыр сұрауды ғана біледі.
Шора: Ән шығарды дедіңіз бе?
Мария: Иә. Екеуміз бір-бірімізге ғашық кезімізде, тіпті қосылып, ән шырқайтынбыз. Үй-жай болған алғашқы жылдарымызда да ол маған арнап өлеңдер жазды, әндер шығарды».
Егерде бұл диалог сахнада оқылатын болса, оның көрермендерге әсері күшті болатыны сөзсіз. Бұл күнде мұндай оқиғалар өмірде жиі ұшырасатынын қаламгер дөп басып, айта білуімен бұл шығарма сәтті туындаған деуге болады. Ал «Фрейдтің түсі» деген әңгімесінде түс жорудың құпиясы, студенттер өмірі кеңінен тартымды әңгімеленгенде автор қазіргі қазақ қоғамына зардабын тигізіп отырған тағы бір мәселені нақты қозғапты. Мұнда қазақша білмейтін қазақтар мен қазақша тәрбиеленген студент жігіттің пікірталасы да оқырманды бей-жай қалдырмайтыны анық.
Мұндағы әрбір әңгімені жеке-жеке талдап, оның оқырманға қандай пайда беретінін айтуға болар еді. Түйіндеп айтсақ, жалпы кітаптағы қай шығарманы оқысаңыз да тың дүниеге кезіккендей боласың. Автордың қаламгерлік шеберлігіне, ғылым-білімнен хабары мол білімдарлығына, азаматтық өресінің биіктігіне сүйінесің.