Махаббатты жырлауға мен қорқамын
жеке
блог
блог
Махаббатпен атса екен деп әр таңым,
Аңсаушы едім, қазір мұңын тартамын.
Дәрменсіз боп қалғаны үшін ғашықтар
Махаббатты жырлауға мен қорқамын.
Сезімдері сарқылғанға қайғырам,
Күрсінемін көңіл көріп айныған.
Жұбатқан соң жабырқаулы жандарды,
Махаббатты жырлауға мен қаймығам.
Бағында еш бақыт гүлі өспеген,
Пенделікпен бірін-бірі кешпеген.
Куә болған сол сүйкімсіз сырларға,
Махаббатты жырлауға мен сескенем.
Шығып қалған шыншыл сезім қатардан,
Сырт көзге «сай екен» деп аталған.
Сәйкессіздік көріп екі рухтан,
Махаббатты жырлауға мен бата алман.
Таусылмаймын, үлкен сенім артамын,
Жырмен сулап сезімімнің сортаңын.
Жұбатамын, өзімді-өзім, әйтсе де
Махаббатты жырлауға мен қорқамын.
(11.03.2006)