Жігіт-қыздың арасындағы шынайы махаббат сезімі туралы қазақ эпос жырларын, үнді киноларын, 1001 ертегілерін және дүниежүзілік ақын-жазушылардың шығармаларын оқып-көріп өстік. Қазірдің өзінде махаббат сезімін шынайы жеткізе білетін киноларды көріп отырып, қатты әсерленіп, көзіме жас алатын сәттерім де болады. Олардың уақиғасы емес, сезімнің тереңдігі мен тазалығы әсер етеді. Ол менің әлі де тірі жан екенімнің бір бұлтартпас белгісі шығар. Ал жастық шақта махаббат туралы толғануымыз да табиғи еді. Әркім-ақ өз жұбын жазбай тапқысы, әлемдегі ең күшті де адал махаббатты сезінгісі келеді.
***
Мен бірақ... шын махаббаттан қорықтым. Жастайымнан ойшылдау болғаннан ба, сол кездерде-ақ бұл туралы оқыған-тоқығанымды қорытындылап, "махаббаттың алаулап тұрған от екенін, күйдіріп-жандырып жіберуі мүмкін екенін" түйсіндім. Өз жеке басымның сондай махаббатқа іштей дайын да екенін сездім. Өзімнен қорықтым. Жас болсам да ақыл тоқтатып, "шын махаббат - ауру" деп шештім. Онымен аурудан қорықтым.
***
Әрине, мен де махаббат, достық және ата-ана мен бала, іскерлік сияқты адамшылық қарым-қатынастардың адал да шынайы болғанын қалаймын. Бірақ жігіт-қыз арасындағы махаббаттың орны тіптен бөлек деп таптым. Мүмкін "шын" емес, "алапат күшті", "алапат қуатты" дегенім дұрыс шығар, білмедім. Олай десең, "әлсіз махаббат" дегеннің өзі жоқ нәрсе?!.
***
Меніңше, шын махаббат - өрт. Тілсіз жау. Оның шарпуына шалдыққан қыз-жігітті заматта ақыл-есінен айырып,
есалаң етіп қояды. Оларда енді тіл-сөз жоқ, көз-құлақ жоқ. Қайда жүрсе де қос ғашық бір оттың алауында, бір-бірін жүрекпен түйсініп, жүрек тылсымымен ғана тілдеседі, ұғынысады. Мына қым-қуыт дүниеңді бір-ақ сәтте тәрк етіп, тек өздеріне ғана берілген тылсым да сиқырлы сезімнің құшағына еніп кете барады. Құдай бойына өмір-тірішілікке деп силаған қызу қаны тек махаббат деп, тек бір-біріне деген ынтызарлықпен қайнайды, тұлабойларын күйдіріп-жандырып барады. Қос ғашықтың бірегейлігі, жекедаралығы жоғалады, адам мен адамның Алла бөліп қойған шекарасы аяусыз алауда жанып түседі. Сондықтан да, шын махаббат пендешілікке көзсіз, оған ғашықтардың ақыл-есі де, мәдениет-білімі де, бай-кедейлігі де, сау-жарымжандығы да ешбір кедергі бола алмасы анық. Шын махаббат - көзсіз махаббат. Шын махаббат - көзсіз батырлық. Өзіңді өзің оққа тосу, отқа тастау. Осы сөздерді жазып отырып-ақ көңілім босап, "шын сүйгендер қосылмайды" деген сөз еске түсіп, жүрегі құрғыр сыр беріп тұр.
***
Табиғат апаты сияқты махаббат та сұрап келмейді әрине. Бірақ оған әркім-ақ дайын бола бермейді. Махаббатқа да қабілет, талант-дарын қажет. Айрықша сезімтал, айрықша жанкешті, батыл жүрек керек. Көзбен көз түйіскенде алапат махаббат алауы іштен лап беруі тиіс. Оған орасан ішкі рух, энергия, қуат жұмсалуы тиіс. Жүрек мұхиттай толқындап тасуы тиіс. Өмірден безуі тиіс. Мұндайға дайын пенденің өзін Алла айрықша және сирек жаратса керек-ті. Әйтпесе бәріміз әлдеқашан махаббат алауында жанып кетпес пе едік...
***
Мен неге қорықтым?.. Мен өмірді сүйдім! Өмір бәрінен де үстін! Өмірге деген махаббат бәрінен де күшті, бәрінен де алапат болуы табиғи. Қыз-жігіттің махаббаты соның бір бөлшегі ғана. Адам мен адам бір-бірін өмір таразысы арқылы сүюі тиіс. Бір-бірін өмірмен қоса, өмірдің ішінде сүюі табиғи. Олай болса, махаббат ессіз де, көзсіз де болмауы қажет. Қыз-жігіт бір-бірін ес жоғалта емес, қайта ақылмен, өмірдегі қабілет-қасиетімен, артық-кемімен бірге сүюі тиіс. Періште болып ұшып кету үшін емес, адам болып бірге өмір сүру үшін махаббат тұғыр болуы тиіс. Берік тұғыр.
***
Сүйгендердің бірінің тұлғасы екіншісін жұтып жібермеуі керек, қайта бір-бірінің тұлғасын даралатып, бұрынғыдан да жарқылдатып, аша түсуі тиіс. Екі адамның сүйіспеншілігінің астарында жалпы адамзатына деген махаббат пен құрмет тасқындап тұруы тиіс. Тиіс, тиіс, тиіс... Ия, тиіс болатын нәрсе көп. Өте көп.
***
Бұл - Жер бетіндегі махаббат. Шын махаббат - аспандағы. Мен осылай ажыраттым. Жастарға осы екеуінің аражігін ажыратып алыңдар деген кеңес берер едім. "Сүйдім-күйдім", "күйдім-жандым", "буынып-асылып" дегеннің бәрі осыны түсінбеушіліктен екенін, жасанды сезімнен, әртістік екенін ескерткім келді.
***
Жер бетіндегі тірішілік иесіне тән шынайы махаббатқа жолығыңдар, бір-біріңнің өміріңді, пендешілігіңді құрмет тұтып, өмір отын алаулатыңдар, айналайындарым менің. Өмір мұхитында қос аққудай жұптарыңмен жүзіңдер!